Амирова Гулмаржан Кадирловна
Атырау қаласындағы
Қ.И. Сәтбаев атындағы орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі
Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Ал жас ұрпақтың ұлттық санасын оятып, тілін дамыту оқу-тәрбие ісіндегі басты мәселе.
Әр ұлттың, әр халықтың дәстүрлі ойлау машығы, қабылдау ерекшеліктері болады. Өз заманында қазақ халқының жан табиғатын жақсы ұғынған М.Жұмабаев: «Жаратылыстану құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиіс»,- деген еді.
Ол кезеңнен бері халқымыздың өмірі, тұрмыс-салты, кәсібі мүлде өзгерді. Алайда ұлттық ойлау машығымыз, дүниені қабылдау ерекшеліктеріміз тіліміз арқылы сақталып қалды. Демек, қазіргі қазақ мектептеріндегі тіл дамыту жұмыстары ана тіліміздің өзіндік ерекшелігі ескеріле отырып жүргізілуі қажет. Яғни қазақ мектептерінде тіл дамыту жұмыстарын жүргізу әдістемесінің өзіне тән психо-педагогикалық ерекшеліктерінде ескеруіміз қажет.
Бастауыш мектепте тіл дамыту, қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Т.Шонанов, Ғ.Бегалиев сияқты ғалымдардың еңбегі құнды. Әдіскер ғалым М.Қ.Жұбанова «Мектепте сауат ашудың методикасы» — деген тақырыпты зерттеу нысаны еткен. «Тіл ұстарту», «тіл ширату», «тіл дамыту» секілді терминдердің мағынасын алғаш ашып көрсеткен ғалым-профессер С.Р.Рахметова болатын. Ол «Бастауыш 1-сынып оқушыларының жазу тілін дамыту» мәселесін зерттеп, бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамыту әдістемесінің негізін қалады. Осы іргелі еңбектің нәтижесінде қазақ мектебіндегі оқыту әдістемесін, оның ішінде оқушылардың тілін дамыту әдістемесін зерттеушілердің өзіндік мектебі қалыптаса бастады. Мысалы, «Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдыларын қалыптастыру» мәселесін зерттеген Қ.Бозжанова, «Сәбилердің сөздік қоры мен сөз игеру ерекшеліктері жөнінде» мәселесін зерттеген Б.Баймұратова, «Бастауыш класта текспен жұмыс істеудің әдістемесін» зерттеген Т.Әбдікәрімова «Лексиканы оқыту әдістемесін» зерттеген Г.Уәйісова, «Сауат ашу кезіндегі тіл дамытуды» зерттеген А.Жұмабаева т.б. әдіскер ғалымдар өз еңбектерінде біздің қарастырып отырған обьектімізге қатысты құнды пікірлер айтты.
Біз аталған еңбектердегі соңғы жаңалықтарды осы еңбегімізге үлгі ғылыми негіз етіп алдық. Бастауыш сыныптарда сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының психо-педагогикалық қырларын айқындауда, оқытуда, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануда өзімізден бұрынғы ғалымдар тұжырымдарын басшылыққа алдық.
Ресей психологтары (А.В. Занков, Л.С. Выготский, А.Н. Леонтьев, В.В. Давыдов, А.В. Запорожец, А.А. Люблинскаялар) балалардың бойында кішкентай кезінен бастап-ақ, қарапайым ұғымдар мен түсініктерді қабылдау мүмкіндігі бар екенін дәлелдеген. Әсіресе, алғаш мектеп табалдырығын аттай, оқу мен жазуды үйрететін кезең — әрбір баланың ойы мен санасындағы күрт өзгерістер кезеңі. Бұл кезеңдегі балалар күн сайын бірнеше жаңа сөздер мен ұғымдарды қабылдап, оларды өз тәжірибесінде қолдануға мәжбүр болады. Сөйлесу дағдылары, мінез-құлық қалыптары да шұғыл өзгеріске түседі. Бұл кезеңдегі басты педагогикалық талап – бала психикасына салмақ түсірмей, әлгі шұғыл өзгерістерге толы таным процесін шеберлікпен, мақсаткерлікпен ұымдастырып, қажетті арнаға жетелеп отыру.
