Home » Мақалалар » Ұрпақ сабақтастығы. Ұстаз — шәкірт байланысы. Ұстаздарыма тағзым

Ұрпақ сабақтастығы. Ұстаз — шәкірт байланысы. Ұстаздарыма тағзым

Мырзабеков Бегзат Есенғалиұлы
«Д.В. Сокольский атындағы жанармай,
 катализ және электрохимия институты» АҚ,
«Электрохимия және бейорганикалық
 қосылыстар секторының» жетекші ғылыми қызметкері

«Білімсіз адамгершілік молаймайды!»
Әбунасыр Әль-Фараби

Дана халқымыз – «Бұлақ көрсең көзін аш!» деген нақыл қалдырған. Бұл текке айтылған немесе жәй айтыла салған сөз секілді емес. Халқымыздың бұлай деп айтуында үлкен мән бар деп ойлаймын. Кез-келген жаратылысты болсын, кез-келген құбылысты болсын, зер салып анықтап қарар болсаңыз, әрқайсысының бір бастауы болады екен.  Мұны тереңінен ұғынған халқымыз осы нақыл сөзі арқылы кейінгі ұрпағына өсиет қалдырғандай көрінеді. Бұл өсиеті – «Ұрпақтар сабақтастығы». Алдымен жақсы жандардың сөзіне құлақ асып, оның артынан ере отырып өзін тәрбиелеп ілімін, білімін дамыта білген әрбір жан ендігі кезекте осы ізгі жолды болашақ ұрпақтың дәргейіне жеткізуі және аманат қылып қалдыруында. Демек, халқымыз осы нақыл сөзі арқылы ұрпақ тәрбиесіне мән берілуін, аға буын мен жас ұрпақтың арасын байланыстыратын өріс жібіне мұқият болуын меңзейді.

Осы жазбамда мен өзімнің осындай ұрпақ сабақтастығының бір куәсі болғанымды жазғалы отырмын.

Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласы бойынша Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық  Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Баешов Әбдуәлі Баешұлы менің ғылымдағы ұлағатты ұстазым.

 

Ғылымдағы ұстазым академик Баешов Әбдуәлі Баешұлы

Ғылым жолында өлшеусіз еңбек етіп, өшпес із қалдыра білген Әбдуәлі Баешұлы көп шәкірт тәрбиелеген жан. Ғылымда 50 жылдан аса уақыт қызмет атқарып келе жатқан ұстазым екі химия ғылымының докторын, елуге жуық ғылым кандидаттарын дайындаған ұлағатты ұстаз. Отыздан астам ғылыми монографиялар мен оқулықтар, 200-ге жуық өнер табыстар мен патенттер, 1200 жуық ғылыми мақала жазған тұлға. Ғұлама ғалым академик Е.А. Бөкетовтың аманатын орындап, ол кісінің ізін жалғастырып келе жатқан төл шәкірті. Өз заманында ұстазым Әбдуәлі Баешұлын – «Сенің бойыңда үлкен ғалымға қажетті интуицияң да, байқамдылығың да, тапқырлығың да бар екендігіне толық көзім жетті» – деп, академик Е. Бөкетовтың өзі бағалаған екен.

Міне ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, осындай нар тұлғаның шәкірті болу бақыты маған да бұйырған болатын.

Ғылымдағы ұстазым академик Баешов Әбдуәлі Баешұлымен бірге

Бұл бақытқа себеп бола білген жандар ол өзімнің туып-өскен мекенімдегі «Құмтүйін» жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Исманбетова Раушан Досжанқызы және химия пәнінің мұғалімі Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызы деп білемін. Раушан апайым шәкірттеріне олардың болашағы үшін ерекше жаныашарлық мінезін таныта білсе, Нәзира апайым өз пәнінің нағыз майталман маманы деп айтар едім.

Бұлай деп айтуымның себебін анығырақ жазып өтейін. Мен «Құмтүйін» жалпы орта мектебін 2002 жылы, яғни осыдан жиырма жыл бұрын бітірген 22 түлектерінің бірімін. Мектепте озат оқушылардың қатарында оқыған жоқпын. Мұның себебін еліміз Егемендігін енді жариялап, еңсесін енді көтеріп келе жатқан уақытпен тұспа-тұс келген менің балалық шағым деп ойлаймын. Осы кездерде мен уақытымның көп бөлігін оқуға емес, ойынға көп жұмсаған болатынмын. Ал, ата-анам күн-көріс, тіршілік қамымен бізге уақытын тіпті де бөле алған жоқ. Дәл осы себептерге байланысты менімен қатарлас оқыған көп оқушылар мектеп емес көше баласы атанды. Оның үстіне өзімнің бұзықтығым тағы бар. Осы бұзықтығымның кесірінен «мидың шайқалуы да» орын алды. Сол жылдары сынып жетекшіміз марқұм болып кеткен Раушан Досжанқызы апайымыз өзінің өнегелі сөздерін айтып бізді тәрбиелі адам болуға баулымағанда сол бұзақылықтың құрсауында оқу-білімнен алшақтап та кетер ме едім…? Кім білсін? Әйтеуір мені осы кісілерден тәрбие, білім алуға себепкер еткен бір Алла сақтады.

