Оразбаева Назира Мейманханқызы
Астана қаласы
№ 60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Ертегілер – бастауыш мектеп оқушыларының ой-өрісін жетілдіріп, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар баланың сөздік қорын, жазу, ойлау, еркін сөйлеу қабілеттерін молайтуда қызметі өте зор. Ұрпақ тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер — тілі жеңіл, түсінуге оңай — әрі білім, әрі тәрбие құралы. Ертегілерді сахналау, тыңдау, әңгімелеу арқылы балалардың ойлау және сезіну қабілеттерін, қызығушылықтары мен шабыттарын оятып, көзқарастарын анықтау мүмкіндіктерін тудырады. Ертегілер – бала дамуындағы үлкен маңызы бар, әдеби жанр. Ертегі жанры баланың ой-өрісін жетілдіріп, сана- сезімін оятып, қиялын қанаттандырады, жаманнан жирендіріп, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Әр алуан мазмұндағы ертегілермен танысу бала қиялын ұштап, еркін сөйлеуге үйретеді.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарин балаларды оқыту-тәрбиелеу ісінде ауыз әдебиеті шығармашылығының маңызды орын алатынын айта келіп: «Өмірге қажетті ауызекі сөйлеу дағдыларына жаттықпайынша, қай — қай тілде болса да еркін, жүйелі сөйлеу мүмкін емес», — деген болатын. Ертегілердің баланың жүйке жүйесіне әсері жөнінде көптеген тәжірибе жинақталған. Ертегілер — бала дамуындағы өмірге деген талпынысын қалыптастырудағы басты құрал. Ертегілер – баланың санасын, назарын аударатын, қиялын шарықтататын, өзін-өзі танитын, келешекке сеніммен қарайтындай маңызды, пайдалы, тәрбиелі, көркем әдеби қазына болып табылады.
Ертегіні ойдан құрастыру оқушылардың ертегі желісі бойынша тапсырмаларды орындауға, ертегі желісі бойынша суретін салуға, еркіндікке, ой ұшқырлығын дамытуға, еркін жазуға, тілдік қорын байытуға, еркін сөйлеуге дағдыландырады. Балалардың ойын, қиялын дамыту барысында, ертегіні бастап беріп, баланың өзіне аяқтатуға мүмкіндік беру керек. Ертегі құрастыру арқылы оқушының сабаққа, пәнге деген қызығушылығы артып, сөздік қоры молайып, тілі дамып, еркін өз ойын айтып, тұлға ретінде дамуына септігін тигізеді, қалыптастырады.
Ертегі кейіпкерлеріне арнап сурет салу — ең қызықты тақырып. Әрбір бала ертегіні қызықтап оқиды, әңгімелеп береді және сол туралы сурет салуға құштар болады. Ертегіні құрастыру мен суреттеу барысында оқушының жан-жақты қырларын, дүниетанымын, ақыл-ойын, шығармашылығымен қатар ойының ұшқырлығын байқауға болады. Сурет салу арқылы оқушының есте сақтау қабілеттері дамиды.
Мемлекеттік тілде сөйлеу, оқыту әдістемесін жетілдіру, соның ішінде, бастауыш мектеп оқушыларының тілін, шығармашылық қабілетін дамыту, сөздік қорын молайту назардан тыс қалмай жүрген мәселелердің бірі. Ертегіні кітаптан жай ғана оқып бермей, оның орнына ертегіні баяндай отырып, көрнекіліктерді, жаңа технологияларды көбірек қолданып, ертегі желісіне сай мұңайып, шаттанып, ертегідегі оқиғалармен оқушыларды қызықтыра алу, әрі сүйсіне тыңдату үлкен шеберлікті талап етсе, өзі құрастырған ертегіні оқу, әрі суретін салу, оқушының шеберлігін одан әрі шыңдай түседі.