Уразымбетова Айгерим Манатовна
Алматы облысы, Көксу ауданы
Мектеп жанындағы шағын орталығы
бар Мұқаншы орта мектебінің
мектеп директорының әдістемелік
ісі жөніндегі орынбасары және
география пәнінің мұғалімі
«Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Ал, оқуды, ізденуді тоқтатқан жағдайда, оның мұғалімдігі де жойылады» деп айтқан ғылыми педагогиканың негізін салушы Константин Ушинский сөзi жаңашыл ұстаздың тұғырнамасы сияқты. Бiлiм жүйесiндегі жаңартылған реформа өскелең ұрпақтың қажеттілігіне айналары даусыз. Мемлекетіміздің экономикасының қарқынды дамуы бiлiмдi, бiлiктi жандарға байланысты. Бәсекеге қабiлеттi жас мемлекеттің уығын алтын, керегесін күміс ететін тәжірибелі, ел тағдырына алаңдайтын шәкірт тәрбиелеу — білім саласына қызмет етіп жүрген қызметкерлердің басты міндеті.
Бiлiм беру үдерiсiндегі жаңартылған оқыту бағдарламасы – заманауи үлгідегі, адамзат баласына өмір қағидаттарын үйрететін жаңа бағдарлама.
Негiзгi мақсаты- оқытудың жаңаша, тиімді әдiс-тәсiлдерi арқылы баланың функционалдық сауаттылығы мен логикалық ой санасын жетілдіру, ойыннан ойлауға, жеңілден күрделіге оқыта отырып, өмір талаптарын қанағаттандыратын білім дәнін себу.
Бағдарламаның спиральді жүйелілігі, құрлымы мен ғылымилығы оқушының жан — жақты дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Пән бойынша оқыту бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткiзу барысындағы мұғалімнің әрекеті күтілетін нәтижеге бағытталған әдістермен жүзеге асады.
Бүгінгі таңдағы ең маңызды жолы үштiлдiлiктi қолға алу, ақпараттық -коммуникациялық технологияларды қолданудағы мұғалімнің іскерлігі болып отыр. Ағылшын тілінің басқа пәндерге кіріктірілуі, жаңа техникаларда қолданылуы заман талабының сұранысы іспетті.
Оқушылардың жаңа тақырыпты өмірмен байланыстыра меңгеруі, ақпаратты өңдеуі, кез -келген проблемалық жағдаятты шешуге ат салысуы, тақырыптың ғылымилығы сол жаңартылған бiлiм жүйесiнің өзегіне айналуы тиіс. Мұғалімнің сабақта қолданған әдiс-тәсiлдері мен ойындары оқушыларды тәуелсiз болуға, сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықпен айналасуына мүмкіндік туғызады. Оқыту жүйесiнің өзгеруіне орай, мұғалiмнiң алдында зор міндет пен үлкен жауапкершiлiк тұрғаны анық. Күрделенген мәселелердi өздiгiмен және шығармашылық ынтамен шешуге қабiлетi мол заманауи ұстаз қажет.
Жаңартылған бiлiм берудiң жемісі — бала өзіне қолайлы, өзін жайлы сезінетін қауымдастықта өз ойын еркін жеткізіп, зерттеу жұмыстарына қатысып, коммуникативтi қарым-қатынас жасай алу; жеке, жұппен және топта жұмыс жасай бiлу қабiлеттерiн арттыру; өмірдің қатал сын сағаттарында сағы сынбай, тығырықтан шығудың жолдарын үйрену; жан жақты дамыған тұлға болып қалыптасу жетістіктеріне ие болуы абзал.
Бiлiм берудiң мазмұны жаңарғаннан кейiн, ақпараттық таным мен түсініктер де жаңарды. Ұстаздардың көзқарасын түрлі дамыту курстары жетілдіріп , оқытудың түрлі әдiс-тәсiлдерiн үйретті. Ескі үрдістегі дәстүрлі форматтан жап-жаңа білім беру үдерісіне көшті. Балаға қатал бұйрық негізінде үйрету емес, «өз ойыңды жаз» , «үй тапсырмасын сен тексер», «мына мәселеге келісесің бе?» деген тіркестердегідей шәкіртке еркіндік берілді.
Осы орайда мұғалім шебер көшбасшы, кіріктірілген тақырыптар бойынша басқа пәндерді де білетін, іскер де, ізденімпаз болуы қажет. Ахмет Байтұрсынов «Мұғалiм көп әдiстi бiлуге тырысуы керек. Оны өзiне сүйенiш, қолғабыс нәрсе есебiнде қолдануы керек»,- деп бекер айтпаған.
Сондықтан келешегі бұлыңғыр қажеті шамалы, жаттанды білімнің ғұмыры қысқа. Мынау жаһандану әлемiнде ақпараттық технологияның рөлі зор.
