Home » Мақалалар » «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»

Жәлімбетов Манарбек Мәмбетұлы,
Алматы қаласы М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия ұстазы,
хор және вокал үйірмесінің жетекшісі

            Өнердің өр тұлғасы болған, ақиық ақын, қазақ ұлтының маңдайына біткен жарық жұлдыз Мұқағали Мақатаевтың есімімен аталатын №140 гимназияның 30 жылдан аса тарихы бар.  2009 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Хор дирижерлау» мамандығы бойынша бітіріп, аталмыш білім ордасына қосымша білім беру педагогы ретінде жұмысқа орналасқан болатынмын.

Ұстаздық жолдағы алғашқы қадам… Мектеп оқушыларының өнерге деген көзқарасы мен талғамдарының жоғары екенін көріп, музыкалық танымдарын кеңейтіп,  шығармашылығын шыңдауды мақсат еттім. Кіші және орта буын хор топтарын құрып, жеке дауыста ән салу бойынша алғашқы сабақтарымды өткізгенім әлі есімде…

«Білімнің қайнар көзі – мектеп» десек, оқушыларды білімді әрі музыкалық талғамы зор азамат етіп тәрбиелеу менің басты міндетім екенін ұғына жұмыс жасадым. Ән әлеміне қызығатын, өрімдей жастарды өнерге баулу үшін музыкаға деген қарым-қабілеттерін, таланттарын айқындап,  жүйелі жоспар аясында  жұмыс жасадым.

Гимназияның мәдени-шығармашылық өмірінің көркемдігі мен алуандығын ескеріп, жаңа жаһандық үрдіске икемдеп, жаңаша репертуарлар дайындай бастадым. Кіші хор тобы Алматы қаласында бірнеше рет республикалық, қалалық және аудандық байқаулардың лауреаты атанды. Дәл осылай, орта буын тобы да Алматы және Астана қалаларында халықаралық және республикалық деңгейлердегі байқаулардың лауреаттары атанды. Сондай-ақ, жеке орындауда  танылып жүрген оқушылардың көпшілігі қалалық,  республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде  хор үйірмесіне қатысушылар халық әндерін де,  әлемдік эстрада бағытындағы әндерді де, ұлттық музыка жауһарлары мен жаңа музыкалық жанрларды да  өз деңгейінде орындайтын болды.

Қазіргі таңда шығармашылығымен танылып,  көркемөнерге үздіксіз қатысқан белсенді оқушыларымыздың көпшілігі  — П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Қазақ ұлттық өнер университеттерінің түлектері.

Шығармашылықты одан әрі  дамыту мақсатында 2013 жылы, мектептің ұстаздарынан хор және ата-аналарынан «Әжелер ансамблі» құрылды. Аталған шығармашылық ұжымдар мектепішілік, қалалық, аудандық мәдени- іс-шараларға белсене қатысып,  түрлі байқаулардың жеңімпазы атанды.

Шығармашылық топтарға қолдау көрсетіп, мектеп мәртебесінің арттыруына ықпал етіп, қолайлы орта қалыптастыруда гимназия басшысы мен әкімшілігінің рөлі зор. Қазіргі уақытта мектептің материалды-техникалық базасы жаңарып, оқушылардың шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Атап айтатын болсақ,  электронды фортепиано, акустикалық жүйелер, заманауи LED-экран және музыкалық студия және т.б. жабдықтар бар.

Бірлікпен тірлік қылатын әріптестерімнің қолдауына тәнтімін. Сөз орайы келгенде, гимназияның ұстаздар қауымы мен оқушыларын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 91 жылдығы мен №140 гимназияның 31 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді.

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау», — деп Жан-Жак Руссо айтқандай, өзгенің бақыты үшін жасаған еңбектеріңіздің жемісті болып,  ұстаз бақытына кенеліңіздер деген тілек білдіргім келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.