Мектепте оқып жүрген кездің соңғы жылдарында яғни ер жетіп қалған шағымызда Раушан апайымыз – «Сендер болашақта кім боласыңдар?, Қалай өмір сүресіңдер?, Бұлай білімге немқұрайлы қарап жүре беретін болсаңыздар ертеңгі күндерің қиын болары анық! Күндерің қараңғы болады!» — деп үнемі сабақтан соң жиі әрі ерекше жанашырлықпен айтушы еді. Шіркін апайым біздің болашағымыз үшін сол уақыттарда шынайы алаңдаушылық білдірген екен.

Сонымен қатар ол кісінің ерекше есімде қалған әрекеті әрдайым біздерге алдымен ең бастысы өздеріңе — «Бүгін мен не істедім?, Не жақсылық жасадым?, Қандай ізгі амал қылдым?, Ата-анама көмегім тиді ме?, Өзіме пайда әкелетін жақсы бір іс жасадым ба?» — деп, ұйқыға жатар алдында өздеріңе сұрақ қойып, есеп беріңіздерші деп өтініш айтатын еді. Кей жағдайларда ақын-жазушылардың өмірлерінен үзінділер келтіріп, өлеңдерін, мысалдарын айта отырып, бізді болашаққа көз жүгіртуімізді сұрайтын. Ол кісінің осы сөздері құлағымның түбінен әлі күнге дейін сыңғырлап естіліп тұрады.

Сынып жетекшіміздің бұл әрекеті сол кезде сыныптастарыма және маған бір күлкілі іс-әрекет секілді көрінетін. Мен алғашында бұған жеке өзім еш мән бермедім. Келе-келе сынып жетекшіміз Раушан апай үнемі жиі айта бергеннен кейін болар бір күні мен өзіме сұрақ қойып, сол сұрақтарға жауап беруге бел шештім.

Маған бір ерекше сезім әсер еткендей болды…?

Жаздың жылы шырайлы түндерінің бірінде аспанға қарап жатып, апайымның айтқандарын есіме түсіріп мен өзіме сұрақ қоюға кірістім. Әсем жұлдыздармен көмкерілген аспанға қарап, терең ойға берілдім…

Әрі жаттым, бері жаттым…? солай көп жаттым…? бір кезде шынтақ тиендім…? сосын отырдым…? осылай біраз уақытты өткіздім?! Түн қараңғы еді? Осы қараңғылыққа әлсін жарық беріп сол түннің сәнін келтіріп тұрған жұлдыздар бейнесі ерекше керемет көрінді. Ал менде керісінше жағдай… менің болашағыма ең болмаса осы жұлдыздардай әлсін жарық сыйлайтын пайдалы істерімнің болмағаны? Ойлана қарасам, өзіме ізгілік сыйлайтын істерімнен бос пайдасыз істерімнің әлдеқайда көп екендігін түсіндім. Сол кездегі хәлімнің қандай мүшкіл жағдайда екенін көрсеңіздер ғой…? Содан қой бұлай жүргенім жарамас, бір шара қолданбаса болмас деп ой түйдім. Ойыма алғаш түскені сыныптасым, досым Бекболаттан көмек сұрау болды. Мұның себебі бұл досым сыныпта үлгілі оқушылардың қатарынан болатын. Бұл жайлы досымды құлақтандырғанымда, ол да көмегін беретіндігін айтып қуанған болатын. Досым мені қолдап мектептегі күрделі пәндер бойынша (математика, физика және т.б.) қосымша өзі дайындайтын болып келістік. (Қазіргі таңда досым Бекболат физика мамандығы бойынша ғылым докторы. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарады).

Мені математика, физика және т.б. пәндер бойынша қосымша дайындауға көмектескен досым Cейітов Бекболат

Осыдан кейін Алла ниетімді қабыл қылып, ісіме берекет беріп барлық пәндерден менің оқу үлгерімім жақсарып, тәрбием түзеле бастады. Осылай үлгілі оқушылардың қатарына қосылып мектепті жақсы бағаларман аяқтадым.