Бәсекеге қабiлеттi, адами құндылықтарға бай, жұдырықтай жүрегі елім, жерім деп соғатын, сөйлеу қабілеті мықты, ел экономикасын дамытып, өз бизнесіне бейжай қарамайтын ұрпақ тәрбиелейміз десек, оқу мен оқытудың әлемдiк деңгейге көтерiлген әдiс-тәсiлдерiн қолдану қажет.
Қазақстанды алпауыт елдiң қатарына қосатын тұғыры бекем бiлiм мынау мектеп қазанында қайнауы тиіс деп ойлаймын. Ғылым мен техниканың күн санап өсуiне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдiсiндегі оқытудың парадигмасы өзгердi. Осы орайда мектебіміздегі пән мұғалімдерінің басты мақсаты әдістемелік, зерттеушілік жұмыстағы шеберлігі жоғары, жаңаша білім беру жағдайындағы педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, әдіснамалық құзыреттілігі басым тұлға ретінде жемісті еңбек ету болып отыр. Шәкірт жетістігі мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі. Соңғы үш жылда мектебіміздің ғылыми зерттеушілік жағындағы табыстары мерейімізді асырды. Мәселен, өлкетану бағыты бойынша Тасқынбек Перизат, химия пәнінен Туулбек Мөлдірлер ғылыми жоба байқауынан облыстан жүлделі 3-орындарды иеленді. Пән мұғалімдері Манахова М., Майсакова Б. өздерінің тынбай еңбектенетін ізденістерінің нәтижесін дәлелдеді. Зерде танымдық ғылыми зерттеушілік сайысы бойынша биыл ауданнан 6 орынды 1-4 сынып оқитын мектепішілік жас дарындарымыз жеңіп алды. Облыстық пән олимпиадасы бойынша өткен оқу жылында орыс тілі пәнінен Жеткен Қ. 2-орын иеленген, жетекшісі Сүйінбаева З.И. сияқты оқу ісінің аға оқытушысы, өз пәнінің үздік майталманының ерен еңбегін атамай өтуге болмайды. Мектебіміздің өміріне енді ғана қадам басқан жас шығармашыл ұстаз Башембаев С.К. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында өткен республикалық жас ғалымдар конференциясынан 1-орынды жеңіп, 400 мыңдық сертификатпен марапатталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері Мұқағали, Жамбыл оқуларынан ардагер ұстаз, Ы.Алтынсарин медальнің иегері Фазылова Жанар Нұрмолдақызының шәкірттері Қанат Ж., Құмархан Қасиеттер қатарынан 5 жыл республика деңгейінде 3-орын биігінен көрінді.
Мектебіміздің әдістемелік қоржыны да бай. Тәжірибелі, деңгейлік курстан өткен ұстаздарымыз жыл сайын жас мамандарға шебер сыныптар мен коучинг, үздік ашық сабақтар мен ойталқылар өткізіп отырады.
Мәңгiлiк ел болуымыз үшін еліміздің барлық саласын қамтитын білімнің алтын сүрлеуін салуымыз керек. Елiмiздiң әр ұстазы жаңартылған бiлiм беру мазмұнының тетігін игеруi өте маңызды. Әр ұстаз тиiмдi оқу және тиiмдi оқыту тәсiлдерiмен таныса отырып, өзiнiң педагогикалық қызметiнде түрлi өзгерiстер енгiзiп, белсендi оқу қағидаттарын үйренсе, әр баланың өмірге деген көзқарасы сауатты болар еді.
Жаңартылған бiлiм беру бағдарламасы — озық технологиялардың барлық қыр-сырларын бiлуге жетелейдi. Б.Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебi ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейдi», – дегендей, сапалы бiлiм, саналы тәрбие берген қоғамдағы ұстаз қауымының орны ерекше екенiн ұмытпай, қоғамның әр мүшесi жан-жақты қолдау көрсетуi қажет деп ойлаймын.
Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекшi, шығармашыл, iзденiмпаз ұстаз ғана табысты болады, нәтижеге жетедi. Тәуелсiз елдiң негiзгi тiрегi — бiлiмдi ұрпақ. Қазiргi таңда бiлiмдiнiң алға түсiп, бәйгеден озып келетiн заманы ендi туды. Мемлекет болашағының кепiлi- жастарға бiлiм мен тәрбие беру мәселесiнен өткiр мәселе жоқ екенi белгiлi. Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елдi түзетудi бала оқыту iсiн түзетуден бастау керек», -деген. Сөзiмнiң соңын қорытындылай келе, бұл жаңартылған бiлiм беру бағдарламасы бойынша менiң көкейге түйгенiм: алдымызға бiр мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкiрттердiң жүрегiне жол тауып, әрекеттендiре бiлу шеберлiгiне жетсек, егемен елдiң ұл-қыздары бiлiмдi де бiлiктi болып шықпақ. Соның арқасында бiз бәсекеге қабiлеттi, iргесi мықты ел боламыз деген ойдамын.