Тулегенова Назира Торжановна
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«Смағұл Сәдуақасов атындағы
№ 78 мектеп-гимназия» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген. Бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға мүмкіндік береді.
ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту мақсатымен аттауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлынғыр болмайды дегендей, жас ұрпаққа саналы, мән-мағыналы, өнегелі оқу мен білім беру бүгінгі күннің талабы.
Бастауыш мектепте оқыту процесінде дидактикалық ойындар әрі оқу, әрі ойын қызметін қатар атқарумен ерекше орын алады. Ойын – балалар әрекетінің бір түрі. Оқушыларды оқыту және сөйлету мақсатындағы қарым-қатынастың әдісі мен құралы. Ойын әрекеті естің, ойлау мен қиялға, барлық таным процесіне әсерін тигізеді.
Н.К.Крупская «Қандай ойын болмасын баланы бір нәрсеге үйретеді. Ең бастысы, баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақты болуға үйретеді» — дейді.
Ойын балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездесетін қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады дегенді айтуда ғалымдар
Бастауыш мектеп оқушының физиологиялық, әлеуметтік, психологиялық, мәдени дамуының іргетасы болып табылады. Педагогикалық практика көрсетіп отырғандай, осы кезеңде баланың танымдық мүмкіндіктері жүзеге аса бастайды. Танымдық мүмкіндіктерін дамытудың бір жолы, дидактикалық ойындар болып табылады. Баланың физиологиялық дамуы өте күрделі процесс. Осы даму барысында бала қоршаған ортада, табиғатта болатын әртүрлі құбылыстарға деген қызығушылығын танымдық ойындар арқылы жеткізеді. Жануарлар, заттар туралы көптеген мәліметтер жинақтайды. Осындай ойындар баланың іс-әрекетін дамытады. Есте сақтау, ынталану, қиялдану сияқты психологиялық танымы қалыптасады. Бұл табиғи фактор болып табылады.
Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның міндеті баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру. Дидактикалық ойындар оқушылардың белгілі бір ғылым саласынан білімін, іскерлік пен дағдысын дамытып қана қоймайды, сонымен қатар танымдық қабілеттерін де жетілдіреді. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларына сабақты, тақырыпты меңгеруіне ықпал етеді. Себебі, педагогикалық процесс баланың жан-жақты дамуына көмектеседі.
Дидактикалық ойындар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттері, логикалық ойлауы, түрлі көркем шығармаларды пайдалана отырып, ізгілік, адамгершілік қасиеттері қалыптасады.
Дидактикалық ойындар арқылы оқушылар қоршаған ортадағы заттармен танысып, қасиеті мен сапасын ажыратуға, әртүрлі құбылыстардың ерекшеліктерін білуге талпыныс жасайды, өзіне қажетті көптеген мәліметтер жинайды және олардың сөздік қорлары кеңейеді.
Сонымен қатар мұндай ойындар пәндердің мазмұнына сәйкес қолданылады. Мысалы математика сабағында дидактикалық ойынды қолдану бастауыш сынып оқушыларының осы пәнге деген қызығушылығын арттырады, белсенділік танытып, бағдарламалық материалды қажетті деңгейде меңгеруіне ықпал етеді. Сабақтың әр кезеңінде қолдануға болады.
Дидактикалық ойындар мазмұны мен сипаты бойынша бірнеше түрге бөлінеді:
- Заттық дидактикалық ойындар. Бұл ойын әртүрлі ойыншықтармен және ойын материалдарымен ұйымдастырылады.
- Үстел үсті ойындары: Лото, домино, қарлы кесек т.б.
- Сөздік дидактикалық ойындар, яғни ауызша ойналатын ойындар
Дидактикалық ойындардың бірі — «Математикалық лото» ойыны. Бұл ойынның шарты бойынша, сынып оқушылары үш топқа бөлінеді. Әр топқа құрастырмалы лото карточкалары таратылады. Әр топ дұрыс жауаптарын тауып, лото құрастыру барысында математикалық дәлелдеулерді табады, ойлайды, талдайды, қорытады. Математикалық лото ойыны оқушылардың іздену мүмкіндігі мен пәнге деген мотивациясын оятады.
Дидактикалық ойындар оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, олардың ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөздік қорын молайтуға көмектеседі, сабақта дидактикалық ойындарды пайдалану мектеп оқушыларын сол пәнге деген белсенділігін арттырады, бағдарламалық материалдарды қажет деңгейде меңгеруге барынша ықпал етеді. Оқушылар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық қасиеттері байқалады. Сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психологикалық қасиеттері дамиды. Ойындар сабақтың тиімділігін, сапасын арттырумен бірге оқушының оқу белсенділігін, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытады.
Дидактикалық ойындар сабақ мақсатына қарай мынадай түрлерге бөлінеді:
- тапқырлық ойындар;
- ізденімдік ойындар;
- рөлдік ойындар;
- іскерлік ойындар.
- сөздік дидактикалық ойындар
- драмалық ойындар
- шығармашылық ойындар
- әдеби музыкалық ойындар
Рөлдік ойындар – оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға, олардың жаңашыл ойлар мен тұжырымдар жасауға арналған ойын түрі. Бұл ойын ертегіні рөлдерге бөлу, диалог құрастыру арқылы жүзеге асады. Диалог құрастыру арқылы оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастырады.
