Home » Мақалалар » Оқушылармен топтық жұмысты ұйымдастыру

Оқушылармен топтық жұмысты ұйымдастыру

Маханбетова Нагима Ахметовна
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«Смағұл Сәдуақасов атындағы
№ 78 мектеп-гимназия» КММ
бастауыш сынып мұғалімі

Білім болашақ тізгініне төтеп бере алатын қоғамның ең тиімді құралы.

Қазіргі таңда оқыту өз бетінше оқуына бағытталғандықтан, олардың таным белсенділігін көтеру маңызды деп есептеймін. Сондықтан мұғалім оқушылардың білімді іздену, пікірталас, проблемалық жағдайларды шешу, жоба құрастыру арқылы өз беттерінше ұйымдастыра білуді қажет етеді.

Жеке тұлғаның ақыл-ой қабілетінің көзін ашу және үздіксіз дамып-жіктелуінде оқушының орны ерекше, пәнді оқу барысында шығармашылыққа бет бұрған логикалық ой өрісінің кең техникада, экономика мен басқаруда жаңа жолдар мен әдістерді таба білетін жаңашыл оқушы қалыптасуы керек.

Іздесең – табасың, талаптансаң – жетесің, зейін салсаң – ұғасың дегендей бәсекеге қабілетті, сауатты да білімді ұрпақ тәрбиелеу.

Білім беру үдерісіне енген жаңартылған бағдарлама болашақ ұрпақтың терең білім алуын, ізденісін, креативті ойлауын дамытатын  жаңа реформа  болды. Осыған сәйкес оқытудың мазмұны мен мәні, қызметі және қағидалары  өзгерді. Білім беру индустриясында жаңаша көзқарас пайда болды. Білім беру мазмұнының өзгеруі бүгінгі мұғалімге жаңа талаптар жүктейді.

Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі мақсаты оқытудың нәтижеге бағдарлануы, оқушының жеке тұлғасына бағытталуы, ал оқыту әдістерінің  оқушының қажеттіліктеріне бейімделуі болып табылады. Демек, оқушы білімді дайын күйінде мұғалімнен алмай, өзінің білімі мен дағдысына сүйене отырып,  жаңалық ашуы, шығармашылық тапсырманы орындау кезінде әртүрлі зерттеулер жүргізуі тиіс. Нәтижесінде оқушының зерттеушілік мәдениеті, шығармашылық дағдысы қалыптасуы керек. Осы өлшемдер білім беру процесінің негізгі ұстанымы болып табылады.

Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мектептің алдында бала тұлғасын жан-жақты дамыту, баланы жоғары сапалы деңгейде тәрбиелеу міндеттерін  қояды.  Сонымен қатар жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушының мүмкіндігін ашу.

Осы деңгейлерді жоғарылатудың бір түрі ретінде мектеп тәжірибесіндегі топтық, ұжымдық оқыту түрлеріне кеңінен тоқталуға болады. Көптеген әдіскерлердің еңбектерінде оқу сабақтарын ұйымдастыруды жетілдірудің қажеттігі айтылған. Әрине, мектеп оқушыларының білімдерін бір жүйеге түсіруде оқу сабақтарының әртүрлі формаларын ұйымдастыру аса қажет.

Соның бірі – топтық жұмыстар. Топтық жұмыс дидактикалық принципті жүзеге асырудың маңызды элементі болып табылады.

Қазіргі кезде көптеген елдердің білім беру бағдарламаларына оқытудың жаңа әдістері қосылуда. Солардың бірі балалардың өз бетімен істейтін топтық жұмысы болып табылады. Топ – мақсаты бір, бір-бірімен тең құқықты, сыйлы, сыйласымды қарым-қатынас жасаушы адамдардың бірлестігі.

Педагог-ғалым В.Сластенин «топ – бұл ортақ мақсатқа жету үшін құрылған адамдар тобы.  «Топтық жұмыс» термині — өзара іс-әрекет жасалып, соңғы нәтижеге немесе мақсатқа жетуге бағытталған іс-әрекеттің құрылымы — деп тұжырымдаған болатын.

