Бекбосынова Мейрамкул Кыдырбаевна
Қапшағай қаласы
«Орта мектеп-гимназия мектепке
дейінгі шағын орталығымен» МКМ
Дарынды оқушымен жұмыс жүйесінде мұғалім маңызды орын алады. Ұрпағымыз білімді, парасатты, бүкіл ғаламдық мәдени құндылықтарға ие болуы – біздің әртүрлі озық жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы әр оқушымен мазмұнды да мәнді жүргізген жұмыстарымызға байланысты. Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты – олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту, шығармашылықпен жұмыс жасауға жетелеу және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Дарынды оқушының бойында қандай қасиеттер болуы керек: ол оқушы өзі іздене алатын, тақырыпқа толықтай зерттеу жасау, талдау, қорытынды нәтижесі мен жеткен жетістіктерін нақтылай алуы керек.
Тек жақсы оқитын оқушыны дарынды оқушы деп ойламауымыз керек. Оның сабақ үлгерімі төмен болса да талпыныс жоғары, өлең шығара алуы немесе қолөнер шебері, мәнерлеп оқу, ән айту тағы сол сияқты баланың бойында осындай қасиеттер болса болғаны. Егер мұғалім осындай қасиеттің бір ұшқынын байқап әрі қарай талпындырып, қанаттандырса ол оқушының дарыны мен қабілеті ашылады.
Дарынды балалармен жұмыстың мақсаты инновациялық озық тәжірибесін тарату, дарынды балаларды анықтаудың, оқытудың және дамытудың жаңа әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық технологияларын енгізу, педагогтардың дарынды балалармен жұмысқа кәсіптік жеке дайындығын арттыру.
Дарынды балаларды бөлектеп оқыту — ХХ ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап Еуропа елдерінде айқын қоғамдық сипат алып, бірыңғай саралап білім беру принципі арқылы жүзеге асырылды. Дарынды балаларды іріктеу және бөлектеп оқыту, о баста интеллектуалдық, ақыл-ой жағынан ерекше дарынды балаларды ғана өз алдына оқыту бағытында жүргізіліп, кейін ол жаппай балаларды өз қабілетіне қарай топтап білім беру принципіне ауысты.
Дарынды балаларға білім беруді, әр ғылымның бүгінгі даму дәрежесіне сәйкес жүргізу, бір жағынан, қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан, ерекше дарынды балалардың өзіндік интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда, дарынды балалардың қабілеттерін жоғарғы деңгейде қанағаттандыратындай білім беру, көптеген өркениетті елдерде саралап оқыту принципінің негізінде одан әрі дамытылуда. Ол Франция, Америка, Германия, Англия, Жапония т.б. елдердің білім беру жүйесінде қазір жоғарғы деңгейде жүргізілуде.
Осындай табиғи сұраныстарға орай оқытудың әртүрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде. Мысалы: академик В.И.Монаховтың технологиясы, В.К.Дьяченконың ұжымдық оқыту әдісі, М.М.Жанпейсованың оқытудың модельді технологиясы және профессор Ж.А.Қараевтың білім беру жүйесін ақпараттандырумен қатар оқушылардың өскелең оқу тәрбие үрдісін түгелдей терең дараландырып жаңаша білім алуына, өздігінен іздену сезімін ояту, дарындылықпен талапқа жол ашуға бағытталған технологияларын атап көрсетуге болады. Қараев технологиясының құндылығы:
- 100% үлгерім;
- жоғары деңгейлі тапсырмаларды орындау арқылы дарынды баланы таңдауға мүмкіндік береді;
- оқушы «2» аламын деп қорықпайды, керісінше тапсырманың жауабына жоғарғы ұпай жинау арқылы ынтасы артады. Оқушыға 4 деңгейлі тапсырма беріледі;
- оқушы оқу материалын өзі меңгереді, ал ұстаз өз пәнінен жұмыс дәптерін жасайды;
- педагогикалық технология орта мектеп жүйесін ақпараттандыру принципін сақтай отыра жүргізіледі[2, 56] .
Педагогикалық технология мектептегі білім беру жүйесінің алдына келелі міндеттер қойып, оларды шешу үшін оқытудың мазмұны мен құралдарына әдіс-тәсілдеріне, ұйымдастыру түрлеріне өзгерістер енгізуді талап етеді.
Оқытудың мазмұнына енетін өзгерістер:
- оқу пәндерін интеграциялау;
- білім мазмұнын модельдеу;
- білімді ізгілендіру;
- білімнің өмірдегі қолданылуы
Оқыту мазмұнын жетілдірудің бір жолы ретінде көлемді тараулар мен тақырыптарды іріленген бөліктерге (модельдерге) біріктіріп оқыту жүзеге асырылып келеді [2, 86].
