Home » Мақалалар » Игі бастама

Игі бастама

Қазақ өнері күні аталып өтті
Өткен күндері қаламыздың Тәттімбет атындағы өнер колледжінде «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесіндегі 1 сәуір – Қазақ өнері күніне орай лекция – концерт болып өтті. Бұл күн қазақтың дарынды композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендінің туған күніне орайластырылып, белгіленді. Осы атаулы датаға орай ұйымдастырылған шарада студенттерге арнап Нұрғиса Тілендінің өмірі мен шығармашылығына байланысты арнайы әзірленген деректі сюжет көрсетіліп, Қазақ өнері күніне халық ақыны Мұқтар Шахановтың ел жұртшылығына арнаған құттықтауы оқылды. Концертте Нұрғиса Атабайұлының шығармалары көптеп орындалды. Олардың қатарында өнер колледжінің жас домбырашылары 1-курс студенті Сәбит Ақнұр тартқан «Жекпе-жек», 3-ші курс студенті Жәпен Әли орындаған «Аққу», «Баламишка» және т.б күйлер бар. Сонымен қатар құрамында Құбат Темірлан, Хасен Азат, Самарқан Жанбек, Жәпен Әли, Амангелді Нұргелді, Бейісова Камилла сынды жас домбырашылар бар ансамбль мен дирижёр Шолпан Байменова жетекшілік еткен оркестр жиналған жұртшылықты өз өнерлерімен тәнтті етіп, Н.Тілендінің елге танымал шығармаларын нақышына келтіріп орындаса, ән бөлімінің 3-курс студенті Шәмел Аңсаған «Сағындым ғой» әнін көрермендерге тарту етті. Кеш соңында шараға белсенді қатысқан жас домбырашыларға «Қазақ халқының мұрасы-Мәңгілік ел» кітаптар сериясымен жарық көрген кітаптармен табыс етілді.

“Қазақ халқының мұрасы” кітаптар сериясының баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.