Home » Мақалалар » Тәуелсіздік жолындағы күрес шежіресін ұғындыра отырып оқушыларды Отан сүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу

Тәуелсіздік жолындағы күрес шежіресін ұғындыра отырып оқушыларды Отан сүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу

Астана қаласы әкімдігінің «Райымбек батыр атындағы
№50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
тарих пәнінің педагогі Байгоринова Алмагул Тулеуовна

Тақырыбы:  Тәуелсіздік – тәу етер киелі ұғым

Мақсаты:     Тәуелсіздік жолындағы күрес шежіресін ұғындыра отырып оқушыларды Отан сүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу

Түрі:            Әдеби — сахналандырылған композиция

 

Көрнекілігі: слайдтар, ұлттық киім, көріністік заттар

Барысы:       1. Ұйымдастыру кезеңі

 

1- жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік –тәу етер киелі ұғым» атты әдеби-сахналандырылған қойылымымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

 Слайд. «Көшпенділер» («Көшпенділер» фильмінен үзінді)

Оқушы  домбырада Ақтамберді жыраудың «Күлдір- күлдір кісінетіп…» толғауын  орындайды.

1- жүргізуші Ұлы қазақ даласы тек қазақ жұртының ғана емес, адамзат өркениетінің бұралаң жолдарында бабаларымызбен йық тіресе тіршілік кешкен талай халықтардың да әрі қарай өсіп-өркендеуін бүтіндей өзгертіп жіберген қыруар оқиғалар мен асулы кезеңдерді үздік-создық ғасырлар үрдісінде өз бойына сыйғызды. Ұлы дала қойнауында бабамыздың ұраны, тәуелсіздік жолындағы күресі, арманы, тарихтың айтылмай кеткен сырлары бар. Қайран да менің жерім- ай…

2- жүргізуші: XVII ғасырдың соңында Қазақ хандығының оңтүстік территориясы жоңғар шабуылына ілікті. Жорық барысында Түркістан оазистері қаңырап, Сайрам қаласы талқандалды. XVIII ғасырдың басында Жоңғариямен күрестің шиеленісуіне байланысты Қазақ хандығы терең дағдарысқа ұшырады. Бұл соққы Қасым, Хақназар, Есім, Тәукенің саясатының негізінде орныққан мемлекеттіліктің негізін шайқалтты. Жоңғарлардың күшті соққысының бірі тарихта–«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, ақ мешін» атымен қалды.(1723-1727ж.ж.). Ел басынан кешкен осы қасірет «Елім- ай» әнін тудырды. Жоңғар қысымымен қазақ ауылдары туған жерлерін тастап, үдере көшті.

 Көрініс. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»

Көш келе жатыр. Арып- шаршаған адамдар

Көш басшысы: Қасиетті менің жерім, атамекенім! Аш- жалаңаш қайда беттеп барамыз? Заманым не болады? Жаратқан ием, қолдай гөр! Найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған жеріміз еді ғой бұл…

Бәйбіше: Е- е, тағдырдың салғанына көнеміз де. Одан басқа шара бар ма?

Қыз: Самал жел, сен неге ызғарлысың? Шынарлы биік қара тау, неге үндемейсің? Әлде менен шошынып тұрсың ба? О, жасаған, кешіре гөр, сені тастап кетіп барам…

2- жүргізуші:  «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» ондаған мың қазақтарды атамекенінен кетуге мәжбүр етті. Қазақ батырлары қазақ елін қорғап қалу үшін кескілескен күрес жүргізді. Қазақ халқы үлкен күш-жігер арқасында аумақтық тұтастығын қорғап қала алды. Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Әулие Райымбек, Қанжығалы Бөгенбай сынды батыр ұлдарымыздың жанқиярлық ерлігі өз еліне деген адалдығының үлгісі.

1- жүргізуші:  Қазақ хандығы Ресеймен байланыс жасап, жоңғарлармен және Орта Азия хандықтарымен күресте одақтас болуды жоспарлады. Ресейліктердің мақсаттарының бірі Орта Азия мен Үндістанмен сауда байланыс жолдарының қауіпсіздігін күшейту; шығыс елдерімен байланысын бекіту болды. Қазақ даласы барлық елдерге апаратын жол ретінде саналды.            1731 жылғы 19 ақпанда императрица Анна Иоанновна Әбілхайыр ханға

және «бүкіл қазақ халқына» олардың Ресейдің қол астына өз еркімен енгені жөнінде қол қойып, грамота жөнелтті. Ант беруге қазақтарды дайындау үшін 1731ж. 30 сәуірінде қазақ даласына А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберілді. Осы жылы 10 қазанда Кіші жүздің ханы Әбілхайыр және 27 старшинасы Ресейдің қол астына кіруге ант берді.

