Еркебаева Айнұр Қуатбекқызы
Алматы қаласы
Д.А. Қонаев атындағы
колледжінің аға оқытушысы
Түйін. Мақалада адамды кепілге алудың қылмыстық-құқықтық аспектілері қарастырылады.
Құқықтық мемлекетті құру және қоғамдық өмірдің демократиялық бастамаларының дамуы жалпы адамзаттық басымдылықты болжайды, бәрінен бұрын, жеке адамның өмірі, денсаулығы, бостандығы, қадір-қасиеті, құқықтары және мүдделері.
Біздің еліміздің Конституциясының 1-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтары» [1]. Осыған байланысты, адам құқықтары мемлекет тарапынан сенімді қорғалуы тиіс. Сондықтан, қоғамда түбегейлі өзгерістер болғанда оның бірінші іс-әрекеті – адамның құқықтары, бәрінен бұрын оның өмірге және бостандыққа құқығын қорғайтын шешімдер қабылдауы кездейсоқ емес.
Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Бұл қағида Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабаның 2-тармағында тура көрсетілген [2]. Сондай-ақ Республика Конституциясында адамның жеке басына – өміріне, қадір-қасиетіне қол сұғылмауына кепілдіктер берілген.
Азаматтардың бостандықтары, қадір-қасиетін, ар-намысын қорғау әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылады, соның ішінде жеке адамның бостандығына қол сұғатын әрекеттерге қарсы күрес жүргізуде. Қылмыстық заңның маңызы ерекше. Осыған орай Қылмыстық кодекстің көптеген баптарында адам бостандығын қорғайтын заң нормалары бар.
Жеке адамның бостандығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың қатарына жататындығы тікелей көрсетілген. Бұл тұрғыдағы қылмыстық құқық бұзушылықтың топтық объектісі адам мен азаматтың бостандығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың тікелей объектісі нақты жәбірленушінің заң мен белгіленген бостандығын реттейтін қоғамдық қатынасы болып табылады.
- Конституциялық ережелердің бірі, адам мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады, ал оның құқықтарын, бостандықтарын және мүдделерін ешкім ала алмайды деп айтады, соған байланысты жеке адамның мүдделерін — өмірі мен денсаулығы қылмыстық-құқықтық қорғау қылмыстық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастардың арасынан маңызды орын ала отырып, қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің бірінші тарауымен реттеледі.
- Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды зерттеу, жекелеп алғанда, адамды кепілге алу жағдайларында зерттеліп отырған қылмыс контекстісінде қылмыстық-құқықтық қорғау объектісі болып қоғамдық қауіпсізідк таныла алатындығын көрсетті.
- Адамды кепілге алудың құрамы объективті жағы адамды кепіл ретінде құқыққа қарсы басып алуда немесе ұстап тұруда көрінеді және келесі белгілермен сипатталады: қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік).
- Адамды кепілге алудың құрамы формалды болып табылады, яғни берілген бап бойынша дәрежелеу үшін зиянды зардаптардың келуі міндетті емес.
- Адамды кепілге алу субъективті жағынан тікелей қасақаналық нысанындағы кінәмен, және мемлекетті, ұйымды немесе азаматты кепілді босату шарты ретінде қандай да бір іс-әрекет жасауға немесе қандай да бір іс-әрекет жасаудан ұстануға мәжбүр ету мақсатымен сипатталады [3].
Қылмыстық заңға ұсынылған нақтылауларды, толықтыруларды және өзгертулерді енгізу қоғамдық қауіпсіздікті, жеке адамды, қоғамды және мемлекетті қорғау бойынша қылмыстық-құқықтық нормалардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Адамды кепілге алған үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық-құқықтық норманы жетілдіру проблемасы әрі қарайғы өңдеуді талап ететіні сөзсіз .
Адам – қоғамның негізі. Адам болмаса, адамның құқықтары мен бостандықтары қадірленбесе, аяққа тапталса, онда қоғам өмір сүрмейді немесе оны адамзат қоғамы деп атау мүмкін болмайды. Жеке адам қоғамда өмір сүргендіктен және ең бастысы оған «адам» деп ат қойғандықтан, қоғамның ережелерін сақтауы тиіс және «адам» деген атқа лайықты болуы тиіс. Адам қоғамның және болашақтың негізі болғандықтан, адамның өмірі мен денсаулығы бірінші орынға қойылады. Адамзат әлі идеалды дәрежеге жетпегендіктен оның әрекеттерінде қателіктер кездеседі.
Олар қоғамға қауіпті әрекет жасайды. Басқа адамдарды қылмыстық құқық бұзушылыққа итермелейді немесе өзі байқамай адамды қылмыскер етіп тәрбиелеуі мүмкін. Біздің міндетіміз бұған жол бермеу, құқық бұзушылықтың алдын алу, адамды өркениеті қоғамның баласы етіп тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жету үшін көптеген салалар өз үлестерін қосады. Соның ішіндегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық салаларды атап өтуге болады. Жеке адамдарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды зерттегенде ең алдымен олардың алдын алу, мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмау жолдарын қарастырған дұрыс. Ал, қылмыстық құқық бұзушылық жасалып қойса, оны қылмыстық заңдармен дұрыс саралап, әділ жаза тағайындау аса маңызды. Ол үшін жеке тұлғаларға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың қатарына қандай іс-әрекеттер жататындығын, олардың құрамын, белгілерін білуіміз қажет. Оларды басқа қоғамға қауіпті іс-әрекеттерден айырып дұрыс саралау керек. Осыларды толық зерттеп болғаннан кейін ғана олармен күресудің жолдарын, тиімді тәсілдерін және алдын алу шараларын ойластырып, қарастыруға болады. Менің мақалам міне осы мәселелерге арналған.
Қазақстан Республикасының Конституциясының ІІ-бөлімінде Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мемлекет арқылы қорғалады деп, осы мәселеге тікелей арналған. Конституциясының 1-бабында «Ең қымбат қазына — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп жарияланған. Осыған орай Қазақстан Республикасының барлық құқық салалары, оның ішінде қылмыстық құқықта адамды қорғауды өзінің міндеті деп санайды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 2-бабында адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау ең басты міндет ретінде көрініс тапқан[4].
Қазақстан Республикасының барлық заңдары жеке адамды қорғауға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға әр уақытта артықшылықтар береді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ерекше бөлімінің бірінші тарауы жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға арналған. Осы тарауға кіретін барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың топтық объектісі жеке адамның дұрыс іс-қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық: Оқулық. Алматы: Жеті жарғы, 1998 ж
- Закон РК от 26.06 1998 г. «О национальной безопасности» // Казахстанская правда. 1998. 30 июля.
- ҚР Қылмыстық кодексі, 2015 жыл.
- ҚР Конституциясы, 2005 жыл.