Байқон Қадірсіз Қыпшақбайұлы
Қарағанды облысы «Сәтбаев қаласы
№ 19 мектеп лицейі» КММ
В статье речь пойдет о казахском национальном музыкальном искусстве и о тематике, характере, структурных особенностях песен Абая, о работе по изучению «Великих истоков» и музыкального наследия Абая, способствовавших его музыкальному творчеству.
The article will focus on the Kazakh national musical art and the theme, character, and structural features of Abay’s songs, as well as the work on studying the «Great origins» and musical heritage of Abay, which contributed to his musical creativity.
Кілт сөздер: ән, өнер, Абай, өлең, ырғақ, ұлттық, халық.
Ключевые слова: песня, искусство, Абай, стихотворение, ритм, национальный, народный.
Keywords: song, art, Abay, poem, rhythm, national, folk.
Қазақтың халықтық музыкалық өнері саласында кең сақара, дархан даладай мол көсіліп иен тараған бір жанр бар. Ол – ән.
Ән – поэзиялық және музыкалық әуен бірлестігінен туып, халық арасына мол тараған вокалдық жанр, ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасы, заманның тарихи шежіресі, бүгінгі күннің белсенді жаршысы.
Халық даналығы – әнді ертеден-ақ ерекше бағалап, халықтың жаны деп атаған. Бұл өте дәл, мейлінше әділ баға, өйткені жақсы ән мен жақсы күй қай заманда, қай халықтың болса да ең асыл арманы мен тілегін айқын бейнелеп, олардың бақытты өмірге ұмытылған ыстық сезімін жеткізе білді. Оның жан дүниені тебірентетін үні адамға қайғы үстінде де, демалыс уақытында да, еңбек пен тұрмыста да көңіл серігі болды. Адам өмір тіршілігін ғана емес, сонымен бірге келешекпен күткен, аңсаған арманын да, көңіл түкпіріндегі үмітін де, әлеуметтік теңсіздіктерін де ән арқылы білдіріп әнмен өрнектеген.
Қазақстан аймақтарының әндері әуенділік, нақыш-интонациялық және ән құрылысының түрлері, ладтық ерекшеліктері жағынан бір-бірлерінен айтарлықтай өзгеше. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу бойы әндерінің көпшілігі формасы ағынан қысқа қарапайым, ширақы болса, ал әуені жүрдек, көңілді, қысқа да ұтқыр келеді. Ал, Батыста жұмсақ нақышты, жанға жылы, эпикалық серпінді қоңыр лирика басым. Оларға әңгіме түрінде баяндаушылық, эпостың ерекшеліктері тән. Республиканың батысында ән әуенді болып келуімен қатар, қазақтың речитативті әндерінің формасы – терме мен желдірменің бірталай дамығандағы да байқалады. Батыс әндерін әңгіме еткенде, ладтық ерекшелігі арқасында туған, сол жердің әндеріне тән өзіндік интонациялық оралымдарының өзгешелігін атаған жөн [1, 3-5].
XIX ғасырдың екінші жартысында ұлтымыздың рухани қазынасына шексіз дария болып қосылған Абайдың философиялық даналық, көсемдік, ақындық және музыкалық мұрасы — халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы. Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Қазақтың бас ақыны Абай» музыка өнерінің де бас классик-композиторы ретінде биік тұрғыдан бағаланып, жаңа дәуірдегі жаңа музыка мәдениетін негізін салды [2, 5].
«Өлеңді ермек үшін жазбаған, оны айтқанда толғанып, іштегі дертін жойған» Абай 60-қа жуық (нұсқаларын қосқанда) ән шығарыпты. XX ғасырдың ұрпақтарына Абайдың өлеңдері мен әндері ана сүтімен жүрегімізде тұрақты қоныстанып, өсе-келе адамдыққа, инабаттылыққа уағыздап («Әсемпаз болма әрнеге»), надандықпен, жалқаулықтан жирендіріп («Бойы бұлғаң»), ал жасымыз кемелденгенде («Қартайып… арман ұлғайғанда») рухани тазалыққа, имандылыққа жол көрсетеді («Алланың өзі де рас, сөзі де рас»).
