Түркістан облысы
Кентау қаласы
әл-Фараби атындағы
№14 эстетикалық –лингвистикалық
бағытындағы мектеп-гимназиясының
директордың тәрбие жұмысы жөніндегі
орынбасары Джумабаева Альмира Нагашалиевна
Мамандығым қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі
Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтіп жатады. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын — тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі. Бала өсіп өне келе, тәлім-тәрбие алуға мектеп табалдырығын аттайды. Мектеп пен ата-ана арасында тығыз байланыс орнайды.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», — -деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап- тілектері — баланың «әдепті бала» болып өсуі.Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: « Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала -шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», “әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.
Қорыта айтқанда, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып,кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор.Әрбір ұяның қос тіреуі –ерлізайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын,құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса,бүкіл қоғамда ,елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ,демек ,ұрпақтарына құтты қоныс ,жайлы болашақ қаматамасыз етілмек.