Алматы қаласы балабақшаларының білікті 20 басшысы Малайзия мен Қытайдың жетекші білім беру мекемелерінде тағылымдамадан өттік. Қытай мемлекетінің Сужоу қаласындағы “Eton house” және Ханчжоу қаласындағы “ENOBLE” және Малайзия елінің “Universiti Pendidikan Sultan Idris” балабақшаларында болып, тәжірибе алмастық.
Қытай мемлекетінің алдыңғы қатарлы бірнеше балабақшасын көзбен көріп, керегін көңілімізге тоқыдық.
Қытайлық балабақшаларында бүлдіршіндерді жас кезінен бастап жұмыс істеуге дағдыландырады. Балабақшаларда баланы еңбекті жақсы көруге, еңбектенуге тәрбиелейді, мәдени және эстетикалық білімге яғни өнерді де үйретуге көбірек көңіл бөлінеді.
Тіпті тігін тігумен де айналысып, түрлі себеттер тоқуды мектепке дейін біліп шығады.. Бұл балалардың ұсақ моторикасын дамытады. Нәтижесінде мидың екі жарты шары дамиды, сөйлеу, есте сақтау қабілеті артады, қиялдауы, қозғалыстарды үйлестіруі жақсарады.
Бұдан бөлек оларға табиғат құбылыстары, өсімдіктер мен ағаштардың түрлері туралы да айтылады. Тәрбешілер бүлдіршіндермен 2 тілде — қытай және ағылшын тілдерінде сөйлеседі. Балалар сабаққа аса ынтазарлықпен қатысад . Өйткені оларға өте қызықты. Сондай-ақ әр маусымда ата-аналармен бірге банкке, поштаға, фермаға, стоматологияға, тауға шығу, саябаққа барып қыдыру сияқты міндетті іс-шара өтеді. Бұл бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтады. Қытайда жер сілкінісі жиі болып тұрады. Сондықтан балабақшаларда міндетті түрде қауіпсіздік сабағы өткізіледі, онда балаларға жер асты дүмпулері басталса, өзін қалай ұстау керектігі айтылады.
Біз Қытай елінің легендасы аталып кеткен Shelly Chen ханыммен де жүздестік. Shelly Chen ханым
Америкада және Қытай елінінің үлкен қалаларында балабақшалар ашқан.
Бұл кездесу бізге үлкен әсер қалдырды.
Малайзия халқы – мейірбан халық екен.
Әрдайым өзімізбен салыстыра жүретініміз жасырын емес, қазақтай қонақжай. Олардың ізгі ниеттерін танитын барлық адаммен емен-жарқын араласып, хал-жайын сұрап, амандасып тұратындығынан аңғаруға болады.
Малайзияның білім беру жүйесі – іргетасын берік қалаған. Балаларға кішкентайынан бастап қоғамға, ел ісіне енуіне, балабақша қабырғасынан бастап-ақ еркіндікке, кең ойлап, пайымдауға әрі шешім қабылдауға үйретуі балалардың болашағына деген сенімінің айқын көрінісі.
Бала жүрегі кішкентай ғана күй сандық, ол кілтін тапсаң ғана ашылады. Көргенім бен білгенімді бүлдіршіндердің даму жолында сарп ететін боламын.
Халықаралық тағылымдама – жаңа өзгеріс пен дамудың кепілі болары анық.
Алматы қаласы, Бостандық ауданы
КМҚК №140 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
Мухаметрахимова Шаттык Абишевна