Home » Мақалалар » МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР!

МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР!

Ертуганова Корлан Кенесбаевна
Алматы қаласы Бостандық ауданы
М.Мақатаев атындағы
№140 гимназияның
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі


МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР!
(М.Мақатаев 90 жылдығына)

  «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» деген өлеңінде:
«Мен өзім жайында мынаны айтам:
мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын.
Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да …»
деп жазған екен.

        Жылдар өз ағымымымен алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған мәңгілік мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық шынымен бақытты халық.  Мұқағали – ғажайып, сыршыл, гуманист, Тәңіртаудың мұзбалағы, қазақтың қара өлеңінің қасиетін ұғынған, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын. Ол бізге өшпес мұра, естілмейтін құпия дауыстардан тұратын жұмбақ ақын. Кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев

Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым,
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын»- деп қазақтың қарапайым өлеңінің жілігін шағып, майын ішті. Дегенмен өзінің әділ бағасын ала алмай кеткен ақынның әділ таразысы халық болды. Оны күллі халық сүйіп оқыды. Мұқағали шын мәнінде біртуар халыққа таныла білді. Көзі тірі болғанда, ақпандатқан ақ таңда туылған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа 90 жас толған болар еді. «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай» деп жырлап өткен ақынның туылған күні бүгінде әр қазақтың төрінде тойлануда.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ақын мерейтойының қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер парақшасында: «Мұқағали поэзиясы бүкіл қазақтың болмыс-бітімі, сырлы, сезімге толы жырлары туған халқының жүрегінде мәңгі сақталады» деп жылы лебізін білдірді. Ұлттың мәдениеті мен әдебиетіне зор үлес қосқан қаламгер туған өлкеге, отанға, ұлтының тарихына, қоршаған әлемге құштарлығын, әйел жаратылысына деген махаббатын өміршең өлеңдерімен өрнектеген болатын.

Биылғы жыл — ақынның атындағы біздің мектеп үшін ерекше жыл, себебі біздің мектебімізге 30 жыл , бұл мереке Мұқағалидің 90 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Әр жыл сайын ақиық ақын- М.Мақатаевтың туған күні мектебімізде жоғары дәрежеде аталып өтіліп отырады,. Оған мектебіміздің ата-аналары, ұстаздары, оқушылары қатысып, өлеңдері және поэммаларын мәнеріне келтіре отырып жатқа айтады. Сонымен қатар, әр ата-ана, әр оқушы, әр ұстаз өздерінің ақынға арнауларын оқиды. Мектебіміздің әр сынып оқушысы Мұқағалидің 30 өлеңдерін жатқа біледі. Осыған орай, біздің гимназия ақынның туған күніне байланысты көптеген іс-шараларға жоспар құрылып, дайындық жасалынуда. Ақынның мерейтойына байланысты еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар өтуде. «Ең бірінші бақытым – халқым менің» атты поэтикалық челлендж ұйымдастырып өткізді. Әрбір оқушы  Мұқағали Мақатаевтың  өмірін ,шығармашылығын  және  ақынның кем дегенде 30 өлеңін  жатқа айта біледі.Оқушылар Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтарын жатқа айтып ,Мұқағалидың өлеңдеріне ғылыми жоба «Жарастықпен келісімнің жаршысы»тақырыбында (М.Мақатаев шығармаларын химия ғылымы тұрғысында зерттеу ,әр сыныпқа бағытына қарай  ғылыми жоба беріледі )осы тақырыпта жобаны сынып болып ізденіп,дайындалып, қорғайды.  Өлеңді мәнерлеп оқу, шығарма жазу, ақынның шығармашылықтарына сурет салу,  орыс және ағылшын тілдерінде  ақынның өлеңдерін оқу, поэммаларды жатқа айту,сонымен қатар біздің оқушыларымыз М.Мақатаев шығармашылығына арналған мәнерлеп оқу сайысына, Мұқағали байқауларына қатысып,жүлделі орындарға иелік етіп келеді.Мен осы мектепте 1994 жылдан жұмыс жасап келемін,биыл осы Мұқағали мектебінде еңбек еткеніме 28 жыл.Мұқағали туған күнін атап өту біздің мектеп үшін үрдіске айналды,оның мақсаты М.Мақатаев мұрасын кеңінен насихаттау,дарынды жас ғалымдарды анықтау,ақын шығармашылығының ғылыми тұрғыдан талдануына,жастарды әдебиетке,поэзияға деген қызығушылығын арттыру.Мақатаев ескерткішіне тағзым ету.Міне, осындай іс-шаралар әр жыл сайын өтіп тұрады. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, өлеңдерін мәнерлеп оқып, оқырман назарына ұсыну. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл шараларда ақынның жан дүниесіндегі толқыныстар көрініс табады. М.Мақатаевтың поэзиясы оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалатын, қойылымдар ақын өмірінің кейбір сәттерін бейнелей отырып, көрерменді қуантады.   Мектебімізде М.Мақатаев мұражайы бар.Мұқағали мұражайы – ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын ұлттық руханият орны. Музейде кітаптары, архив материалдарының көшірмелері, фотосуреттер, құжаттары бар. Сондай-ақ, ұлы ағартушы тұлғасын бейнелейтін өнер туындылары, суреттер орын алған.

