Ақмола облысы,
Целиноград ауданы
«Төңкеріс ауылының жалпы орта білім беретін мектебі»
Коммуналдық Мемлекеттік мекемесі.
Тарих пәнінің мұғалімі: Ермуханбетова Кулшат Сейткеровна
Тақырыбы: Тәуелсіздік белестері
Тақырыптың мақсаты: «Тәуелсіздік ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз» деп мақаланы президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен бастап отырмын.
Тәуелсіздік — кез келген халық үшін өте қадірлі ұғым. Азаттықты ғасырлар бойы аңсаған халқымыздың асыл арманы орындалған ұлы күн — Ел тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отыр. Үш жүз жыл бойғы бодандық бұғауынан азат болған қазақ халқы тарих көшімен салыстырғанда қас-қағымдай осынау уақыттың төрткүл дүниеге танылды, әлем мойындаған егемен ел болды. Ежелгі қазақ даласында өзіне тән барлық институттары бар түбірінен жаңа демократиялық-құқықтық мемлекет құрылды.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер: ресурстар, білімді адамдар, жұдырықтай жұмылған ұлтымыз бар.
Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Өйткені, бабаларымыздың ұлан байтақ жерін қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап-қадірлегенін білеміз. Жастар сондай текті ұрпақтың ұрпағы екендіктерін сезініп, осы «тәуелсіздік», «мәңгілік ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеуге міндетті.
Тақырыптың міндеттері:
- Тәуелсіздік белестеріне тоқталу;
- Тәуелсіздіктің тұрақтылығы ұғымның мәнін жете ұғынып, бағасын біліп, зердесіне сіңіру.
- Жастарды қазақстандық патриотизмге шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет.
Тақырыптың өзектілігі.
«Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясында» маңызды екі міндетті атап өту керек. Біріншіден, білім беру ісі отанның игілігі үшін саналы түрде таңдау жасауға және өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті патриотты тәрбиелеуге қолдау көрсетуі керек. Екіншіден, білім беру ісі кез келген жағдайға бейімделгіш және жаңа идеяларды қабылдауға қабілетті, өзіне де, жақындарына да қамқорлық жасай алатын, бәсекеге қабілетті және үнемі жетіліп отыратын адамды тәрбиелеуге септігін тигізуі қажет. Жаһандану жағдайында осы екі зор міндетке үшіншісі — ұлттық сәйкестікті сақтап қалу міндеті қосылды.
Қазақ халқының бір ерекшелігі – ұлттық тәрбиеге үлкен мән беруінде. Ежелгі ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы өз ұрпағын күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы сырнай үнімен, ғашықтық жырымен, асқақтата салған әнімен, мақал-мәтел, шешендік сөз, жаңылтпаш, айтыс-өлеңдерімен тәрбиелеп келгені шындық. Өйткені, бүкіл саят-санасы, әдет-ғұрпын ертегі, аңыздар, жыр – термелері, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, барлығы да айналып келіп тәрбиеге келіп тірелген.
Осыған орай таңдалған тақырыптың өзектілігі мен оның құндылығы маңызы өте үлкен екендігін атап өткім келеді.
Ал енді тәуелсіздік белестеріне тоқталсақ, мынадай 30 жылдың ішінде маңызды саяси оқиғаларға куә болған екенбіз:
1991 жылы 16 қазанда — Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды.
1991 жылы 1 желтоқсанда — Қазақ КСР-інің Президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 % дауысын жинаған Н.Ә.Назарбаев Республика Президенті болып сайланды.
1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заң қабылданды. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды.
1992жылы 15 қаңтарда«Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-на мүше болып, оның халықаралық қатынастар жүйесінде дербес субъект сапасында ықпалдасуы басталды. 1991-1994 жылдар аралығында әлемнің 111 елі ҚР таныса, 92 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
1993 жылғы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.
1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент жарлығы шықты. 1993 жылы 15 қараша «Ұлттық валюта» күні деп аталып, алғашқы Қазақстан Республикасының теңгесі айналымға түсті. Оған атақты тұлғалар суреті басылып шықты. 2006 жылы 15 қарашада теңгеміз жаңа басылыммен қайта шықты.