Заманымыздың кемеңгер жазушысы Мүхтар Әуезов айтқандай: «Абай – халқының шын ұлы. Ол өмір бойы халқының қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті. Абай халқына тек өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ, ол өзінің жарқын бейнесімен, асыл сөздерімен бүгін де қызмет етіп отыр» [3, 44].
Қазақ халқының ғұлама ақыны, ойшылы, ағартушысы және композиторы Абай Құнанбаев бала кезінен өлеңге, ән-күйге әуес болып, ертегі-аңыздарды әжесі Зереден тыңдап өсті.
Абай әндерінің ішінде сазды, созылмалы, шырқай айтылатындары да, келте қайтарылып жылдам айтылатындары да кездеседі. Мысалы: «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Бойы бұлғаң» т.б. Соңдай-ақ Абай орыстың Пушкин, Лермонтов сияқты ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударып, олардың кейбіріне ән шығараған. Мысалы: «Татьянаның әні», «Қаранғы түнде тау қалғып», «Амал жоқ, қайттім білдірмей» т.б.
Түрлі халықтардың, әсіресе, орыс және қазақ халықтарының музыкалық мәдениетінің жақындасуына Абайдың қызметі үлкен. Ол адам өміріндегі музыканың алатын орны жөнінде жаңа сапалы ойлар әкелді. Абайдың қазақтың халық шығармашылығын тереңнен түсініп, қазақтың әндері мен күйлерін жақсы талдай білгені, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса әндерін жоғары тұтқаны, ақын болумен қатар өлеңдеріне өзі ән шығарғаны жөнінде мағлұмат беріледі және басқа халық композиторлары сияқты Абайдың да музыкалық сауаты болмағаны, өзінің жеке басының музыкалық зор қабілетімен домбырада ойнай білгендігі айтылады. Бірақ, оның ән шығару мен музыкаға басқа жолмен келгендігін былайша түсіндіруге болады. Абайдың шығармашылығына үлкен қозғау салған орыстың демократиялық ойы мен әдебиеті болды. Орыс достарының көмегімен ол орыстың атақты А.Пушкин, М.Лермонтов, И.А.Крылов сияқты белгілі ақындардың шығармашылығымен таныс болуы. Кейбір шығармалардын үзіндіні қазақша аударып, оларға ән шығарды.
Орыс ақындарының шығармалары Абай аудармаларында ақынның шығарған әуенімен бірге ерекше бір көркем бейне мен ұлттық белгіге ие болды. Орыс композиторы А.Рубинштейннің «Горные вершины» шығармасын ақын М.Лермонтовтың сөзіне жазды. М.Лермонтов кезінде бұл тақпақты ұлы неміс ақыны Гетеден орыс тіліне аударған. Бұл өлеңнің сөзі мен әуенінің Абай жүрегін билегені соншама, ақын өзінің «Қаранғы түнде тау қалғып» әнін шығаруды ұйғарды.
Абай тек орыс әндерін ғана емес, музыкалық классикалық музыканы да жақсы білген. Орыс және Европа музыкасы жөніндегі түсінігін кішкене де болса кеңеюіне, сол кезде Петербургте оқып жатқан Әбдірахман (Әбіш) деген баласының ықпалы да болды. Қашқан татарлардың арқасында Абай татар әндерімен де таныс болды. Олар мандолинде, скрипкада, тольянкада (сырнай) орыс және татар әндерін орындады [4, 12-16].
Абайдың музыкалық шығармашылығын зерттеушілердің көбісі оның әндеріне жоғары баға берді. Мысалы, олар Абайдың әндерінің қазақтың музыкалық интонациясын (әуені мен ырғағы) ерекшелігін сақтай келе, белгілі халық композиторлары әндерінің өзгешелігін айтады, оның әндерінде текст пен әуен (мелодия) ажырамастай бір бүтін. Оның шығарған әуенін белгілі бір текспен ғана орындауға болады, өйткені олар мазмұнымен байланысты.