Көптеген мәліметтер бойынша дарынды балалар кемелденген, бейімделгіш өз еркімен жұмыс істей алатын болғанмен де көптеген педагогтар әлуметтік-эмоционалдық саланың даму бағдарламасын ұсынады. Бұл бағдарламалар коррекциялайтын, дамытушы, интегративті болып келеді. Коррекциялау бағдарламасы эмоционалдық және тәртіп жағынан қиындық көріп жүрген дарынды балаларға арналады. Дамытушы бағдарлама эмоционалдық жағдайдың жақсаруы үшін құрылған, онда рөльдік және сензититивті тренингтер, шағын топтардағы талдау пайдаланылады. Интегративті бағдарламалар эмоционалдық және танымдық компоненттерді біріктіреді. Оларды былай бөлуге болады: өмірлік мақсаттарды талдауға және самоактуализация проблемаларын зерттеуге бағытталған.
Оқушыны алдымен қабілетіне қарап сыныптан шартты түрде даралаймыз. Бұл даралауда құпиялық сақталады. Ол оқушының зерттеу объектісінде тұрған өзі және сыныптастары білмеуі керек, яғни, бақылау табиғи түрде жүргізілуі керек. Оның сыныпта тапсырмаларды орындаудағы белсенділігі, ұтқыр жауаптары, жаңа сабақтарды жылдам меңгеруі, үй тапсырмасын орындаудағы тиянақтылық, қайталау сұрақтарына мүдірмеуі, тағы сол сияқты есепке алынады. Зерттеу жүйелі жүргізуді талап етеді.
Байқау әдісі. Бала ерекшеліктеріне, жалпы әрекеттеріне бақылау жүргізіледі. Әдіс шарттары:
- Байқау ұзақ мерзім жүргізіледі.
- Мақсатқа жетуге айқын көрсеткіштер жинақтау, мысалы, есеп шығаруда неге мән береді.
- Бақылау құралдарының жеткілікті болуы және оның дер кезінде қағазға түсуі [3, 121].
Әңгімелесу. Мұнда алдын ала жоспарланған сұрақтармен қатар жанама сұрақтар рөлі ерекше. Әңгіме желісі үнемі проблеманы шешуге әкеп соқтырып отыруы керек.
Сондықтан, әрбір ұстаз үшін оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда мол білімділікті, ақылдылықты, дұрыс іскерліктермен дағдыларды қолдануды қажет етеді.
Қай мемлекеттің де негізгі тірегі – білімді де білікті, іскер де белсенді адамдар. Сондықтан қоғам талабына сай ол қоғамды көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі.
Дарынды балаларға білім беруді әр ғылымның бүгінгі даму дәрежесіне сәйкес жүргізу бір жағынан қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан ерекше дарынды балалардың тек өзінің интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.
Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын іс. Алайда әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы.
Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту -бүгінгі күннің басты талабы.
Дарынды оқушылармен жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің көкейінде мынадай сан қилы сұрақтар тұрары сөзсіз. «Дарындылық, данышпандық, қабілеттілік дегеніміз не?», «Дарындылықтың пайда болу негізінде қандай себеп жатыр: қоршаған орта ма, тұқымқуалаушылық па, әлде тәрбие ме?», «Оқушы дарындылығын, оның әлеуетті қабілетін қалай анықтауға болады?», «Дарындылықты анықтайтын психодиагностикалық әдістемелердің қайсысы нәтижелірек, қайсысы тиімдірек?», «Неліктен кейбір адамдардың/Паскаль, Моцарт, Гаус, Гете, Архимед, т.с.с./ қабілеті ерте жасында байқалады, ал тағы басқа біреулердікі /Ньютон, Гегель Дарвин, Менделеев, Декарт, т.с.с./ ересек жаста пайда болады?». Осы сұрақтарға талмай жауап іздеп және соны таба білген мұғалім ғана дарынды оқушылармен нәтижелі жұмыс жасай алмақ.
Оқушы дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы көбіне мұғалімнің кәсіби біліктілігіне және оның тұлғалық қасиетіне байланысты екені айдан анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- И.Б.Отческая Одаренность и ее формирование на современном этапе развития школы- Астана: «Дарын», 2006., — 147с
- Мұқанов М. Қабілеттілік және оны тәрбиелеу – Алматы: 1960 58 б
- Бурменский Г.В., Слуцкий В.М. Одаренные дети – М.: 2014.
- Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдердің оқушыларға ұлттық тәрбие беру әдістері. // Ұлт тағылымы, 2004, № 2. 16 б.
- «Дарын» ақпарат-әдістемелік жинағы, №3, 5. 2004. 24 б.