Топтық жұмыстар туралы көптеген зерттеулер жүргізілді.  Психологтардың пайымдауынша, топтық жұмыстар тұлғаның коммуникациялық қатынасқа түсуіне әрекет ететін педагогикалық процестің компоненті, онда субъект-субъектілік даму жүзеге асады. Ал педагогтардың тұжырымдамасы бойынша, мақсатқа бағытталған оқушылар мен педагогтың арасындағы бірлескен іс-әрекет.

Осы тұста оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді.

Теорияларды тұжырымдайтын болсақ, топтық жұмыс – мұғалімдер оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын оятатын жаңа әдістердің бірі болып табылады. Сыныпта топтық жұмысты қолдану арқылы мұғалімдер оқушылардың білім алу сапасына үлкен ықпал ете алады. Ынтымақтастық әрекет арқылы оқушылардың қызығушылығы мен қарым-қатынастары дамиды.

Топтық жұмысты мұғалім екі түрде ұйымдастырады.  Бірыңғай топтық жұмыс және сараланған топтық жұмыс. Бірыңғай топтық жұмыс барысында барлық топ бірдей тапсырма орындайды, ал сараланған топтық жұмыс барысында берілген тақырып шеңберінде әртүрлі тапсырмалар орындайды. Сараланған топтық жұмыстар көбінесе жаратылыстану бағытындағы пәндерде өткізіледі. Бастауыш сыныпта сараланған топтық жұмысын «Дүниетану» сабағында өткізуге болады.

Осылайша, топтық жұмыс барлық оқушыларды сабақта белсенді жұмыс жасуға қолайлы жағдай жасайды. Топта жұмысты ұйымдастыру кезінде әр оқушы өз пікірін айтады, ойлайды. Топтарда даулы пікірлер туындайды, әртүрлі шешімдер талқыланады. Топтық жұмыс формасы жаппай оқыту жағдайында жеке көзқарасты жүзеге асыруға, балалардың жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтау үшін өзара әрекеттесуді ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні өте маңызды.

Топтық жұмыс әдісі баланың мектептегі алғашқы күндерінен бастап енгізілген. Бұл дүниетану, математика  тағы басқа пәндер болуы мүмкін. Онда алғашқы кезеңдерде балаларға зерттелетін материалды талдау мен синтездеудің күрделі міндеттері қойылмайды.

Мысал үшін сабақ қоршаған ортаны қамқорлыққа алу туралы болса,  мұғалім балалардан шағын топтарға бөлінуін және берілген уақыт көлемінде екі тізім жасауын сұрайды. Бірінші тізімде олар табиғатқа зиян келтіретін біздің әрекеттерімізді ұжымдық түрде жазады, екіншісіне оны сақтауға және сауықтыруға бағытталған әрекеттерді ұсынады. Әр топтағы оқушылардың ішінен біреуі жазылғанды сыныптың алдында оқиды. Тізімдерді талқылауға және қорытынды жасауға болады.

«Дүниетану» пәнін өткізу кезінде оқушыларды топтық жұмыстарға тартуға тырыстым. Топтасу барысында әр оқушы қамтылды. Сабақ барысында тапсырмаларды өздері талдап, бір шешімге келіп, бір-бірін тыңдап, әрқайсысының пікірі құнды екенін білді. Сабақта берілген тапсырмаларды топ ішінде талқылау барысында оқушы өз білгенін өзгеге түсіндіре отырып, ойларын толықтыруы, жинақтауы айқын байқалып отырады. Топтық жұмыста бәрі қызу жұмыста, біреуі сурет  салса, біреуі өз ойын салуда болады. Жаңа әдісті қолданып ұсынған тапсырмаларда оқушылар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап, өздеріне ұсынылған тапсырманы орындау жолдарын іздеу барысында топпен шешіп, бір-бірінің көмегіне жүгінеді.

Топтық жұмысты ұйымдастыру барысында мына мәселелер қарастырылады: проблеманы таңдау, оны бірігіп талқылау, шешімін табу т.б. Топты ұйымдастыру барысында мұғалім әртүрлі әдістерді қолданады. Атап айтсақ,  «Миға шабуыл» әдісін қолдану арқылы оқушыларды топқа бөліп, проблемалы сұрақтар таратады, соны топ болып шешімін іздестіреді.