1740 жылғы 27 тамыз-Әбілмәмбет хан мен сұлтан Абылай Орынборға келіп, Ресей билігін мойындады. Сөйтіп орта жүз Ресей құрамына қабылданды.

XIX ғ. 60 жылдары Ұлы жүздің Ресей құрамына бірігуімен Қазақстанның Ресейге қосылу процесі аяқталды.

Слайд. «Ұлт-азаттық көтерілістер» «Қазақстан тарихы» анықтамалық,       А,2001 ж.  «Көңіл толқыны» күйі ойнап тұрады.

1-оқушы: Патша үкіметі Қазақ елін тәуелді ету мақсатында әр қилы шараларды жүзеге асыруға кірісті.

– Шұрайлы суы мол жерлерден қазақтарды ығыстырды

казак-орыстарды сол аймақтарға орналастырды

— Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақ жерінің басқару жүйесі өзгертіліп, хандық билік жойылды.

2-оқушы: Отарлау саясатына қарсы қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілістер өрши түсті. Олар:Сырым Датұлы(1783-97),1836-38 жж. Ішкі Бөкей ордасындағы Исатай мен Махамбет, Кенесары Қасымұлы(1837-47) ,Аббас Қошай ұлы мен Лаубай Мантай ұлы(1842-44),Жанқожа Нұрмұхамедұлы(1856-57),Есет батыр(1847-58),Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы(1870 )бастаған көтерілістер.

Ұлт- азаттық көтерілістердің мақсаты отарлық езгінің күшеюіне қарсылық, жер мәселесін шешу, қазақ жерінің дербестігін сақтау болды.Тарихи маңызына келер болсақ:

-руаралық қайшылықтардың басты мақсатқа жетуде зор кедергі болатынын дәлелдеді.

-Халықтың ұлттық сана-сезімінің өскендігін дәлелдеді

-18-19ғғ. ірі ұлт-азаттық көтерілістер болды.

Көрініс. «Махамбеттің соңғы сөзі», М.Шаханов «Нарынқұм зауалы»

Автор: Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды.Ол ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін жеріне жеткізе жырлаған ақын.

Махамбет: Мен түсімде зорлық көрдім, қорлық көрдім ғаламат,

Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап,

Зұлымдықтың жасырынып келетіні жаман-ақ.

Иығымнан ұшқан басым көкірегімнен домалап,

Бара жатты атамекен Ақжайықты жағалап,

Жүрегімнен аққан қанға боялыпты бар алап.

Жә, бұл түсім тегін емес, мына сойқан заманда

Тіршілікпен қоштасар сәт жетті-ау деймін маған да.

Қоштасар сәт жетті-ау деймін, туған елім, еңселім,

Бостандыққа шақырып ем,

Сенің заңғар ақылың ем,

Едім әрі өлшемің.

Жан ашырың, жақының ем,

Және қайсар ақының ем мен сенің.

Туған елім- арман, мұңым,

Енді сені жетелейді жол қалай?

Менің бассыз қалғандығым

Сенің бассыз қалғандығың болмағай.

Туған елім,

Құдіретімсің аңсаған.

Алдан жарқын күн шыққанша,

Кескініңді көрмейінші шаршаған.

Екінші көрініс.

Шомбал жігіт ентелеп кіріп келеді.

Жігіт:   Әке, әке, маған ылғи жүруші едің өкпелі, кеюші едің мал болмайсың деп мені.Атышулы Баймағанбет сұлтанның маған берген сыйлығына қарашы.

Әкесінің алдына тон ішікті тастайды.

Әкесі: Иә, сөйле, қандай ерлік көрсеттің? Екі ай бойы, қане, қайда жол шектің?

Баласы: Топ бастадық төрт адам. Махамбеттің жақыны Ықыласты үгіттеп қосып алдық ортаға. Бұл мына ұлыңның ақылы. Махамбетті алдап, соғып басын тарттық сұлтанға.

Әке: Ой, залым-ай,

Жүзі қара залым-ай,

Мұнша залым екеніңді қалай келгем танымай. Бұдан өткен зор қасірет болар ма?

Баласы: Әке сенің қай сөзіңе сенейін, есіңде ме менің бала үнімде Махамбетті жек көремін дегенің?

Әке:   — Рас,ұлым, айтылған сөз оқпен тең.Пенделік қой мені салған тақымға.Махамбет ақын еді. Ал, ақын аққумен тең. Аққуды атқан пендені қай атаңнан көріп-ең? Ертең сені қойып желдің өтіне, ызалы ұрпақ түкіреді бетіңе. Сол, қорлықтан құтқарайын сені, ұлым. Кеттік кәне, ішігіңді ал қолыңа.