Орыс педагогы К.Д.Ушинский кезінде «…зейін – сыртқы танымдық дүниеге сапаға енетін адам жан-дүниесінің бірден бір есігі. Онсыз ешбір ұғым баланың жан дүниесіне жете алмайды» деген еді.
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың зейіні тұрақсыз болатыны белгілі. Қабылдауға қиын көрсе де, ұзақ сонар әңгімеден немесе жұмыстан бала зейіні тез шаршайды. Оны шаршатпай, баланың сабақтағы тапсырмаға зейінін ұзағырақ аударуға бірте-бірте тәрбиелеу бастауыш мектептің алғашқы кезеңіндегі қиын міндеттердің бірі. Бұған кезінде қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын жазған алғашқы авторлардың бірі М.Жұмабаев та егжей-тегжейлі тоқталып, «Абай дегеніміз сыртқы дүниедегі бір затқа, яки ішіміздегі бір жан көрінісімізге – ойға, ішкі сезімге, қайратқа жанның көнуі, нүктеленуі»,-деп жазды.
Автор шәкірттерде зейін дамуы үшін әсердің күшті, жеке, жаңа болуын, жаңа алынған білім мен ескі білімнің байланысын және оның болашақ терең білімге даярлану түрінде болуын талап ете отырып, оқу жүйесінің сабақтастығына мұқият зер салады. «Жаңа алынатын білім мен ескі білімнің қатынасы болсын. Біз өзіміздің таныстарымыз, яки туыстарымыз туралы сөз естісек, құлақты түріп тыңдай қаламыз. Егер жат кісілер туралы сөз болса, тыңдамаймыз. Міне, балаға білім бергенде жақыннан алысқа таныс сөздерді алып, дыбыстарға ажырату керек… Ол кейбір оқушылардың зейіні болмау себептерін дененің һәм сезімнің шаршауынан, сезімнің толқып тұруынан, бейқамдықтан көреді.
Адам зейінін ерікті және еріксіз, табанды және табансыз, ішкі және сыртқы деп жіктей отырып, баланың зейіні ересек адам зейінінен көп төмен екендігін айтады:
- Баланың абайы ерікті емес, еріксіз. Яғни бала өзі тілеп, абайын бір нәрсеге байлай алмайды.
- Баланың абайы ішкі емес, сыртқы. Яғни, бала сыртқы затардан ғана абайлы бола алады. Өз жанында болып жатқан көріністерге абайлы бола алмайды.
- Баланың абайы табансыз. Бала бір нәрсеге табанды, абайлы болам десе де, бола алмайды. Бір нәрседен екіншіге әп-сәтте ауып жүре береді.
М.Жұмабаев еңбегінде айтылған бұл ғылыми тұжырымдар әлі күнге өз мәнін жойған жоқ.
Естің және есте сақтау механизмінің физиологиялық және психикалық ерекшеліктерін бастауыш мектеп кезеңіндегі тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастырғанда мықтап ескерілуі қажет. Онсыз баланың сөйлеу (жазу) дағдысының орнықты, сөздік қорының мол болуы мүмкін емес.
Мектепке жаңа келген баланың есте сақтау қабілетін дамыту ісінде Ж.Аймауытов осы мақсатқа қажетті төмендегідей шарттарды үнемі ескеріп отыруды талап етеді:
- Түсіндірілген білімді немесе дағдыны балалар толық, дәл және айқын ұғынғанша қайталап пысықтау.
- Меңгертілетін ұғымның балалар есінде қалатындай әсерлі болуы. Мысалы, оқушыларға жаңа сөздің мағынасын түсіндіру барысында оқыс оқиғаны, әдемі ойыншықты, әсерлі суретті т.б. пайдалану қажет.