«Дүниетану» пәнінде топтық жұмыстарды  қолдану арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымын дамытуға болады. Себебі, Дүниетану интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады.

Бастауыш сынып оқушыларымен «Дүниетану» сабағында топ-серуендер ұйымдастыру мүмкіндіктері алуан түрлі болып келеді. «Суды қорғау», «Ауыл байлығы», «Ауаның ластануы», «Жер-ғарыш денесі» т.б тақырыптар мысал бола алады.  Топ-серуен түрлері:

1) Табиғаттың ерекшеліктерін бақылау, зерттеу, дем алу;

2) Топ серуеннің нәтижесінен ерекше ләззат алу;

3) Мерекелік күндерде топ-серуен ұйымдастыру;

4) Ауылдың  көрікті жерлерін аралау.

Математика сабағында оқушыларды топқа бөліп, әртүрлі тапсырмалар беру арқылы қызығушылықтарын оятуға болады. Жаңа сабақты түсіндіру барысында өтілетін тақырыпты «Джигсо» әдісін қолдану арқылы математика сабағында әр оқушыға тапсырма беріледі де, уақыт белгенеді. Содан соң уақыт өткен соң, сарапшы топта талқылайды және постер жасап қорғайды. Топтық жұмыс барысында оқушыларға рөлдер бөлініп беріледі. Таймкипер, хатшы, төраға, баяндамашы, суретші т.б. Б. Блум таксономиясы бойынша білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау кезеңдеріне байланысты  тапсырмалар ұсынуға болады.

«Кластер» сияқты белсенді әдістерді сабақ үрдісінде топтық жұмысты ұйымдастыруда қолдануға болады. Ол, оқушылардың логикалық ойлау дағдысын дамытады.  Қазақ тілінде  үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін  қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге бөлінеді, дауысты және дауыссыз; н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат  болса жасыл түсті қағазды, жалған болса қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді. Топта оқушылар бір-бірімен жарысып, берілген тапсырманың мазмұнына сәйкес ақиқат және жалған екенін анықтайды.

Топтық жұмыс барысында  оқушылардың төмендегі дағдылары қалыптасады:

·      Коммуникациялық қарым-қатынас дағдысы;

·      Өзін-өзі дамыту дағдысы;

·      Мотивацияны жетілдіру дағдысы;

·      Басқаларды қолдау дағдысы;

·      Гуманистік бағыттылық дағдысы

Топтық жұмыс барысында оқушы алдымен жеке жұмыс жасайды. Бұнда өзімен өзі диалог құрады. Содан кейін жұппен, топта талқылайды. Осы іс-әрекет барысында оқушылар өз ойларын еркін айтады, қысылмайды. Оқушының өз бетінше оқып үйрену оның жеке талабын қанағаттандыруға және көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруге үлкен ықпал етеді.

Педагог К.Ушинский: «оқытушының ең маңызды міндетінің бірі – оқыту жұмысын балаға қызықты қылу» -деп тұжырымдаған. Топтық жұмыс осы талапқа толық мәтінде жауап береді.

Сабақ барысында мұғалім оқушылардың белсенді танымдық іс-әрекеттерің қамтамасыз ету керек, оны ұйымдастырудың әртүрлі формасын қолдану қажет. Соның ішінде топтық жұмысты ерекше атап айтуға болады. Оқушыларды топқа бөлу арқылы оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақсартып, өзіндік пікірі, айтатын ойы қалыптасады. Өз ойын басқалар пікірімен слыстыру арқылы жеткізеді. Ең басты тиімділігі оқушыларды ынтымақтастыққа тәрбиелейді. Сол себептен де топқа бөлу әдісі көп қолданылатын, оқушылардың қызығушылығын тудырып, оқушыларға ұнайтын әдістің бірі.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Ильясова Д.С., М.К.Тасбулатова., Т.А.Оспанова. Бірінші сыныпта оқу үдерісін ұйымдастыру туралы әдістемелік ұсыныстар. А., 2017
  2. Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқу әдістемесін мектепте қолдану»   А., 2018
  3. Кобдикова Ж.У. Деңгейлеп саралап оқыту педагогикалық технологиясы -А., 2006.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.