«Сегіз аяқ» әні осындай әндер қатарына жатады. Абай онда көркем сөз тіл, халықтың шешендігін, қызыл тілдің құдіреттігін мадақтап, халықты адамгершілік жақтарын қалыптастыруға, көп еңбек етуге шақырады. Абай өлеңі ән, музыканың мәнін, олардың адам өміріндегі алатын орны жөнінде көп ойланып, толғандырады. Абай музыканың орны жөнінде жазылған көптеген терең философиялық пікірлер айтқан. Тек шын жүректен жазылған ән ғана мақсатына жетеді деп жазған. Ол өзінің әндерінде табиғат сұлулығын әуендегі адам сезімі мен қатынасы, әдет пен әдеп жөніндегі сұрақтарды көтереді.
Абай әндерінің ішінде жастардың ең бір сүйіп айтатыны – «Желсіз түнде жарық ай» әні (1888). Бұл әнде нәзік ғашықтық сезім табиғаттың таңғажайып тербелісімен үндесіп, жүрекке жылы әуенмен әсерленген. Шексіз кеңістік, нәзік акварельді бояумен суреттелген ауыл кеші, шаттыққа толы жастық лебіз сүйкімді сазбен тербеліп тұрғандай. М.Әуезов тілімен айтсақ: «мұнда бәрі нақты, айқын да бұлтсыз, сабырлық пен қуанышты сезімдерге бөлейді».
«Желсіз түнде» әнінің айрықша стилистикалық белгілері ретінде натуралды минордан параллельді мажорға жұмсақ ауысу, әуендегі трихордтық мотивтер кездеседі.
Желсіз түнде жарық ай, Қалың ағаш жапырағы
Сәулесі суда дірілдеп, Сыбырласып өзді-өзі,
Ауылдың жаны терең сай, Көрінбей жердің топырағы,
Тасыған өзен гүрілдеп. Құлпырған жасыл жер жүзі!
Адам сезімінің табиғатты жырлауымен соншалықты образды ұштастыры білген лирикалық әндерінде Абай сөзге көбірек мән беру арқылы, қазақтың музыкалық тілін байытты, жаңашылдығымен дараланды.
Абай әндерінің келесі бір сипаты — Абай әндерінде қайырма жоқ. Әннің екінші бөлігі қайырма ретінде қайталанады.
Абай әндерінің мелодиялық дамуы біркелкі кең, созылып айтылса, кейбіреулері қысқа речитативті болып келеді.
Келесі Абайдың тамаша әндерінің бірі – «Айттым сәлем, қаламқас» өзінің кең құрылымы мен саздылығы жөнінен орыстың қалалық (городской) әндерінің интонациясына байланыстылығын көрсетеді. Нәзік және сазды әуен поэтикалық текстегі бейнені толықтырып, оны асқақ, көркем етіп көрсетеді.
«Көзімнің қарасы» әні өзінше бір белгілерімен ерекшеленеді. Жай, сазды-эллегиялық әуен «Айттым сәлем, қаламқас» әнімен тең келеді. Екеуінің музыкалық формалары бірдей, әннің лирикасы философиялық толғауларға толы.
Абай шығармалары жаңа дүниелер жасауда баға жетпес материал болды. Қазақстан композиторлары өздерінің шығармаларында оның әндерін қолданды. Көптеген үлкен және кішілі симфониялық шығармалар, музыкалық миниатюра, әндеріне түрлі өңдеулер жасалынды.
Абай ән-күйдің адамның сана сезімі мен жан дүниесіне әсерін:
«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оранған мәні оятар»,- немесе:
«Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй» -деп өнерді сүюге үндеді.
Абай ән-күйді сүюмен қатар, оның әділ сыншысы, әрі жанашыры да бола білді. Бұл жайлы ол:
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын тесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар», — немесе:
«Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен»-деп, ән-күйді шығарушыға да, тыңдаушыға да үлкен талғампаздық жүктейді.
Абай өзінің ұлағатты ой пікірін халқына жеткізудің бірден-бір жолы ән өнері екенін жақсы сезінді. Абай поэзияның тілі жетпеген жерде өлеңге ән қосты, өйткені музыканың поэзиямен қосылғанда күші арта түсетінін білді. Осылайша, Абай халқымен өлең тілімен қатар, музыка арқылы да тілдесті [5, 22-23].
