Байискакова Карлығаш Алимбековна
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы
№12 жалпы білім беретін орта
мектебінің география мұғалімі
Туризм байырғы заманнан бері дамып келуде, дегенмен бұл әлеуметтік-экономикалық құбылыспен байланысты ғылым тек XVIII ғасырдың соңына қарай ғана пайда болды. Осы саладағы ауқымды зерттеулер XIX ғасырдың екінші жартысынан бері жүргізілуде. Туризм мәселелерімен тығыз айналысқан алғашқы ғылым география болды, сондықтан туризм географиясы дүниеге келген және оның өркендеуі XX ғасырдың 30-шы жылдарына сай келеді. Кейінірек туризммен басқа да ғылымдар айналысатын болды, қазір туризм мәселелерін 20-ға жуық ғылыми пәндер зерттеуде. Алайда туризмді тұтас шаруашылық жүйесі ретінде кешенді түрде зерттейтін болғандықтан туризм географиясы ең басты ғылым болып табылады. Басқаша айтсақ, тек кана туризм географиясы туристік іс-әрекеттің табиғи-географиялық, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, саяси, ғылыми-техникалық және басқа да қырларын зерттейтін жалғыз ғылым деп айтуға болады [1].
Географияның туризмді зерттейтін ғылымдар арасындағы жетекші рөлінің себебі — туризмнің Жер кеңістігін танып білуге бағытталғандығында, географиялық ортамен, қоғаммен, оның қоғамдық және әлеуметтік-шаруашылық іс-әрекетімен тығыз байланыстылығында. Осындай кеңістікті тану бөлек елдер, аумақтар мен кұрлықтар аумақтарымен тығыз байланысты. Дәл осы себептен «туризм» мен «география» ұғымдары бір-бірімен байланысты ұғымдар, өйткені география табиғи және әлеуметтік-экономикалық құбылыстарын олардың кеңістіктегі (аумақтағы) орналасуына қарай зерттейтін ғылым болып табылады. Географияның зерттеу ауқымы кең, синтетикалық сипатқа ие: бұл ғылым жаратылыс ғылымдары (географиялық ортаны зерттеу) және қоғамдық ғылымдарының (адам қоғамының тұрмысы мен шаруашылығын зерттеу) түйіскен жерінде орналасады. Барлық қоғамдық, әлеуметтік және экологиялық үрдістер белгілі бір аумақта орын табады. Әрбір аталған объект бір жағынан функцияларын дербес түрде орындауымен бірге, бір-бірімен және де аумақпен өзара әрекеттеседі. Бұл жағынан территорияны халық тіршілігінің индикаторы деп атауға болады [2].
Осыған орай, географиялық ортаның біліміне сүйеніп, кеңістік құбылыстары мен үрдістердің анализі мен синтезін дұрыс өткізетін географ қана туризммен байланысты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық құбылыстарын терең түсіндіре алады.
Туризм табиғатты экологиялық дұрыс қолдану негізінде адамдардың жоғары сапалы өмірін қамтамасыз ете алатын экономикалық дамудың катализаторы болып табылады. Тарихи-мәдени ескерткіштерді табиғат ресурстарымен орынды пайдалана отырып, туризм халықтың деңгейінің ұлғаюын, көптеген тауарларды өндіру мен қызмет көрсетудің өсуін реттейді.
1993 жылы Қазақстанда туризм индустриясын дамытуда Ұлттық бағдарлама, 1997 жылы — Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламасы «Жібек жолының тарихи орталықтарын қалпына келтіру, түркі тілдес елдердің мәдени мұраларын дамыту мен сақтау». 1997-2003 жылдары туризмнің инфрақұрылымын қалыптастыру қабылданды.
Қазақстан Республикасы туризмді дамытуда барлық мүмкіндіктерге ие: тиімді географиялық орналасуы, кең территория мен әртүрлі ландшафтар, бай тарихи – мәдени мұралар, Ұлы Жібек жолы, әдет-ғұрыптар, қонақжайлылық және еңбек ресурстарының арзандылығы.
