Шахарова Алия Балгашовна
Астана қаласы
№ 60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын
жалғастыруымыз керек…
Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың
ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен
біз алдағы асулардан алқынбай асамыз…
Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық…
Арғыдағы тарихын қопарсаң, аңызы мен ақиқаты қатар өрiлетiн, өткен ғасырлардың түпкiрiне жетелейтiн Атбасар аймағы – тарихи мекен. Атбасар – кемел, тарихы кенен, қойнауы қазына, байлыққа тұнған киелі мекен. Алқабы алтын дәнге, өрісі төрт түлік малға толы берекелі өлке.
Жалпы, Атбасар өңірі көне тарихтан бастау алатынының бір дәлелі — тарихта белгілі Атбасар мәдениеті – төменгі палеолит дәуірінен сақталған ескерткіштер. Осы мәдениетке жататын тұрақтар мол шоғырланған Атбасар ауылының атымен аталған. «Атбасар мәдениетіне жататын жиырмаға жуық тұрақ зерттеліп, қазылған. Көптеген тұрақтар Солтүстік Қазақстанның Есіл мен Шағалалы өзенінің ескі арналары жағалауларында орналасқан. Тұрақтардан табылған еңбек құралдары Солтүстік Қазақстанда б.з.б. ІІІ мыңжылдықтың басында өндіруші шаруашылықтың қалыптаса бастағанын көрсетеді» деп жазылған тарихи материалдарда.
Атақты Асан қайғы бабамыз да Желмаясымен желітіп ұрпағына Жерұйық іздеп жүргенде Есілдің өзіне тартқан бір саласын көріп: «Шіркін, сен де ат тұяғы басуға жарар жер екенсің, сенің атың Атбасар болсыншы» деп ат қойып кетіпті-міс деген де аңыз бар.
Киелі мекенде Абылай мен Кенесары тұлпарларының тұяғының ізі қалғаны тарихтан мәлім. Абылай Атбасар өңірі арқылы Ұлытау мен Көкшетауға – өзінің хан ордасына сапар шегіп жүрді. Бұл тұрғысында кезінде Троицк бекiнiсiнiң тiлмашы Ф.Гордеев: «Аблай султан кочует при речке Атбасар и урочище Колутон, при речке Жыланды тав, то есть при Змеиной горе” деп жазған екен.
Атбасар тарихының шоқтығы биік бір белесі — қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың Атбасар округі бойынша аға сұлтандыққа дауысқа түсуі, сұлтан болу ниеті.
Шоқан Ф.М. Достоевскийге жазған хатында: «Мен сұлтан болып өз отандастарыма пайда келтіріп, оларды шенеуніктер мен қазақ байларының озбырлығынан қорғайын деп ойладым. Сондағы бар ойлағаным, өзім үлгі болу арқылы жерлестеріме білімді сұлтан — басқарушының олар үшін пайдалы екенін көрсеткім келді», — дейді.
«Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» деген сөз бар. Ал осы барша қазаққа мақтан болған өр тұлға Шоқанның Атбасар өңірінің қамын ойлаған ниеті – біздер, атбасарлықтар үшін мақтаныш, өлке тарихы үшін баға жетпес қазына.
Ел тағдырына селқос қарамаған Шоқан адамдардың ортағасырлық артта қалған мешеулігін, отарлаушы шенеуніктердің жүгенсіздігі мен қазақ феодалдарының озбырлығын көрді. Ол мұндай зорлыққа төзе алмады, қарапайым адамдардың мүдделерін жақтап, олардың құқығын қорғады. Бірақ ол утопиялық идеяларға беріліп, «халық бақытын» жоғарыдан, «өкімет билігімен» орнатуға болады деген пікірде болды. Уәлиханов сайлауда аға сұлтандыққа өз кандидатурасын ұсынады. Уәлиханов мешеу көзқарастармен жігерлі күресіп, феодалдық- патриархалдық құрылыс тудырып, қолдап отырған ескі нанымдар мен әдеттерге қарсы шықты. Олардың көрінісін өз туысқандарының арасынан да байқады. А. Н. Майковқа жазған хатында Шоқан: «Менің туыстарым… көптеген ұлттық та, таптық та ескілік шырмауында. әсіресе, бірбеткейлік, даңққұмарлық бірден көзге шалынады. Осыдан-ақ олардың өздері туралы, өздерінің ақылдылығы туралы және басқалар туралы жоғары пікірде болатыны түсінікті. Әртүрлі ақыл-кеңестер немесе дау-дамай олардың менмендігін тек тітіркендіреді және қасарушылықтарын нығайтады. Көппен жалғыз алысуға шама келмесіне көзім кетті, шындық қанша нұрлы болғанымен, адасқан ақылға сәуле түсіре алмайды екен, уақыттың өзі соған себепкер болса амал бар ма?» , — деп жазды.
