Кенжетаева Гүлмира Мұратқызы
Астана қаласы
№60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» құру біздің алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр. Оқытудың жаңа ақпараттық технологиясы арқылы білім берудің педагогикалық ерекшіліктерін талдау үшін білімді ақпараттандыру өзгерісінің бүгінгі қоғамдағы рөлі мен орны ерекше. Бұл – білім беру үдерісінде білімді меңгерудің арнайы формасы ретінде, оның жалпы және кәсіптік байланысын тереңдетуге көмектеседі.
Сабақтың қызықты өтуі мұғалімнің үнемі іздену, ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану, оқыту әдістемесін жаңартып отыруына байланысты. Сондықтан мұғалімдер бүгінгі таңда инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып, сабақты сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізеді. Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Жазу ережелері (әліпби құрамы, төл дыбыстар, таңба үлгісі, емле-ережесі) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады. Қазіргі қазақ тілі білімінде тілдік құбылыстардың бірқатары терең зерттелгенімен, зерттеуді одан әрі қажет ететін құбылыстар немесе зерттелген құбылыстардың зерттей түсетін тұстары да баршылық. Сол құбылыстардың бірі – төл дыбыстарымыздың дұрыс айтылу, жазылу, қолдану ерекшеліктері. Орыс тілді оқушылар көбінесе төл дыбыстарды өзіне ұқсас орыс әліпбиіндегі дыбыстардан ажырата алмай, көбінесе алмастырып, шатастырып жатады. Міне осы тұрғыдан зерттеу жұмысын жүргізіп, жұмыс дәптерін жасау өзекті.
Тілдің барлығында да дыбыстар дауыстылар мен дауыссыздар деп екі топқа бөлінеді. Негізгі ортақ белгісі олардың буын құрау қызметі. Дауыстыларда үн басым болады. Дауыссыздарда салдыр басым. Физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда дауыстыларды айту үстінде шыққан ауа біріншіден, кедергіге ұшырамай еркін шығады; екіншіден, дыбысталу мүшелеріне күш түспей, оның қалпы жайдары болады; үшіншіден, ауа баяу шығады .
Ал, дауыссыздарды айтқанда фонациялық ауа біріншіден, кедергіге ұшырап, тосқауылмен айтылады; екіншіден, тосқауылдан өту кезінде дыбысталу мүшелеріне күш түседі; үшіншіден, ауаның шығу қарқыны күштірек болады.
Қазақ тілі – сан ғасырдан бері ата-бабадан мирас болып келе жатқан киелі дүние. Тіл – адам баласының әлем бейнесін тану жолындағы түсінігінің, ойының, сезімнің, идеясының, дүниетанымының көрінісі.
Тілде қазақ халқының барлық құнарлы ойы, құнды қиялы көркем сөзбен кестеленген. Сондықтан да тілдің болашағын бағамдау үшін, оның кешегі өткен тарихын білу – қажеттілік.
Қазақ тілінің сан қырлылығына қызығып, зерттеу нысанына айналдарған шетелдік зерттеушілер де аз болған жоқ. Сондықтан қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің зерттелу аясында да көп мән бар. Яғни, мұғалім сабақ барысында оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыруда қосымша ресурстарды жиі қолдануға тиіс. Қосымша ресурс ретінде қазақ фольклорлық шығармаларын пайдалану өте қолайлы. Себебі, қазақ әдебиетінің фольклоры өте бай. Соның бірі де бірегейі – жаңылтпаштар жанры. А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде жаңылтпашқа мынадай анықтама береді: «Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, иә тіл келмейтін, иә тіл басқа сөз қылып бұзып кететін сөздердің басын құрап, келістірген шығарма жаңылтпаш деп аталады». Халқымыздың сөйлеу тілін дамытатын басты құрал жаңылтпаш жанры екендігіне тоқталып өтеді.
Зерттеуші Н.Төреқұлов «жаңылтпаш халықтық поэтикалық шығармалардағы фольклордың шағын жанрына жататын, дыбыс үйлесімділігіне негізделген, тез және айқын айтылуы қиын сөздер тізбегі» деген анықтама бере отырып, жаңылтпаш, мақал-мәтел, жұмбақтарды дидактикалық шағын жанрға жатқызады. Жаңылтпаш жеке баланың ермегi емес, ол – көбiнесе жұрт жиналған жерлерде балалардың тез де, жаңылыссыз, дыбыстарды анық сөйлеуiне дағдылануына үйрететiн өлең-ойын. Оның ойындық сипаты балалардың бiр-бiрiмен жарыса кезекпе-кезек айтысуында жатыр. Ол тiл жаттықтыру мақсатын ғана көздемейдi, жаңылтпаштағы сөздер дұрыс айтылмаса, құлаққа мүлде басқаша естiлiп, күлкi де туғызады. Мәселен: Ақ тай ақ па? Қара тай ақ па? деген сияқты жаңылтпашты интонацияны дұрыс сақтамай, жылдамдата айтса, Ақ таяқ па? Қара таяқ па? болып мағыналық жағынан мүлде өзгерiп кетедi.
Бастауыш сыныптардағы орыс тілді оқушылардың жас ерекшеліктеріне орай жеңілдеу жаңылтпаштар беріліп, сөздегі дыбыстардың айтылу ерекшеліктері мен мағыналық жақтары талданады. Мысалы:Күз, Кез, Көз, Күш, Кеш, Көш, Кір, Кер, Көр, Күл, Кел, Көл, Кілең қысқа сөз, Кім оқиды тез? немесе Үш кіші ішік піштім, Бес кіші ішік піштім, Неше кіші ішік піштім? Бұл екі жаңылтпашта да, қазақ тіліндегі «ү», «ө», «і» дыбыстары қайталанып, жиі кездеседі. Сондықтан, жаңылтпашты жылдам әрі дұрыс айтқан оқушының тілі де дыбысты айту мәнері де тез қалыптасады.
Қазақ тілі сабағында әдістерді тиімді пайдалану арқылы оқушылардың білімге деген қызығушылықтарын арттыру, терең ойлау қабілетінің белсенділігін қалыптастыру, оқытудың жаңа технологиясы арқылы жүзеге асып келеді.