Home » Мақалалар » ҚАДІРЛІ ӘЛЕУМЕТ!

ҚАДІРЛІ ӘЛЕУМЕТ!

2019 жылы Қарағанды қаласында «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының» бастамасымен ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі жарық көрді. Осы Қазақ күнтізбесіндегі 15 мамыр күні – Аяулы қазақ қыздары күні болып белгіленген. Бұл күні қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспан өмірге келген.
Қазақ қыздары жайлы сөз қозғағанда жадымызға ұлы бабаларымыз сақтардың патшайымы болған Тұмар, қазақтың іргесінің берік болып, мәңгілік жасауын ойлаған Керей мен Жәнібек, Қасым, Абылай, Кенесарыдай ерлерді, ел-жұртының ғылым – білімге бас қойғанын көксеген Абайдай ұлдарды тәрбиелеген ел аналары Домалақ ана, Ұлжан мен Зере, ел ертеңі үшін қан майданда жаумен шайқасқан Гаухар, Назым, Бопай, Мәншүк пен Әлия, қазақтан шыққан тұңғыш әйел-генерал Сәуле Айтпай мен қазақ даласын күймен тербеген Дина Нұрпейіс, қазақ бұлбұлы атанған Роза Бағлан оралады.
Жаһандану дәуіріндегі қазақтың алдында тұрған басты міндет — ұлт болып сақталып қалу. Бұл міндетті осыған дейінгі кезеңде қазақ қыздары ойдағыдай орындап, қазақ қоғамының сақталып қалуына үлкен үлес қосты.
Қазақ қоғамы «Қыз өссе, елдің көркі» деп қыздарын аялы алақанға салып, әлпештеп өсіріп, оларға ең асылын аманаттап, Отанасы деп құрметтеген. Бар білгені мен өмірлік тәжірибесін ұрпақтар сабақтастығы арқылы бере білген дана халқымыз қыз баланы болашақ аяулы жар, қадірлі ана, Отағасының сенімді серігі, ұлт құндылықтарын бойына дарытып соны өскелең ұрпаққа жеткізетін ерекше жаратылыс иесі деп қадір тұтқан. Ел мен елдің арасын жалғайтын «Қыз бала — жат жұрттық» деп туғанынан ерек тәрбие беріп, ең асылы мен қымбаттысын қыз баланың бойына дарытуды мақсат тұтқан қазақ қоғамының бұл әрекетінде осы арқылы ғасырлар бойы ұлттың замана желіне төтеп беріп өмір сүруін және жат жерге ұзатылар болашақ ананың тәрбиесін көретін кейінгі ұрпақтың сол елдің текті азаматы болып, түбінде халыққа қызмет етуін қалаған ақ тілегі жатса керек. Ғасырларды көктей өткен осынау тәрбие тұтас қазақ болашағының кепілі, керек десеңіз қорғаны, иммунитеті болды.
Қадірлі қазақ қыздары! Сіздерді осынау мән-маңызы терең 15 мамыр – Аяулы қазақ қыздары күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздер барда қазақ ұлты мәңгі жасай бермек!

Құрметпен,
Мұхтар Шаханов,
Қазақстанның халық жазушысы,
Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.