- Жаттау жұмыстары балалардың есте сақтау қабілетін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Алайда, мағынасын түсінбей атүсті түсініп жаттау, жаттаған өлең, жұмбақ т.б. бөліктерінің арасындағы логикалық байланысқа мән бермеу күткендегідей нәтижеге қол жеткізбейтінін көрсетті.
- Естің көру есі және есту есі болатыны белгілі. Сауат ашу кезінде балалар есінің осы екі түрін дамытуға да назар аударып отыруы қажет. Әйтпесе, естің, бір жақты дамуы кейін балалардың ауызекі тілі мен жазу тілі арасында елеулі алшақтықтар пайда болатынын көрсетті.
- Үйретілген ұғымдар мен дағдылардың жүйелі, бір-бірімен байланысты болуы да оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытуға оң ықпал жасайды. Әсіресе, сөз мағыналарын салыстыру, ұқсастыру, балалардың бұрыннан білетін сөздерімен байланыстыру әдістері сол сөздерді оқушылардың есінде қалдыруға мүмкіндік беретіні анықталды.
Тіл дамыту жұмыстарына қатысты үшінші психологиялық ерекшелік – балалар психикасындағы ойлау машығын дамыту болып табылады. Сөздің өзі бейнелейтін заттан бөлектеніп, балалар санасында абстракцияланып, үйреншікті ұғымға айналу дағдысы балалар психикасында мектепке келмей тұрып та пайда болатыны белгілі. Алайда, мектеп өмірі, әсіресе, сауат ашу барысында осы дағдының қауырт жетілуін талап етеді. Оқушылар енді тек өздері бұрын көрген немесе бірнеше рет қайталанған үйреншікті ұғымдарды (заттарды, құбылыстарды, оқиғаларды) т.б. сөз түрінде ғана қабылдап қоймай, өздері бұрын көрмеген дүниелер мен қимылдардың атауларын, сапаларын т.б. білдіретін сөздерді оқуды және жазуды меңгеріп, естерінде сақтауға мәжбүр болады, әрі мұндай сөздер әр сабақ сайын кездеседі. Осы жағдайда, мұғалім оқушыларға жаңа сөздердің мағыналарын меңгерту барысында ол мағыналардың ұғым түрінде балалар психикасында абстракциялану механизмін жақсы білуі қажет. Атап айтқанда, жаңа сөздердің мағыналарын суреттер арқылы ұғындыру, бейнелеп көрсету немесе балалардың көз алдына елестететіндей әсерлі түсіндіре білу әдістері мұғалімнен ерекше шеберлікті талап етеді.
Жаңа сөз мағыналарын меңгерту, балалардың тілін дамыту барысында ұқсату, салыстыру-топтау тәрізді ойлау дағдыларының көмегі көп болатыны белгілі. Мысалы, «қымыз» сөзі оның дәмін татып көрген бала санасында «сүт» сөзімен ұқсастырылуы табиғи жағдай. Немесе «алыс», «жақын», «биік», «аласа» сөздерінің мәні салыстырыла алынғанда балалар есінде ұзақ сақталады. Тіпті, қызыл, қызғылтым, қызғыш сөздерінің реңктерінде балалар салыстыру барысында ұғады. Сондай-ақ, оқушылардың сөздік қорындағы шашыраңқы ұғымдар оларды белгілі бір белгілеріне орай топтастырған кезде жүйелене түседі. Бұл әдісті А.Байтұрсынұлынан бастап қазіргі әліппе түзушілерімізге дейін қолданып келе жатқаны туралы жоғарыда да айтқанбыз. Бұл тұста әңгіме осы үлгіде тапсырмалардың ойлау дағдысына айналуы, мұғалімнің осы процесті басқара білуі жайында болып отыр.
Тіл дамыту жұмыстарының бұдан өзге де психологиялық, педагогикалық астарлары бар. Біз тек негізгілеріне ғана тоқталдық.
Пайдаланылған әдебиеттер.
- Жұмабаев М. Педагогика — Алматы: 1991
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966
- Рахметова С. Бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Пед. ғыл. док. дисс – Алматы: 1994
Аймауытов Ж. Психология – Алматы: Санат, 1995