Академик А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде былай дейді: «Өз заманындағы ән-күй шығарған халық композиторлары сияқты Абай да нота сауатын аша алмады. Ол өлең, қара сөздерін қағазға түсіріп қалдырса, музыка жөнінде мұндай мүмкіндігі болмады. Өйткені, Абай өмір сүрген кезеңде қазақтың музыкалық жазба мәдениеті жоқ еді. Сондықтан, Абай әндері де қазақтың басқа ән-күйлері сияқты ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті» [6, 4].
1920 жылдары Абай әндерін, алғаш фольклоршы-этнограф А.Бимбоэс, кейінгі жылдары А.Затаевич халық аузынан жазып алды.
Абайдың әндерімен қатар, «Торжорға» және «Май түні» атты күйлері де бар. «Торжорға» күйін Ғ.Сармурзин деген күйші 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Оспан ақын аулында жылқышы, әрі Абайға атқосшы болған кісі. Абайдың Жетісу елінен сыйлыққа келген Торжорға деген аты болған. Ақынның сүйікті ұлы Абдрахман Верный қаласындағы ауруханада жатқан кезінде, оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абайдың баласы екенін білген соң, Дәт Абайға дұғай- дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады.
«Торжорға» күйі туралы М.Әуезовтың «Абай жолында» да айтылған. Абай күйлерінде қазақ әндерінің сарыны бар. Абайдың кейінгі уақытта табылған «Майда қоңыр» атты күйі иірімі жағынан Абайдың басқа күйлерінен күрделірек болып келеді.
М.Әуезов Абайдың ұлы ақын, ойшыл, әрі композитор ретінде қалыптасуына «Үш ұлы бастау» әсер еткен деп атап көрсеткен:
- Қазақ халқының жазба және ауыз әдебиеті, халық музыкасы
- Шығыс елдерінің классикалық музыкасы
- Орыс мәдениеті(Батыс мәдениеті ).
Осы тұжырымдардың Абайдың музыкалық шығармашылығының қалыптасуына да тікелей қатысы бар. Әрқайсысына жеке тоқталсақ:
- Абайдың ғұмыр кешкен кезеңі XIX ғасыр – классикалық, халықтық музыканың қалыптасып, халық музыканттарының өнері шарықтаған, қазақ музыкасының «Алтын ғасыры» атанған кезеңі болатын. Абай заманында Құрманғазы, Тәттімбет, Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса т.б. әнші-күйшілер өмір сүрді.
Абай халықтың ән-күйлерін және аспапты музыкасын жетік білген. Оған дәлел, Абай аулында әрқашан ән-күй үзілмеген. Абай көптеген ақындармен, әнші-күйшілермен кездесіп, оларды ұйып тыңдап, өнерлерін жоғары бағалаған. Тіпті, атақты Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет сынды өнерпаздар Абай ауылының қонағы болып, өнерлерін көрсетумен қатар, Абайдың да әндерін тыңдап,бір-біріне баға беріп отырған. Осындай кездесудің нәтижесінде Біржан сал Абайдың «Мен көрдім…» өлеңіне ән шығарып кеткен.
Халық музыкасынан терең тамырланған ортада тәрбиеленгендіктен, Абайдың алғашқы әндерінің кейбірі құрылымдық жағынан халықтық негізде жазылған. Мәселен, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген әнінде Арқаның ән дәстүрі байқалады. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінде де халықтық сарын басым.
- Абай араб, парсы, түрік тілдерін жетік білгендіктен Омар Хайям, Хафиз, Рудаки, Низами т.б. шығармаларын түпнұсқасында оқиды. Шығыс әуендерінің лирикалық сарыны Абайдың әндеріне де өз ықпалын тигізді.
- Абайдың ақындығына және музыкалық шығармашылығына үлкен қозғау салған орыстың демократиялық ойы мен әдебиеті және орыс музыкасы болды. Қазақ жеріне жер аударылған революционерлер Михаэлиспен, Леонтьевпен достасқан Абай орыс достарының көмегімен орыстың атақты А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Крылов сияқты ақындарының шығармаларымен кеңінен танысты. Кей шығармалардан үзіндіні қазақшаға аударып, оларға ән шығарды. Абай аударған Пушкин, Лермонтовтың өлеңдері қазақ халқына Абайдың әндері арқылы танылды. Орыс ақындарының шығармалары Абай аудармаларында әуенімен бірге ерекше бір көркем және ұлттық сипатқа ие болды [7, 10-16].
