Кайыпбекова Бакыт Туяковна
Астана қаласындағы
№ 60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай
«Ахмет Байтұрсынұлы– қазақ халқының ұлы көсемі»
(сыныптан тыс іс-шара)
Қатысушылар: Мектеп оқушылары (орыс сыныптары)
Сыныптан тыс іс-шара.
Сабақтың түрі: Дөңгелек үстел
Көрнекілігі: Кітап көрмесі.
Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ахмет Байтұрсынұлы– қазақ халқының ұлы көсемі».
ҚР Әнұраны. Фанфар
Жүргізуші: Қайырлы күн құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар!
Бүгінгі тәрбие сағатымыз Ахмет Байтұрсынұлының рухы мен бізге қалдырған ұлы мұрасына арналады. Өткенсіз бүгін жоқ. Саналы ұрпаққа тарихты білмеу ұят. Болашағы нұрлы елдің ертеңі — сендерсіңдер деп, ашық сабағымызды бастайық.
Мақсаты:
- Оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы туралы ақпараттарымен бөліседі.
- Оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздерін, өлеңдерін мәнерлеп оқиды.
- Викториналық сұрақтарға жауап береді.
Бейнеролик: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі туралы не білеміз, қане ортаға салайық. Ол кісі қай жылы, қай өңірде дүниеге келген?
1 оқушы: Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысының Торғай өңірінде дүниеге келген.
2 оқушы: Биылғы жыл халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеушісі, тюрколог, дарынды ақын — аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл.
3 оқушы: Ахмет Байтұрсынұлы — қыры мен сыры мейлінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914-1915 жылдан 1927-1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының «Әліпбиімен» ашып, ана тілін Байтұрсынұлының «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді.
4 оқушы: Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. Александр Викторович Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын да білген.
5 оқушы: Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882- 84 ж.ж әуелі көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады.
6 оқушы: 1895 жылы 1 маусымнан бастап мұғалім болады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылық саясатын айыптайды.
7 оқушы: 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан, кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жасайды, өлең – жыр тудырады. Ел ішінде жас, оқыған, еркін мінезді батыл ойшыл бедел — атағы өсе бастайды.
Ақынның өлеңдері оқылады. «Оқуға шақыру» өлеңі
8 оқушы: Балалар! Оқуға бар!
Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.
9 оқушы: Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.
10 оқушы: Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.
Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.
11 оқушы: А. Байтұрсынов 1917 жылы өз пікірлестерімен бірге «Алаш» атты партия құрды.
А. Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы мол: «Әліппе», «Сауат ашар», «Оқу құрал», «Әдебиет танытқыш», «Қырық мысал», «Маса» — төл тума және аудармалар.
- оқушы: Ахмет айдаудан 1934 жылы босатылды. Бұдан соң ол ешқандай мемлекеттік жұмыстарға араластырылмады. 1937 жылдың 8 қазанында Алматыда қайтадан тұтқындалып, 1937 жылы желтоқсанның 8 күні жазықсыз атылды
- қушы: Ұлттың ұлы ұстазы. Ағартушы-ұстаз. Тілші-ғалым. Аудармашы. Ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. Ахмет Байтұрсынов өз халқын сүйген патриот адам
Семей түрмесiнде жатқанда анасына арнап «Анама хат» атты өлең жазды.
14 оқушы: Қарағым, айналайын, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп алдым қалам.
Сенi онда, менi мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай едi хақ тағалам
Бара алмай, өтiрiкшi болып әбден,
Семейдiң түрмесiнде отыр балаң.
Мал ұрлап, кiсi өлтiрген айыбы жоқ,
Өкiмет- өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмiтсiз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннетке де тарам-тарам.
Оқ тиiп он ішiмде ой түсiрiп,
Бiтпеген жүрегiмде бар бiр жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенiмнiң бәрi харам.
Адамнан туып, адам iсiн етпей,
Ұялмай, не бетiммен көрге барам?!
Көп айтпай, қысқасынан сездiретiн —
Балаңның мiнезi бар сөзге сараң:
Кетер деп «суға құлап, отқа түсiп»,
Қайғы жеп, менің үшiн болма алаң!
15 оқушы: 1937 жылы екінші рет ұсталып, сталиндік репрессияның пышағына ілініп, атылады. Қазақ халқы өзінің рухани көсемінен осылайша мәңгіге айрылды. 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Соты Ахмет Байтұрсыновты ешбір қылмысы жоқ деп тауып, оны толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, ғалымның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді.
16 оқушы: Ахмет Байтұрсынұлының — еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі-соңынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахмет Мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті өзінің басшысы деп санайды.
17 оқушы: Ахмет тағылымын бір сәтте оқып білуге болмайды. Оны жылдар бойы оқып үйренуіміз керек. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арналған.
Оқушылар өлең оқиды. Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздерін айтады.
Викториналық сұрақтар:
- А. Байтұрсынов қай жылы, қай жерде дүниеге келген? (1872 жылы
5 қыркүйекте Қостанай облысының Торғай өңірінде дүниеге келген)
- Қай қалада мұғалімдік мектепте оқып, білім алған? (Орынбор)
- А. Байтұрсынов қай газетке редактор болған? («Қазақ» газеті)
- 4. Александр Викторович Затаевич Ахмет Байтұрсынұлы қандай ғалым деп айтқан? (шебер әнші, домбырашы,шығу тарихын білген)
- А. Байтұрсынов 1917 жылы өз пікірлестерімен бірге қандай партия құрды? («Алаш» атты партия)
- Ахмет айдаудан нешінші жылы босатылды? (1934 ж)
- Ахмет Байтұрсынов кім? (тілші, ғалым, аудармашы, ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы).
«Атамекен» әнімен сабақты аяқтау.
Жүргізуші: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек. Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым ете отырып, бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
(Оқушыларды марапаттау)