1995 жылы 1 наурызда Президент Жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды.
1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу (ЯСЖТ) шартына қосылды.
1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы қабылданды.
1997 жыл -халықтық жалпы келісім мен саяси репрессия құрбандарына арналған жыл болып, «Қуғын сүргіндерді еске алу жылы» деп аталды.
1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының жұртшылығының тілегі ескеріліп, ҚР Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде Ақмола атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты.
1999 жылдың 10 қаңтарында өткізілген мерзімінен бұрын болған президенттік сайлауға қатысқан дауыс берушілердің 79,78 %-ы Н.Ә.Назарбаевты қолдады.
2001 жылы 14 маусымда «Шанхай бестігі» Өзбекстанмен толығып, «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» құрылды.
2006 жылдың қаңтарында республиканың жаңа әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне композитор Ш.Қалдаяқовтың (сөзі Ж.Нәжімеденовтың) 1950 жыдары жазылған «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы әнұранның заңды авторларының бірі — Н.Ә.Назарбаев.
2014 жыл 17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. 2015 жыл 26 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Президент орынтағы үшін үш үміткер сынға түсіп, нәтижесінде, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық дауысына қол жеткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Елордада ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы халықаралық шара 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өттi.
2019 жылдың 19 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз өкілеттілігін тоқтату туралы мәлімдеді.
2020 жылғы 11 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы» жарлық қабылдады.
2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда халық санағы жүргізілді.
Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын.
Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастарда. Бұл үшін азаматтар тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қарулануы қажет. Елдің экономикалық, рухани жағдайының дамып, өркендеуі, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру елдің білім деңгейімен де тығыз байланысты. Қазіргі кезде бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып та жатыр.
Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы.
Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Жас ұрпақты тәрбиелеп білім нәрімен сусындатып отырған біз үшін тәуелсіздіктің маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол.Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан бейбіт таң нұрын төгіп атып, ашық аспанымызда еркіндіктің самалымен тұрып, батысқа ертеңге деген сеніммен бататынын көреміз. Еліне деген жүрегінде махаббаты бар адам ретінде Тәңірдің бізге берген осындай сыйлығын әрбір қазақ құрметтеп, мәпелеп, келесі ұрпаққа еш кемшіліксіз табыстауға тырысуы керек деп ойлаймын.
Еліміздің болашағы үшін жанын беріп, осы күнді бізге табыстап кеткен азаттықты бағалау, қастерлей білу әрбір Қазақстандық азаматтың парызы.
Сондықтан, тәуелсіздіктің ақ таңы мәңгілік болу үшін әрбір адам өз тарапынан елге деген, жерге деген сүйіспеншілігін сақтап, еліміздің ынтымақ, бірлігінің бұзылмауына атсалысуы тиіс. «Бірлік барда тірлік бар» дегендей, ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, сыйластықта өмір сүрсек еліміздің іргесі сөгілмесі анық. Жаңашылдық дәуренде тәуелсіздігінің 30 жылдығына қол жеткізіп отырған Қазақ елі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Ынтымағымыз бен бірлігіміз ажырамай, амандықта, саулықта өмір сүрейік!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін! Деген тілекпен мақаланы аяқтағым келеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- 1. Выступление Президента Республики Казахстан Нурсултана Назарбаева на V Астанинском экономическом форуме 23.05.2012 г. // http://www.akorda.kz.
- 2. Послание Президента РК Н.А. Назарбаева народу Казахстана «Социально-экономическая модернизация – главный вектор развития Казахстана» // Казахстанская правда, 2012, 27 января.
- 3. Назарбаев, Н. Қазақстан жолы / Н. Назарбаев.- Астана, 2007.- 372 б.
- 4. Нұрсултан Назарбаев: елмен сырласу . Т.ІІ: сөздер, сұхбаттар / жобаның авт.: М.Жолдасбеков.- Астана: Күлтегін, 2009.- 254 б.
- 5. Қасымбеков М. Елін сүйген, елі сүйген Елбасы.- Астана,2005.- 200 б.