1862 жылы Потанинге жолдаған хатында: «Мұндағы мақсатым – өз халқымды әкімдер мен зорлықшыл бай қазақтардан қорғау еді», – деп ашық жазды. Ал, А.Г.Майковқа жазған тағы бір хатында Шоқан бұл пікірін тереңдете түсіп: «Жергілікті сұлтандармен және қара сүйек қазақтардан шыққан байлармен қазір аразбын», – дейді ол, – мен оларға жалшыларды жақсы ұстаңдар, еңбек ақысын дұрыс төлеңдер дегенді талай рет талап еттім. Мен даланың пролетариатымен жақсы доспын, өйткені бір-бірімізді жақсы ұғамыз».
1853 жылы таратылып жіберілген, әуелбаста «Құсмұрын» кейін «Аманқарағай» атанған Шоқанның әкесі Шыңғыс билеген дуанның орнына 1859 жылы қайтадан «Атбасар» дуаны болып құрылды. Атбасар дуанын жайлап, үстемдік жүргізушілер жарық-найман ішіндегі бағаналылықтар болатын. Олардың бетке ұстарлары Ерден, Дүзен, Байғұлы Сандыбайұлдары еді. Бұлар көп оқымағанмен байлықтарымен танылғандар еді. Міне, осы Ерден Сандыбайұлы 1862 жылы Шоқан Уәлихановпен Атбасар дуанына аға сұлтандыққа дауысқа түскенiн тарихтан хабары бар адамдар бiледi. Ел аузында «Омбыдан Шоқан шықты «Баламын» деп, «Ақылға жас та болсам данамын» деп, Арқырап аждаһадай Ерден шықты, «Ұяны екі жерден саламын» деп — деген жыр жолдары осы оқиғаға байланысты туған.
Шоқанның Атбасар уездіне аға сұлтандыққа үміткер болуы туралы мынандай дерек те бар: «По всей вероятности Шокан Валиханов, пытаясь принести своему народу пользу, в 1862 году принимает решение участвовать в выборах главы Атбасара. К этому времени Шокан уже немало потрудился, в освоении востока. К сожалению, среди чиновников империи были люди, которые недолюбливали молодого, талантливого казаха, и оказывали ему всяческие противодействия. Это такие бюрократы того времени как Фридрихс, Кури, Дюгемель, Бабков и др. Это несмотря на то что о Шокане тепло и лестно отзывались такие выдающиеся личности как Г.Н. Потанин, Н. Ядринцев, Гутковский, Гейнс, П. Семенов-Тяньшанский и др при выборах в Атбасаре, усиленно Шокану противодействовал Кури, донося на Шокана Валиханова разные неправдивые сведения высшему начальству, подстрекая при этом Ердена Сандыбаева, который выиграл выборы в результате бюрократического произвола и путем дачи взяток этому баварскому немцу. Даже после выборов секретарь областного правления Кури не успокоился, как свидетельствуют сведения М.Ж. Копеева, по всей вероятности он надоумил Ердена Сандыбаева написать «донос» на Ш. Валиханова».
Ел аузындағы аңызды айтар болсам: Саққұлақ шешен Шоқанды және оның әкесі Шыңғысты жақсы білген. 1863 жылы Саққұлақ бидің ауылына Шоқанмен бірге Атбасар уезіне аға сұлтан болу үшін дауысқа түскен Ерден Омбыға бара жатып қонақ болған. Әңгіме үстінде Ерден Шоқанның үстінен шағым түсіру үшін бара жатқанын ортаға салады. Сондағы мақсаты аға сұлтан болып өзінің сайлануы. Шешен оның сөздерін мұқият тыңдап алып, ертеңгісін жолға аттанайын деп жатқанда былай деп жауап берген екен:
Батыр жауда керек,
Шешен дауда керек.