Оқушылардың логикалық ойлауын қалыптастыратын әрбір тапсырмада берілген жауаптардың арасынан дұрыс жауапты табуды қажет ететін тапқырлық ойындардың маңызы зор. Математика сабағында көбейту кестесін жаттату мақсатында «санның көбейтіндісі» ойынын ойнаса болады. «Санның үшке көбейтіндісін кім тез табады?» — деп, мұғалім сандарды айтады. Оқушылар оның үшке көбейтіндісін айтып отырады
Дидактикалық ойындар оқушыларды материалдарға қызықтыруымен қатар алған білімдерін бекіту, тереңдету үшін де тиімді. Өйткені, дидактикалық ойындар оқушылардың танымын кеңейтіп, оның ойлау қабілетін ізденімпаздығын еңбекқорлығын жетілдіруге, олардың жеке тұлғалық қабілеттерін тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Ойынның да өзіне тән мотивтері болады. Мысалы, мазмұндық, рөлдік ойындар баланың зейінін, есін, ойлауын, қиялын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Мысалы, 2-сыныпта «Тұқым және жеміс» деген тақырыпты өту барысында оқушыларға алдын ала тапсырмалар беріп, оны өздеріне бақылатуға болады. Оларға тапсырмалар беру арқылы эксперимент жасауға үйретуге болады.
- Үйде кез-келген өсімдіктер тұқымын алыңдар;
- Олардың қандай өсімдіктердің тұқымы екендігін байқаңдар;
- Қандай жеміс беретінін анықтап, дәптерге суретін салыңдар.
Осындай тапсырмаларды оқушылар өздігінен орындай алады. Өздеріне жүктелген нысаналарды бақылайды, табиғатты, ондағы болатын құбылыстардың ерекшеліктерін бақылау арқылы дүниетанымы мен көзқарастары қалыптасады. Қысқа мерзім ішінде орындалатын бақылаулар көбінесе жеке тақырыптардың мазмұнына байланысты ұйымдастырылады. Оқушылар аз уақыттың ішінде жүргізген бақылауларының нәтижесінде тақырыптың мазмұнын саналы түрде меңгереді. Дүниетану пәнінде іскерлік ойындарды қолдануға болады. Венн диаграммасы арқылы өсімдіктердің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін ажыратуға үйренеді. «Кім жылдам», «Жылдам, ойлан», «Бағдаршам» сияқты ойындар оқушының жылдамдағын, ептілігін, белсенділігін дамытады.
«Домино» ойынын математика және қазақ тілі пәндерінде ойнатылады. Екі оқушыға үлестірме қағаздар таратылып беріледі. Қазақ тілі сабағында екеуі кезектесіп тіркестер құрайды. Мәселен, бір оқушы «үйге» сөзін қойса, екінші оқушы «бару» сөзін тауып тіркестіріп қояды.
Келесі «Аукцион» ойыны. Сандар құрамына негізделген есептеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында ойнатылатын бұл ойын оқушылардың іскерлік қабілеттерін дамытады. Тақта алдына аукционға түсетін заттар қойылады. Сынып ішінен аукцион жүгізуші және сарапшылар белгіленеді. Теңге үлгілері 10-100 көлемінде алдын-ала оқушыларда болуы керек. Сатып алушылар қоян деп көрсетсе, аукционшы бағасын белгілейді: 10 теңге — деп хабарлайды. Сарапшылар 10 теңгеге сатып алушылар санын анықтайды. Оқушы өз қолындағы ақшасын есептеп, керекті затын сатып алуға тырысады.
Дидактикалық ойындар тәрбиелеудің аса маңызды құралының бірі болғандықтан, ол балалар меңгерген дағдыларды бекіту немесе үйрету үшін ғана емес, сол алған білімдерін іс-әрекетте пайдалана білуге, жұмыс барысындағы икемділік дағдыларымен қарулануға, ақыл-ойының дамуына, танымдық белсенділігінің арттыруына, өз бетінше әрекет етуіне жәрдемдеседі. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады.
«Кім жылдам» ойыны көрші оқушымен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Барлық оқушы бірдей карточка әзірлейді және әрбір қатарға бір нүктеден қойып шығады. Көршілес оқушылар карточкаларын алмастырады. Мұғалім нүктенің бойындағы сандармен бірдей бір амал орындауды тапсырады. 2-3 минуттан соң оқушылар карточкаларын қайтып беріп, нәтижелерін өзара тексертеді, бағалайды. Тапсырмаларды тексерген соң мұғалім жинақтап алып, қорытындылайды.
Қорыта айтқанда сабақты қызықты, тартымды өткізу үшін дидактикалық ойындарды дұрыс ұйымдастыру керек. Ойынға керекті құралдар әр оқушыға жеткілікті болу керек, сонда ғана оқушыларға түсінікті болады.
Ойын баланың сабақта алған білімін тиянақтауға негіз болады. Себебі ойын мен еңбек сияқты баланың іс-әрекетінің бір түрі. Ойынның барысында баланың жеке қасиеттері қалыптасады. Дидактикалық ойындар сабақтың әсерлілігін арттырып, балалардың осы пәнге деген ынтасын, қызығушылығын арттырады, білімдерін тиянақтауға көмектеседі. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш-жігерін, сезімін білдіруге жол табады.
Пайдаланған әдебиеттер.
- Құрманалина Ш.Х., Сәрсенбаев С.Ш. Математикадан дидактикалық ойындар және қызықты тапсырмалар.
- Оразбекова М. Дидактикалық ойынардың маңызы //Бастауыш мектеп
2000, -47-54б.
- Наурызбаева Ә., Мұхамедқызы С. Математикадан дидактикалық ойындар мен қызықты тапсырмалар Алматы: Рауан, 2004. – 194б.