Соңғы жылдары туризмнің өсуі біздің мемлекетімізге ғана емес, бүкіл әлемге де тән – бұл ғылыми техникалық революцияның нәтижесі болып, көліктің арзандауына және жылдамдығының артуына әкеліп, халықтың жылжуы өсті. Осы себептен біздің елімізде де, шет елдерде де туризм туралы мәселелерді шешу ғылым мен тәжірибенің ең маңызды сұрағына айналып, медико-географиялық және курорттық, экономикалық және техникалық зерттеулердің объектісі болып табылды.
Географтар халық миграциясының нақты нәтижелеріне қызығып, туризмнің дамуы туралы болжам жасайды, мұндай зерттеулер туроператорларға пайдалы. Маршруттық жүйенің тығыздығы мен кеңістік құрылымын жоспарлау іс-әрекеттегі географияның маңызы зор.
География мен туризм, бұл екі түсініктің арасында қарым-қатынас бар, көп уақыт бойы бұл түсініктер бір жақты болған.
Географиялық ғылым туризмнің жанында тіршілік етті, оның қатынасы туризмге аз болған. Халқының туристік қозғалуы жаппай миграцияның түрі болып, халық география мен тасымал саласының мамандықтары және территориялық өндірістік кешеннің дамуын болжайтын экономистер мен эконом-географтар бұған көңіл бөле бастады. Туризмде қызмет көрсету мен жайлылық үшін керек құралдармен қамтамасыз етуі экономикалық географияның маңызды, жаңа бөлімі ретінде қызмет көрсету болып табылады.
Туризмде географиялық аспектілерді зерттеуге деген қызығушылық географияның түрлі салаларында пайда болды.
Туризм (француз сөзі tourisme — серуендеу, саяхат жасау) — бос уақытты тұрақты жерінен тыс жерде өткізудің бір түрі. Рекреацияға немесе демалысқа қарағанда, туризм — мағынасы тар түсінік. Қазіргі ғылыми әдебиеттер бойынша «туризм» — бұл адамдардың тұрғылықты жерінен тыс жерге саяхаттау және тұрақтау барысында пайда болатын қатынастар мен құбылыстар жиынтығы. Әрине, егер де бұл тұрақтау ұзақ уақыттық қоныстану немесе ақша табу мақсатымен уақытша қоныстануға айналып кетпесе. Сонымен, туризм — бұл тұрақты жерінен тыс жерде 24 сағат немесе одан артық уақыт ішінде болатын рекреацияның барлық түрі. Басқаша айтсақ, туризм ұғымына туризмнің дәл өзі де (маршрут бойынша саяхат жасау, жорықтар, табиғи кедергілерден өту және т. б.), санаторлық-курорттық демалыс та, іссапарлар да жатады [3].
«Қызмет көрсету саласының географиясы» пәнінде экономикалық география аясының мазмұнын сипаттайтын үш аспект көрініс табады. Біріншіден, қызмет көрсету саласы адам іс-әрекетінің белгілі бір аясы ретінде, аймақтық тепе-теңдікті зерттеу мен еңбек ресурстарын пайдалану сараптамасының бөлігі ретінде қарастырылады. Екіншіден, халықтың өмір сүру деңгейіндегі айырмашылықтарды теңдестіру, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін, геграфия мәселелері кең кешенді зерттеледі. Үшіншіден, аймақтық қоныстану жүйесін құру факторы ретінде көрініс табады.
Бұл пән экономикалық географияның жаңа тармағы – қызмет көрсету саласының географиясының зерттеу аясының кеңеюіне ықпал етеді. Қызмет көрсету саласын терең зерттемейінше, аймақтық жүйе дамуы мен жүйелеудің заңдылықтарын зерттеу мүмкін емес екені анық.
Пайдаланған әдебиеттер.
- Ердаулетов С.Р, Алиева Ж.Н, Жұмаділов А.Р. Туризм географиясы: «Туризмология негіздері» пәні бойынша оқу құралы. – Алматы. Қазақ университеті , 2011.-331 бет.
- Қызмет көрсету саласының географиясы: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. -98 бет.
- Ердавлетов С.Р., Алиева Ж. Н. «География международного туризма»- Алматы: Қазақ университеті, 2013г.-28 с.