Екеуі шығып кетеді. Әкесі қайта кіреді. Қолында садағы

Әке: Балам, үміт, қызығымның өлшемі өзің едің, қайғым болдың еңселі.Кешір мені, таусылды бар амалым. Дала заңы- баба заңы, қарағым. Жараладың тұрмастай қып әкеңді. Махамбеттің жырын тыңдап жат енді. Мүмкін, сонда, ұғынарсың қатеңді.

Автор: Егер, қазақ халқының рухани үрдісін тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейін, Асанқайғыдан Махамбетке дейін, Махамбеттен Абайға дейін, Абайдан бүгінге дейін деп төрт кезеңге бөлуге болар еді. Махамбеттің әрі батыр, әрі шешен, әрі жырау, күйші болуында осындай тарихи-әлеуметтік сұраным болған.

1-жүргізуші: XX ғасыр 1917-1920 жылдардағы Азамат соғысы большевиктерге шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекеттігі туралы идеясымен санасуға болмайтынын көрсетті. 1920 ж. 20 тамызында Қырғыз (Қазақ) Автономиясы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декрет жарияланды. Астанасы Орынбор қаласы болды. (1920-24 ж)

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО Кеңестерінің төтенше VIII сьезі Кеңес мемлекетінің жана негізгі Заңын- КСРО Конституциясының қабылдады. Бұдан кейінгі Ресей Федерациясының құрамында автономия болып келген Қазақстан енді одақтас республика болып қайта құрылып, бұдан былай  Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы ( Қаз. КСР-і) деп аталатын болды.

1- жүргізуші. 1941 жыл 22 маусым. Фашистік Германия біздің елімізге тұтқиылдан шабуыл жасады.

Слайд. «Барбаросса жоспары», Дүние жүзі тарихы анықтамалық

Оқушы аталған слайд арқылы «Барбаросса жоспары» туралы мәлімет береді.

2-жүргізуші Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,

Ал, біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қары жоқ,

Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп,

Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,

Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,

Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп-деп, ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастарымыз- қазақ елінің еркіндігі мен бостандығы жолында күресіп, халқының тәуелсіздігін көре алмай, арманда кеткен желтоқсан батырлары. Олардың қатарында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Жансая Сабитовалар бар еді.

Батыр жастарымыздың аруағына тағзым етіп, үнсіздікпен еске алайық.

1-жүргізуші.Желтоқсан оқиғасы. . .Осы бір сөзден желтоқсанның ызғары есіп тұрғандай. Осы күнді еске алған сайын сонау мұз жастанып, қар төсенген күндер оралатыны сөзсіз. Өйткені 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына қайсар да өр ұрпақтың келгенін әйгілеген еді.

1-жүргізуші  желтоқсан оқиғасынан кейін 1989 жылы жазда Г. Колбин Мәскеуге қайта шақырылып, республикалық Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н.Ә. Назарбаев тағайындалды.

1990 жылы 24 сәуірде ҚазақКСР Жрғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Н.Ә.Назарбаев тарихта тұңғыш рет республиканың Президенті болды.

1990 жылы 25 қазанда  ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі «Егемендік туралы Декларацияны» қабылдады.

2- жүргізуші 1991 жылы 1-ші желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау өтіп, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып Н.Ә.Назарбаев тағайындалды. Осы жылы президент желтоқсанда Парламент қабылдаған «Қазақ КСР –і атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заңға» қол қойды

1-жүргізуші 1991 жыл.16 желтоқсан. Бұл күн- қазақ халқының ұлттық тарихына алтын әріппен жазылған күн. Бұл күн-сөнген шырақтың қайта жанған күні. Ал, бүгінгі қазақ елі- ата-бабалар аңсаған, тәуелсіз, егемен ел.

Ұмтылған сәт қараңғыдан жарыққа,

Таң болсақ та тар қыспаққа, нарыққа.

Төл мерекең құтты болсын,-деп бүгін,

Тілек айтамыз төзімі мол халыққа.

1991 жылы 16 желтоқсан елімізде ұлттық мереке- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.1996 жылы Тәуелсіздігіміздің бес жылдығына арнап «Тәуелсіздік Монументі» ашылды.

Оқушы музей материалдарын пайдалана отырып «Тәуелсіздік Монументін» түсіндіреді.

Слайд. «Тәуелсіздік Монументі»

Оқушы «Тәуелсіздік Монументі» туралы мәлімет айтады.

2- жүргізуші. Тәуелсіздік күні. Бұл күн қазақ халқының ұлттық тарихына алтын әріппен жазылған күн. Сөнген шырақтың қайта жанған күні.Бүгінде Қазақстан саяси тәуелсіз, зайырлы, демократиялық, біртұтас мемлекет

Соңы. Барлық қатысушылар ортаға шығып, Б.Тілеуханның «Елім менің» әнін орындайды. Қатысушылар толық ортаға шығады.

Слайд. «Қазақ елі»

Жүргізушілер: Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет. Сау болыңыздар.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.