Бұл жағдай бөгде біреулер үшін мектепті бітіріп жатқан кезекті түлектердің бірі секілді қалыптасқан көрініс болса, мен үшін ендігі кезекте білімімді ары қарай жалғастыруға мүмкіндік беріп, болашағыма азық болатын ерекше жағдай еді…

Мен мектепті бітірдім. Ендігі мақсат бір мамандық таңдап Жоғарғы Оқу Орнына оқуға түсу болатын. Ата-анам мен алдыңғы буын аға-әпкемнің кеңес берген мамандықтары менің көңіліме анша жақпады. Олар менің қабілетіме және білім деңгейім жететін пәндерді қарап сол мамандықты таңдауымды қалап жатыр. Ал менің көңілім неге екені белгісіз «Химия» пәнін таңдап осы пәнге сәйкес келетін мамандыққа оқуға тапсыруды қатты қалады. Бұл жайлы отбасыма айтқанымда барлығы бірдей неге — «Химия?» деп шошып кетті. Себебі де түсінікті болар…? Бұл пән күрделі және бұған сәйкес келетін мамандықтар да күрделі болмақ. Сонымен қатар мектеп кезінде менің бұл пәнді қандай дәрежеде игергеніме де алаңдаушылықтары тағы бар. Иә, негізінен «Химия» пәнін түсіну, оны сүйікті пәні қылып оқу көп оқушылар қалай беретін, яғни, жақсы көріп оқитын пәндерінің қатарынан емес. Бұдан бөлек оны жақсы оқыта білетін мамандар да жеткіліксіз. Бірақ менің жүрек қалауым тек осы «Химия» пәні болды. Бұның себебін мектепте оқып жүрген кезімде осы пәнге деген менің махаббатымды аша білген Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызы ұстазымның еңбегі деп білемін. Ол кісі мен үшін осы Химия пәнінің нағыз маманы бола білді. Мектеп пәндерінің арасында күрделі пәндер қатарына кіретін осы «Химия» пәнін жеңіл әрі қызықты әдістемесімен түсіндіре отырып, оқушыларды өзіне баули білді. Бұл пәнге біздің сыныпта тек мен ғана емес оқушылардың көпшілігінің қызығушылығы артқан болатын. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі өте білімді әрі қабілетті, қатал және келбетті мұғалім болатын.

Сонымен үлкендер қарсы болса да, мен базарға барып осы «Химия» пәнінің тест кітапшасын алып келдім. Менің алған бетімнен қайтпайтынымды түсінген отбасым өздерінің менің таңдауыммен келісетінін айтып батасын берді. Мен дайындықты бастадым. Ол кезде төрт пән бойынша тест тапсырушы еді. Үш пән міндетті, ал біреуі өз қалауыңмен. Міндетті үш пән Қазақ тілі, Қазақстан тарихы және Математика. Алғашқы екеуі бойынша дайындықты кейінге қалдырып, ал Математиканы досым Бекболат екеуіміз дайындалатын болып шештік. Енді, ең маңыздысы және оны өзім әлі де жан-жақты толық меңгермеген болсам да өзім қалап отырған осы «Химия» пәні қалды. Мектеп жылдарында қымбат уақыттарымды бос өткізіп, тек соңғы жылдары мән бергендіктен, бұл «Химия» пәнін толық түсінбеген болатынмын. (Кейінгі жастарымыз балалықтың соңында жүріп, мен секілді қымбат әрі маңызды уақыттарын өткізіп алмаса екен…!)

Сонымен бұл пән бойынша дайындалуды мектептегі химия пәнінің мұғалімі болған Нәзира Сейітқұлқызы апайымнан өтінуді жөн көрдім. Маусым айы болатын. Апайымның үйіне келдім. Керемет көңілмен мені қарсы алды. Мен де қуанып қалдым, бірақ, көңілім алаңдаулы? — Мені химия пәні бойынша оқуға тапсырады деп ойламаған шығар?, — Сен оны игере алмайсың, басқа пәнді таңдауың керек?, — Тесттен төмен балл жинап оқуға түсе алмай қаласың? – деп айтып қалады ма деп, мен уайымдап кеттім. Ол кісі менің жағдайымды сұрап, маған шәй қойып дастархан жасап жүр. Бір сәтте іңгәләған сәбидің даусы шыр ете қалды?. Бөлменің төр жағына қарасам, бесікке бөленген сәбиге көзім түсті. Әлгі сұрақтар мазалап отырған мен, енді ол кісі мені «Химия пәні бойынша дайындайды»  — деген ойымнан күдер үзе бастадым. Қырқынан шықпаған сәбиімен мені қалай тестке дайындайды деп ойладым. Ақыры шай іштік. Әр-түрлі тақырыпта әңгімелестік. Әңгіме арасында бір қолымен бесігін тербетіп, бір қолымен шәйін құйып отырып менің келген мақсатымды жәй байқатпай сұрап қалды. Менде қалай айтып қалғанымды байқамай да қалдым. Келген мақсатымды түсінген апайым жымиған келбетімен сәл ойланып отырды да, шын көңілімен ашық мінезімен дайындыққа ертеңнен бастап келе беруіме рұқсатын берді. Менің сол кездегі қуанышымды көрсеңіздер ғой. Қуана отырып, апайымнан бұған мүмкіндігіңіз бола ма деп сұрағанымда, Нәзира Сейітқұлқызы – «Ақыры бет алған екенсің мен дайындаймын!» — деп кесіп айтты. Ол ұстазымның мінезі де солай тік болатын.

