Home » Жаңалықтар » Әдістемелік лайфхак: Жаңа заман мұғаліміне арналған цифрлы гайд

Әдістемелік лайфхак: Жаңа заман мұғаліміне арналған цифрлы гайд

Бүгінгі күн оқытудағы өзгерістердің жеделдігін көрсетуде. Виртуалды сынып, мобильді оқыту, EdTech, электронды бағалау, жасанды интеллектті қолданатын интеллектуалды оқыту жүйелері – бұл терминдердің барлығы жаңа заман мұғаліміне таңсық емес.
Цифрлы құралдар педагогтер үшін оқу процесін тиімді ұйымдастыру және оқушылардың бойында ХХІ ғасыр дағдыларын дамытудың заманауи әдісіне айналып отыр.
Жаңа оқу жылы басталысымен Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мұғалімдердің цифрлы мәдениетін қолдауға және дамытуға бағытталған «Әдістемелік лайфхак: Цифрлы гайд» жобасы қолға алынды. Бір ай бойы жоба спикерлері  – Зияткерлік мектеп мұғалімдері өз әріптестеріне онлайн-платформалар, пайдалы веб-сайттар, лайфхактар мен ұтымды шешімдерді таныстырып, олардың сабақта тиімді қолданылуын көрсетті. Microsoft Teams алаңында «MIRO, PADLET, LINOIT виртуалды тақталарымен қызықты онлайн сабақ», «Оқытуда EDMODO платформасын қолдану мүмкіндіктері»,  «SOCRATIVE қосымшасы көмегімен бағалау және кері байланыс әдістері», «MOZAIC EDUCATION арқылы 3D презентация дайындау» және тағы да басқа тақырыптық атаумен вебинарлар сериясы ұйымдастырылды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы тренерлері жоба бойы спикерлерге кері байланыс беріп, пікірлерін айтып отырды.
«Әдістемелік лайфхак: Цифрлы гайд» жобасын іске асыру нәтижелері бойынша Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі облыс мұғалімдеріне арналған цифрлы форум ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Осы уақытқа дейін мектеп мұғалімі немесе институттың профессоры –білімнің бірден-бір жеткізушісі, ал дәріс – оқушыларға ақпарат берудің  жалғыз тәсілі болып келді. Бүгінде кез  келген ақпаратты ғаламтор беттерінен табуға болады. Интернет-кітапханалар, ғылыми зерттеулер, бейне және аудио материалдар барлық қолданушыға қолжетімді. Ал қазіргі заман сабағы – мұғалімнің монологы емес, пікірталас, зерттеу мен тәжірибе алаңы. Шешім табуға және деректерді талдауға үйрену барысында оқушы алдыңғы қатарға шықса,  оқытушы лектордан жаттықтырушы және модераторға айналады. Ол жетекшілік етеді, ынталандырады, белсенді оқуға жағдай жасайды. Сол себепті мұғалімдердің кәсібилігіне қойылатын талаптар да артып келеді – енді оларға материалды аралап өтіп, таныс маршрут бойынша дәріс оқу жеткіліксіз. Олар заманауи оқыту әдістерін қолдана білуі керек – қазір бұл пәнді білуден гөрі маңызды. ХХІ ғасыр мұғалімі оқушыларға әмбебап дағдылар мен дағдыларды нақты мәліметтерге орналастыру арқылы дамытуға көмектеседі.

Оралдағы НЗМ-нің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.