Дуйсенбаева Сауле Жанабиловна
Нұр-Сұлтан қаласы
Арт-терапия басым бағыттағы
№ 45 «Самұрық» балабақшасы» МҚКК
тәрбиешісі
Аңдатпа: Ойын — балалардың шынайы ойлап тапқан шындығына тез, еркін енуіне, өзіндік «менін» қалыптастыруға және шығармашылыққа, белсенділікке, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді. Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде ойыншықтармен сөйлесіп жүреді. Ойынға қиялдағы қатысушылармен әңгімелеседі, өзі мен шешесі үшін, науқас кісі мен дәрігер үшін сөйлеседі.
Ойын — әрқашан білім бола отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды. Ол балалар үшін оқу да, еңбек те болып табылады. Ойын – айналадағы дүниені тану тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Ғалымдардың айтуынша «Ойын — балалар өмірінде өте маңызы зор нәрсе, үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың ойыны да сондай маңызды. Ойында бала қандай болса, өскен кезде жұмыста да, көбінесе, сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткер, ең алдымен, тәрбиені ойын арқылы алады» — деп балалар ойынын жоғары бағалаған.
Түйін сөздер: сөздік қор, шығармашылық қабілет, белсенділік, тілдік мәдениет, көркем сөз, өзіндік таным-түсінік, мінез-құлық, кейіпкерлер, сюжеттік-рөльдік, дидактикалық материалдар.
Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді. Балаларға ойын әдісін қолдану қызықты да, нәтижелі жұмыс екенін көз жеткіздім.
«Ойын – балалар өмірінде өте зор маңызы бар нәрсе, үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың ойыны да сондай маңызды.
Ойында бала қандай болса, өскен кезде жұмыста да көбінесе сондай болады.
Ойын барысында бала өзін қоршаған үлкендер сияқты, өзінің сүйікті әңгімелері мен кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды.
Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым-қатынастағы пайымдаулары өзіндік таным- түсінік, мінез-құлық әдептерін бекітуіне әсер етеді.
Ойын — бала әрекетінің негізгі түрі. Ойын арқылы өзара қарым-қатынас жасауды, сөздік қорын қалыптастыруды меңгереді. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Сондықтан да ойын — балалардың дүниетану жолы, олар ойынмен өмір сүріп бәрін өзгерте алады.
«Сәбиге ойынның бәрі елеулі, өйткені ол ойнап жүріп өмір сүреді. Ол ойнаған кезде ғана өмір сүреді де, жаттығады да, жан мен тәнін өсіреді де» А.В.Луначарский
Ойынға бірнеше талаптар қойылады:
- ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібін балаларға әбден
түсіндіру.
— ойынға топтағы баланың түгел қатысуын қамтамасыз ету.
— ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеу.
— ойын түрлерін бағдарламаға сай іріктеп алу.
— ойынды баланың жас ерекшелігіне қарай түрлендіріп пайдалану.
— қарапайым ойыннан қиын ойынға көшу.
— міндетті түрде ойынның қорытындысын жариялау қажет.
Ойынға қажетті құрал, заттарды даярлау ойынды өткізуге әзірлік болып табылады. Ойын кезінде зейіні нашар балалар сабаққа деген қызығушылығы артып, сұраққа жауап іздеп ойлана бастайды. Бала сабақта ойнап қана қоймайды, алған білімдерін қаншалықты есте сақтағандарын көрсете біледі. Мәселен, кез-келген бала ешуақыта жалғыз ойнамайды, қатар құрбыларымен бірлесіп ойнайды, сол арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып өзіне таңдап алады.
Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балаларда тілдік қарым-қатынас ойын арқылы дамиды.
Жас ерекшелігіне тән сөйлеу тілі дамымаса онда олардың сөздік қоры да төмен болады. Сөйлеу тілін түсінуі жақсы болса да, ойлауы шектеулі. Мұндай балаларда сөйлеу тілі басқа балаларға қарағанда кешірек шығады. Бұл уақытта сөйлеу белсендігі арта түседі, сөздік қоры көбейеді, бірақ балалар буындарға бөлгенде, сөздерді айтқанда әріптерді шатастыруда қиналады. Сондықтан да олардың сөйлеген сөздері қоршаған ортадағыларға түсініксіз болып келеді.
Ал ойындарды қолдануда бала қызығушылығы артып, талпынады. Бала кез келген сөзді толық айтуға тырысады. Дидактикалық материалдармен балалар жаттыққан сайын олардың зейіні, тапқырлығы, ынталылығы, өзіндік ойлау жұмысы дами түседі. Балаға әңгімелеп айтуға, оқып тыңдауға, жаттауға арналған материалдар олардың даму деңгейіне, жас шамаларына лайықты болу қажет. Сонымен қатар ойын барысында бала үлкендермен, өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне қуанып, мәз болады. Сондықтан да ойын-тапсырмаларды таңдауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн. Ойынның негізгі ерекшелігі ол балалардың қоршаған өмірді — адамдардың қимылын, іс-әрекеттерін бейнелеу болып табылады.