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев — қазақтың əйгілі ақыны. Ол қазақ поэзия əлеміне шетсіз- шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген ақын. Құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақын. Кəусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабы Мұқағали поэзиясы тұнып тұрған бүгінгі ұрпақтың бойына нәр беретін поэзия! Отбасын, елін, Отанын, туған жерін,байтақ жерін шексіз сүюге, жан дүниесімен түйсініп қорғауға, құрметтеуге, адами құндылық қасиеттерін толықтыра түсетін, асқақ рухты поэзия! «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атанған жиырмасыншы жүз жылдықтағы ұлттық поэзиямыздың ірі тұлғаларының бірі, әр жүрекке жол тапқан әсерлі өлеңдері оқырман сүйіспеншілігіне бөленген ақын – Мұқағали Мақатаев.

Мұқағалидың өлеңдері жер-әлемді шарлап жүр. Жыр кітабы Нью-Йорк баспасынан шықты. Бір топ шығармалары түрік елінде аударылды. Мұқағали өлеңдерін оқи отырып әлемде махаббат деп аталатын сезім мен құдіреттің барын ұқтым. Қазақ халқының бір ғана Абай болса,Мұқағали да жалғыз. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармалары жылдар өтсе де жаңғыра береді. Ақын жүрек тоқтаса да жыр жүрегі мәңгі тоқтамайтын ақынның өлеңдерін өмірден бөліп қарастыру мүмкін емес.Қазақ поэзиясының Хантәңірі атанған Мұқағали төл әдебеттіміздің шоқжұлдызы болып қала бермек. Әйтсе де оның өмірге ғашық, махаббатқа құштар өлеңдерін оқып отырып, жігеріңізді жанып, қайратыңызды қайрайтын айшықты ойларды кездестіруге болады.
«Жылап келіп, келмейді жылап кеткім!
Ол ғұмырды келеді бір-ақ тепкім.
Жамандықты жақсартып, жақсылықты,
Онан сайын келеді қуатты еткім», — дейді ақын.

Әйгілі қазақтың біртуар ақыны Әбіш Кекілбаев М.Мақатаев жайында былай деген екен: Мұқағали – қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол – шын мәніндегі ұлттық құбылыс… Ол халық болмысымен біте қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс. Ұлы ақын. Мұқағалиы бар халық өлмейді. Мұқағалиы бар әдебиет күннен-күнге жаңара, жасай береді. Тіршіліктің тәттілігі мен ақиқаттың ащылығынан мейірі қанғанша дәм татқан қауымның өскелеңдігі мен өміршеңдігі де осында. Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүреді.  Ал, қазақ халқының ақын қызы Фариза Оңғарсынованың «Мұқағалидай ақыны бар халық бақытты халық» деген. М.Мақатаев — қазақ халқының Фарабиден Абайға, Абайдан Мағжанға, Мағжаннан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жыр көшіндегі өзіндік орны бар біртуар талант иесі.