Осы бір бейнелі қарапайым оқиға осыдан жиырма жыл бұрын орын алған еді. Бірақ әлі күнге дейін менің көз алдымда. Кейде есіме түсіп кетсе, сол уақыттағы бейнелер қайта көз алдыма оралады. Осыдан кейін ол кісінің маған қылған осы бір қамқорлығы жадымда мәңгі қалары анық! — деп түсінемін.

Мектептегі ұстазым химия пәнінің мұғалімі Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызы

Сол дайындық уақыттарында анасының мазасын алмай, мені ыңғайсыз жағдайға қалдырмай бесікте жыламай маған сол сәттерде көмектескендей болған нәресте қазіргі уақытта Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 4 курс студенті. Оқуда озат. Бұл — кездейсоқтық деп ойлаймын, бұл — сабақтастық деп білемін.

Сонымен, отыз күнге жуық «Химия» пәні бойынша апайым мені тестке дайындады. Бір айда сегізінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейінгі Химия пәнін қайта оқытты. Мектепте болса төрт жыл өтетін материалдарды бір айға сыйдырып, мені тестке толық дайындап шықты.

«Шеберлік» — деп осыны айтса керек…?

Химия пәнін өзім қаладым, бірақ бұл пән бойынша өзіме деген сенімділігім төмен болып келген мені ұстазым Нәзира Сейітқұлқызы бір айда осы пән бойынша білімімді арттырып, өзіме деген мол сеніммен кетуіме толықтай мүмкіндік жасады. Осы үшін де ол кісіге әркез алғысымды білдіргім келеді.

Ақыры сол жылы менің арманым орындалып, өзім қалаған «Химия» пәні бойынша Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің тегін оқу бөліміне оқуға түстім. Осы оқу орнында акдемик Әбдуәлі Баешұлының шәкірті болу мүмкіндігіне ие болдым.

Міне осылай ұрпақ сабақтастығы жалғасып мұғалімдерімнің берген білімін нар тұлғалы ғалымдарымыз дамытым ұстаз-шәкірт байланысы орнап аманатымыз жалғасын тауып келеді. Аллаға мың шүкіршілік болсын.

Мектепті бітіргелі oн жыл өткеннен кейін өзім оқыған Құмтүйін жалпы орта мектебімде химия пәнінің мұғалімі Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызының «Ғалымның хаты өлмейді…» тақырыбында өткен ашық сабағына ғылымдағы ұстазым академик

Баешов Әбдуәлі Баешұлы арнайы келген болатын. Мектептегі ұстазыммен ғылымдағы ұстазым осы қасиетті мекенде қауышқан еді…

Жаратушы Жаппар иемізге осындай ұстаздарымның барына әрдайым шүкіршілік етемін және әркез Алладан тілеймін осы кісілердей жандар көп болып аманатымыз жалғаса берсе екен.

Киелі шаңырақ «Құмтүйін» жалпы орта мектебім

Бұл тақырыпта осы ойымды жазу себебім алдымен ұрпақ сабақтастығы үзілмесе екен — деген тілегім.

Екіншіден, шәкірт тәрбиелеп жатқан еліміздің ұстаздар қауымына және өзім оқыған «Құмтүйін» жалпы орта мектебімнің сол жылдары директоры болған Құрманбаев Кенжетай ағайымызға және осы мектептің барлық пән мұғалімдеріне басымды иіп тағзым жасау, арнайы Исманбетова Раушан Досжанқызы және Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызы ұстаздарыма, ғылымдағы ұстазым Баешов Әбдуәлі Баешұлына шәкірт тәрбиелеу ісіндегі еңбектері үшін жеке өзімнің алғысымды білдіру.

Сөзімнің соңын әлемнің екінші ұстазы атанған бабамыз Әбунасыр Әль-Фарабидің мына бір нақыл сөзімен аяқтауды жөн көрдім:  – «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. «Мінез» бен «Ақыл» жарасса адамгершілік ұтады». Менің ұстаздарым осындай жандар…

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.