«Татьянаның әні», «Татьянаның хаты», «Амал жоқ қайттім білдірмей» нұсқаларымен қазақ даласына кең тарап, қазақтың төлтума әніндей боп кеткен «Тәтіштің әнінен» Татьянаның Онегинге деген шынайы сезімін байқаймыз. Бұл ән арқылы Абай қазақ әйелінің бейнесін, әйел теңдігі, оның қоғамдағы, отбасындағы ролі мәселелерін көрсетеді.
Абайдың өсиетке, ақыл парасатқа бай, ғибратқа толы мәні зор «Ата-анаға көз қуаныш», «Сұрғылт тұман», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» әндерінің мазмұнында да баға жетпес тағылым бар. Абай әндері терең ойға, философиялық толғаныстарға толы.
«Өмірдің алды ыстық, арты суық, Алды ойын, арт жағы мұңға жуық»,-деп жырлаған Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қарашада өмір тұр» деген әндері философиялық ойға жетелейді.
Абай әндерінің ерекшелігі сонда, оның әндері қалай болса солай айта салуға келмейді және кез-келген жерде айта беруге де келмейді. Оған себеп, Абай әндерінің өз тыңдаушылары бар.
Абай әндерін орындаушылар әннің өз стилін сақтап, өзгертпей айту үшін, әннің өзіндік мазмұнын терең түсінулері қажет. Абай әндерінің ерекшелігі де сонда, тіпті бір бөлек нота қосылып кетсе, үлкен жамаудай боп көрінеді.
Абайдың әндері көзі тірісінде-ақ, қазақ даласына кең тараған. Абай ән өнерінде жалғыз болмады, оның қасында ән-күйдің майын тамызған бір топ өнерпаз жастар болған. Олар Абайдың әндерін орындаушы, әрі насихаттаушы – балалары Әбіш пен Ақылбай, әнші Әлмағамбет, скрипкашы Мұқа, әрі әнші, әрі ақынның сүйікті жары Әйгерімдер болған. Бұл насихаттаушылар Абайдың әндерін халық арасына таратқанда әр жерде әртүрлі орындалғандықтан, соның нәтижесінде Абай әндерінің көптеген нұсқалары пайда болғаны белгілі [8].
Кейінгі жылдары ұлттық мәдени мұраларымызды сақтауға көп көңіл бөлінуде. Абай жаңа мыңжылдықта сәулелі бейнесімен, әсем әндерімен әрдайым өз ұрпақтарымен бірге. Оған тағы бір дәлел – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген көптомдық «Қазақ музыкасының антологиясында» Абай әндері лайықты орнын алды.
Қорыта келгенде, қазақ халқының рухани мәдениетінің көрінісіндей Абайдың да әндерін насихаттау, сақтау, келешекке таза қалпында жеткізу бәрімізге ортақ міндет. Өйткені, жаңашылдығымен, ұлттық музыка өнерін байытқан Абай әндері өзінің табиғатымен, рухымен нағыз ұлттық ән үлгісі болып әрдайым қала бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Дүйсенбінова Р. Қазақтың әншілік өнері. Алматы, 1988.
- Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы / Жалпы редакциясын басқарған У.Қ. Қалижанов, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті. – Алматы: Әдебиет әлемі, 2013.
- Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы: Жібек жолы. 1-баспа үйі, 2007. Т.27.
- Ғизатов Б. Абай әндері. / Құрастырған және алғы сөзін жазған Б.Ғизатов. Алматы. Өнер. 1994.
- Әлімқұлов Т. Әнді сүйсең менше сүй: Абай әндерінің халықтығы жайында. Алматы. 1999.
- Жұбанов А.Қ. Замана бұлбұлдары. Алматы. 1975.
- Ғизатов Б..Ақын, әрі композитор. Алматы. 2000.