Қатыбас өмірдің қатыгездігін көп көрген сөз зергері таланты тау суындай тасқындап, атағы Алатаудай асқақтап тұрған шағында небəрі 45 жасында «ажал деген сұрапылдың аранына» түсіп, кете барды. Бірақ дəл осы кезден бастап М.Мақатаевтың аңызға айналған екінші ғұмыры басталып кетті.

Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол — қайғы.
Ақынды ақын сүйемесе, болмайды,
Ақынды ақын күйелесе, ол — қайғы.
Ақынға ақын басынан-ақ жуық-ты,
Барлық ақын бір анадан туыпты.
Ақынға ақын адал болсын əмəнда,
Ақынға ақын арам болса, жаман да…
Ақынға ақын ете көрме пенделік!

Ақын, ақын! Пенделікті жөнделік! — деп Мұқағалидың өзі айтқандай «Ақынды ақын оятпаса, болмайды» деген өлеңі, оның поэзиясы өзінен кейінгі ақындарды оятып кетті. Оларды тегіс ойлантып кетті. Иə, өмір ешқашан ұлыларды, дарындарды тірі кезінде еркелетпеген. Олардың даңқы қайтыс болғаннан кейін ғана шығады. Содан кейін ғана аялай алмағанымызға өкінеміз. Өкінішті болса да, бұл жай өмірдің жазылмаған заңына айналып кеткендей. Тек соңғы уақытта біз бір кездегі пенделіктен кеткен қатемізді жөндеген сияқтымыз. Өйткені ақынның аманат жырлары бізден осыны тіледі.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Əйтеуір, қазбас былық-шылығымды.
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бəрін пешенеден.
Əйтеуір, білетінім бір-ақ нəрсе —

Көшеді өлең немесе өшеді өлең! — деп «Жазылар естеліктер мен туралы» атты өлеңі көзі тірісінде-ақ Мұқағали ақынның өзі айтып кеткендей, күн күнге, жыл жылға ұласып, жылжыған сайын, өнерді құрметтейтін, поэзияның тылсым сырларын түсінетін жаңа ұрпақ өмірге келген сайын ұлы ақын тұлғасы мəңгі алдыңда жаңарып, қасқайып тұрады.Мұқағали Мақатаев халықты қалай сүйсе, халық та оны сүйді. Оның поэзиясы көптің ерекше махаббатына бөленді. Ол қасиетті өнер əруағына, поэзия періштесіне айналды:
…Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мəңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нəзік жанымды кім түсінер!?
 Сонша алып махаббат «момын үйдің кірпішінен» қанағат қайрады. Ал оның «бауырын кескілеген» «нəзік жаны», расында да, енді қайталанар ма екен?

Өлсе өлер М.Мақатаев,бірақ біздің № 140 гимназиямыз ешқашан ақынның өлеңдерін өлтірмейді,олар отыз өлеңін жаттап білсе,ал кейбір оқушылар жылма-жыл жиырма,отыз өлеңдерін өз қоржындарына қосып,жүзгеде жеткізіп отырған оқушылар баршылық.Ақынның шығармашылықтарын өлтірмейтін,Мұқағали із-басарлары,дарынды оқушылар біздің мектептен табылады.Әр мерекелерде,міндетті түрде Мұқағали өлеңдері оқылып,әндері шырқалады.

Соңында  айтарым, «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. Ақынның әр өлеңінде,әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты,  өлеңнің сырлы құпияларын жария етті. Мәңгілік Музаға айналған Мұқағали Мақатаевтың  ерен  есімі мен  мол ғибрат,  таусылмас  тәлім-тәрбие аларлық туындылары қазақ  халқымен бірге  мәңгі жасай бермек

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.