Байдаулетова Замзагуль Махметовна
Астана қаласы
№ 60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қазіргі күні мектепке қойылып отырған талап жалпы адамзат мәдениетінің қорымен және қайта құрылатын ұлт мектебі ұлттық игіліктерінің үйлесімді байланыстыруларын жүзеге асыру. Ал оқушыларды оқуға танымдық және шығармашылық қабілеттілікке баулу міндеті мұғалімге жүктеледі. Жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті, шығармашылықпен ой толғай білетін, оқу арқылы өзінің ой-өрісі, шығармашылық қабілетін дамыта алатын жеке тұлғаны қалыптастыруымыз керек. Тіл сабақтарында оқушы шығармашылығын дамыту үшін мұғалім өзінің шеберлігіне, өтілетін тақырыбының мазмұнына байланысты кітаппен жұмыс істеудің әртүрлі жолдарын тапсырмалар беру арқылы іске асырады. Мектеп жасындағы балалар, психологтардың айтуынша, алғыр, шапшаң, сезімтал, ештеңені жасырмай, нені болса да, еркін айтады. Сондықтан баланың шығармашылығын дамытуда ұстаз көп еңбек сіңіру керек. Баланың қиялын дамытып, ойын ілгері жетектеуде лингвистикалық жаттығулардың рөлі зор. Сабақ үрдісінде материалды салыстырып, қарама-қарсы қою әдісі арқылы ұғындыру да өз нәтижесін береді. Қазақ тілі сабағында шығармашылық жұмыстардың сан түрі жүріп отырады. Шығарма, мазмұндама, сурет салу, сөйлем талдау, теориялық ереже шығару, өлең құрастыру – тіл сабақтарының айнымас бөлімі. Мұғалім оқушыға үнемі танымдық қабілетінің даму жолдарын нұсқап отырса, баланың да ізденіске құлшынысы артады. Нәтижелі сабақтың тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру оқушының сабаққа қызығушылығын арттырады. Сабақтың қызықты өтуіне диалог-ертегінің де пайдасы мол. Бұл тәсіл айтылым дағдыларын дамытады. Оқушының қиялын шыңдайды. Кез келген мәтін мазмұнын меңгерткеннен соң, кейіпкерге хат, авторға арнау жаздырылса, тақырып саналы түрде меңгерілген болады.
Қабілеттілік туа біткен қасиет, ол қасиет барлық оқушының бойында бар, тек сабақтағы мұғалімнің әрекеті арқылы дамиды. Оның дамуы баланың жаңа білім алуымен, оның біліктілігі мен дағдыларының қалыптасуымен тікелей байланысты.
Шығармашылық қасиеттің адам баласының бойында қалыптасуында тіл және әдебиет сабақтарының берері мол. Баланы шығармашылыққа қалай баулу керек?
Қазіргі өзекті мәселе сол. Шығармашылыққа үйрету жолдары:
- Мұғалім, ең алдымен, сыныпта шығармашылық психологиялық ахуал қалыптастыруы қажет. Яғни оқушылардың назарын шығармашылық арнаға бұруға бағытталған қызметті жүзеге асу керек.
- Шығармашылық жаттығулар, тапсырмалар мазмұны жас ерекшеліктеріне сай болуы тиіс.
- Шығармашылықпен айналысуға қолайлы жағдай жасалу міндетті.
- Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі, сапалы жүргізілгені жөн.
Оқыту сабақтарының шығармашылық сипаты оқушының танымдық белсенділігін оятып, шығармашылық қабілеттерінің дамуына, тәртіптілік пен жолдастыққа, адамгершілік қасиеттеріне әсер етеді. Ұжымдық сабақтарда өзінің сыныптасының кемшілігін көруге, оған достық қолын созуға, өзгелердің ісінен сабақ алуға, саналылыққа, танымдық, әлеуметтік ұстанымның қалыптасуына өз ортасының пікірінің әсері зор. Мұндай сабақтарда оқушылардың ұжымдық ой-пікірлері қалыптасып, сыныптағылардың пікірі бойынша ортақ тұжырым жасауға үйренеді: ортақ іске өз үлесін қосады, жолдасының жауабына пікір айтып, бағалауға үйренеді; оқушының өзіндік жұмысы талқыланады: шығарма, реферат, бақылау жұмысы, сайыстар ұйымдастырылып, оқушылардың жарысу серпінін туғызады; ортақ мақсаттарының болуы есебінен топтық шешім шығады, болжамдар жасайды, эксперименттер жүргізіледі.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін шығармашылық қабілеттерін сабақта мен мынадай әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Олар мыналар:
1.Мәтін, ертегіні, әңгімені өз ойларыңмен аяқтау. Мысалы: Айбар далада ойнап жүреді. Кенет бір бала су алам деп шелекпен бірге құдыққа түсіп кеткен екен.
— Айбар не істеді?
Бұл мәтінді бір-екі бала былай деп аяқтапты: Айбар жүгіріп барып, көршілерді шақырды. Жан-жақтан көмекке үлкен кісілер келіп, әлгі баланы құдықтан шығарып алды. Құдыққа түсіп кеткен баланың ата-анасы Айбарға ризашылығын білдірді.
Айбар ойланбастан жүгіріп барып, үйінен арқан жіп әкелді де, баланы өзі бар күшімен шығарып алды. Құдыққа құлаған бала аман-есен шықты. Ол Айбарға рахметін айтты. Сөйтіп әлгі бала мен Айбар достасып кетті.
Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қойғызу.
— Шығарма, мәтін құрастыру. /Тақырып бойынша. Жоспар бойынша. Тірек сызба арқылы/
- Өлең құрастыру. Дайын өлең жолдарын бір, екі жолын беру арқылы. Дайын ұйқастарды ұсыну арқылы.
- Шығармадағы әңгімеге ұқсас оқиғалар айтқызу.
- Көлемі ұзақ шығармаларды жоспар құру арқылы қысқартып әңгімелету.
- Кейіпкерлерге мінездеме бергізу.
- Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу.
- Рөлге бөліп оқыту.
- Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ, ребус, құрастырмалы ойындар т.б.)
- Қайталау сабақтарында, оқыған мәтіндері бойынша өз беттерінше тест тапсырмаларын құрастыру.
- Белгілі ақын, жазушы шығармасына еліктеп өлең, әңгіме, ертегілер жазғызу.
Сабақтан тыс уақытта оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін әртүрлі кездесулерден, саяхаттардан, журналдардан, оқығандардан алған әсерлерін әңгімелету. Шығарма ретінде жаздыруға, оқытылып отырған шығармалардың авторлары туралы толық мағлұмат жинап, реферат жазғызуға болады. Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Қорытындылай келгенде, тіл дамыту жұмыстары оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ауызекі сөйлеу дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Берілген тапсырмаларды өз беттерімен орындауларына жол ашады. Ең бастысы, сөйлеу тілдерінің көркеюіне, өз ойын еркін жеткізе білулеріне, сауаттылықтарының артуына да түрткі болады.