Өз ісіне бармаса,
Өр мінезі қалмаса,
Батырдың басы орда қалар.
Ерден Саққұлақ би шешеннің сөздеріне мән беріп, жол бойы біраз ойға шомса керек. «Манағы сөз қалай айтылды, бұл сапарымның жөні болмас», — деп, атының басын кейін тартып, еліне қайтыпты.
Бұл сайлауда Шыңғыс төренің ұлы Шоқан Уәлиханов жеңіп шығуы тиіс болады. Ел танып, Ресейде оқыған зиялы Шоқанның сайлауда жеңетініне қараша халық сенімді еді. Осы тұста отарлау саясатын тереңдетумен Шыңғыс әулетінің билігін әлісірету мақсатымен Шоқанды сайлауда жығып беру амалдары жасалады. Көшпенді қазақтың отырықшылыққа өтуін, білім алу мен ғылымға деген көзқарасын ояту жолында біраз жұмыстар жүргізген Шоқан Уәлихановтың барлық жоспарын жүзеге асыртпау үшін осы сайлау тиімді еді. Сайлау арқылы Шоқанның беделін де әлсірету көзделді. Патша үкіметі бұл саясатына жетті де. Шыңғыс төренің Бағаналының жер дауында қамқорлық көрсете алмағынын естеріне салып, ескі жараның аузын қайта ашып, ішкі дауды қоздырды. Зерттеушілердің дерегі бойынша осы сайлауда Ерден – 14, Шоқан – 25 дауысқа ие болады. Дегенмен Омбыдағы жемқорлар Шоқанды Атбасарға аға сұлтандыққа өткізбеді. Орыс деректері Шоқанды осы сайлаудан өзі бас тартты деп көрсетеді. Сайлау өткен соң Шоқан өз досы Ф.М.Достаевскийге жазған хатында былай деп жазады: «…мен Атбасар округінің аға сұлтандығына сайлануға келіскен едім, бірақ сайлау түрлі шенеуніктік кедергісіз өтпеді. Облыстағы және приказдағы мырзалар бәрі бірдей оған қарсы шықты». Мұндай қарсылықтың өз себептері де болмай қалған жоқ. Шындығында мұның астында патшаның мысқылдаған саясаты жатыр еді. Шоқанның бұл сайлауда жеңе алмағанына әкесі Шыңғыс сұлтанның кезінде бағаналы наймандардың жер дауында оларға қорған бола алмағаны да, ұлы ғалымның сырқатқа ұшыраған денсаулығы да басты себеп болса керек. Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік мұрағатта сақтаулы тұрған Батыс Сібір генерал-губернаторы А.И.Дюгамель қол қойған 1862 жылғы 10 қарашадағы № 54-бұйрығында былай деп жазылған:
«Сібір қазақтары облысы бойынша Атбасар дуанының аға сұлтаны болып сайлауда көпшілік дауыс алған, алайда ауруына байланысты бұл қызметтен бас тартқан штабс-ротмистр Шоқан Уәлихановтың орнына 1862 жылдан бастап үш жылдық мерзімге хорунжий Ерден Сандыбаев және оған кандидат болып сұлтан Көшек Жадаев бекітіледі. Ерден аға сұлтан қызметін ұзақ атқара алмады. Денсаулығының нашарлауына байланысты 1862 жылы ол қызметтен өз еркімен бас тартады. Ерденнің үш жылдық мерзімі біткенше аға сұлтандыққа кандидат Көшек Жадаев аға сұлтан қызметіне тағайындалады.
Қазіргі таңда Қазақ елінің арғы-бергі тарихын зерттеу бағытында шаралар қолға алынуда. Ендеше, халықтың сана-сезімі өсіп, жарқын болашаққа сенімді қадам басуы үшін еліміздің өткені мен тарихи тұлғаларын таныту ісін жалғастыру қажет-ақ. Шоқан бабамыз біз үшін күресті, ал біз Шоқандай ерді ұлықтауымыз керек.