Ойында бала өзі бейнелеген қаһарманның іс-әрекетімен, сезімімен тыныстайды. Кейде бейненің баланы баурап әкететіні соншалық, ол тіпті өзін әдеттегідей шақырғанға жауап та қатпайды. Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде ойыншықтармен сөйлесіп жүреді. Ойынға қиялдағы қатысушылармен әңгімелеседі, өзі мен мамасы үшін, науқас кісі мен дәрігер үшін сөйлеседі және т.б. Сөз нақ бір ойын әрекетін сүйемелдеуші болып табылады, бейнені, оған баланың өз қатынасын толығырақ ашады. Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен рөл атқарады. Сөйлесе жүріп балалар пікірлесіп, әсер алысып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойында сөзбен уәделесу ұйымдастырушылық қызмет атқарады, балалар арасында өзара түсінісу мен достықтың, қоршаған өмірдің қайсыбір фактілері мен құбылыстарына бірдей көзқарастың пайда болуына және дамуына көмектеседі. Бейненің, ойын әрекеті мен сөздің өзара байланысы ойын қызметінің өзегі болып табылады, шындықты бейнелеудің құралы қызметін атқарады. Ойынның негізгі құрылымдық элементтері мыналар: ойынның түпкі ниеті, сюжеті немесе мазмұны; ойын әрекеттері, рөлдер; ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі. Бұл элементтер өзара тығыз байланысты және ойынды балалардың өзінше бір іс — әрекеті ретінде көрсетеді. Ойынның түпкі ниеті — бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының жалпы анықтамасы.
Ойын мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай әртүрлі. Сюжетті-рольді, дидактикалық ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді.
Ойынның түрлері өте көп. Мысалы: рөлдік ойындар, қимыл-қозғалыс ойындары, сюжеттік ойындар, дидактикалық ойын элементерін пайдаланудың маңызы өте зор. Дидактикалық ойындар баланың ақыл – ойын дамытып, сабаққа деген қызығушылықтарын арттырады. Тіпті нашар оқитын балалардың өздері де ойын элеметтері араласқан сабаққа зор ынтамен араласады. Ойындар әр топта жас ерекшелігіне сай жүргізіледі. Баланың тілін жетілдіру үшін оны әңгімеге тарта отырып, баланың сөздік қорын жаңа сөздермен толықтырып, түсінігін молайту қажет. Баланың тілін дамытуда ойын түрлерін жүргізу арқылы, ойын шарттарын айта отырып та байытуға балады. Мысалы: «Қуыршаққа қонаққа бару», «Мен кіммін», «Қуршақты киіндіреміз», «Шарбақты құрастыру», «Көлемі бойынша қой» деген секілді ойын түрлерін қолдануға болады. Мысалы: «Телефон» ойынында диалогтық сөйлеудегі әңгіменің мақсаты – бір нәрсе жайында сұралап, баланың оған жауап беруге, белгілі бір әрекетке түрткі болуға үйрету болып табылады.
Қорытынды. Қорыта келе балаларға ойын әдісін қолдану қызықты да, нәтижелі жұмыс екеніне көз жеткіздім. Осы ойындардың нәтижесінде көптеген балалардың сөйлеу тілі дамығанын, дауыс ырғағын келтіруге, дыбыстарды дұрыс айтуға, өзін еркін ұстауға үйренгенін байқадым. Балалардың сөздік қорларын дамыту ісіне тәрбиешінің балалардың сөздік қорларын дамыту, жаңа сөздерді меңгерту, үйренген сөздерін тиянақтап анықтап әрі байытып отыру басты міндет саналады. Балалардың тілін, сөйлеу мәдениетін дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер.
- Қаженбаева А.Е. Бала танымын ойынмен дамыту // Отбасы және балабақша. — 2002. — №1. — 9-10 б.
- Қоянбекова С. Ойын мақсатын талдау және оның мәні //Қазақстан мектебі. -2002. — №1-2. — 45-49 б.
- Бала тәрбиесі № 2 2006 ж, № 4 2008 ж
- Молдагаринов Аскар «Казахские детские игры» кітабы. Алматы-1987 8-12 б.
- «Отбасы және балабақша» 2002 ж №5. (6-8 бет)
- Айтмамбетова Б. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. -А., 1991.
- Жұмабекова.Ф.Н. Ойшыбаева.А.А. Әдістемелік нұсқау. Алматыкітап, 2002.