Home » Мақалалар » Аялаңдар тіршіліктің нәр жанын 

Аялаңдар тіршіліктің нәр жанын 

Тіршілік тің тынысын кеңейтетін табиғат сынды құдіреттің адамзат баласымен біте қайнасып жатқаны мәлім. Осы орайда өмір өзегіне айналып отырған планетаны сақтау, экологиялық жағдайына назар аудару адам баласының жауапкершілігіне міндеттеледі.

Жасыл экология ұғымы қозғалғанда жасыл желек, ну орман мен оттегінің қайнар көзі өсімдіктер әлемі елестейді. Тіршіліктің тірегі болып табылатын әлемнің негізгі экологиялық проблемасы — адамдардың өсімдіктерді жоюы. Өкінішке орай, бүгінгі күні барлық табиғат жанашырларын дабыл қағуға мәжбүр етіп отырған мәселе де осы. Әлбетте табиғаттың бар өнімі адамзат баласының қажеттілігі үшін деп пайымдаймыз. Десе де адамдар жабайы жидектерді жинап, дәрілік өсімдіктерді қолданған бір нәрсе, ал өрттер аумақтағы мыңдаған гектар тіршілік иелерін жойған кезде мүлдем басқа дүние. Осыған байланысты флораның жойылуы бүгінгі күні өзекті жаһандық экологиялық проблемаға айналып отыр.

Өсімдіктердің жекелеген түрлерінің жойылуы флораның нашарлауына әкеледі. Егер кем дегенде бір түр жойылса, онда бүкіл экожүйе түбегейлі өзгереді. Өсімдіктер оттек шығарушы не сәндік үшін емес, сонымен қатар жан-жануарлар үшін азық. Демек өсімдік жамылғысы жойылған жағдайда алдымен жануарлар, кейін жыртқыштар өледі.

Айналаңызға көз салыңызшы, мұқият қараңыз. Не көріп тұрсыз? Ашық аспан, самал жел, желмен тербелген ағаш жапырағы… Табиғатпен сырласпаған ақын-жазушы кемде-кем шығар. Жылдың төрт мезгіліне өлеңін арнаған ұлы Абайдың табиғат лирикасы соған дәлел.

Қазақ табиғатпен сырласады, үніне құла асады. Расында «адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ»  деген пайымының өзі біраз нәрсені аңғартады. Бізді қоршап тұрған нәрсе керемет әрі үйлесімді жасалған, айналада нағыз сұлулық бар, оны біз кейде сұрқай тірліктің аясында байқамаймыз.

Зауыттар, фабрикалар, машиналар, компьютерлер, биік ғимараттар, сандық технологиялар әлемнің сан кереметін көрсетуге ұмтылады. Күн сайын жер адамзатқа өзінің байлығын бере отырып, күйрейді. Сәт сайын атмосфераны улауға миллиондаған тонна ластаушы заттар шығарылады. Тек ауа ластанып қоймайды, қаншама өзен, көл, су қоймалары мен теңіздер улы қалдықтардың құрбаны болды. Мәселен Байкал көлі, бұл адамзат баласының немқұрайлылығының ең жарқын көрінісі.

Сортаң тартып, тұзы борпылдаққа айналған Арал теңізінің де экологиялық зардабы аз емес. Бүкіл бір облысты экологиялық  дағдарыстың құрсауына шырмалтып тастағаны да жасырын емес. Әлемдік экологиялық ахуалды қоя тұрып, Қазақ жерінің түкпір-түкпіріне сапар шексеңіз, жүректі қылжылтатын жайттар жеткілікті. Қазақтың сайын даласының қойнауында жатқан саф қазынаны қазып, жердің үстіндегі ахуалын нашарлатып жатқанымыз жасырын емес.

Жер бетінде экологиялық таза аудандар, өзендер мен теңіздер көп емес, дегенмен жасыл желекті көбейту арқылы, тазалықты сақтау арқылы экологиялық жағдайды түзету мүмкіндігі бар.

Өзін табиғаттың иесі деп санай отырып, адам болашақ ұрпақтың таза ауамен дем алып, табиғаттың сыйында олардың да үлесі бар екенін ұмытып кетеді. Соңғы кездері табиғаттың өзі де оған деген бейғам көзқарасқа қарсы шыққандай, табиғи ауытқулар, катаклизмдер жиі бола бастады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру экологияны сақтаудың бірден-бір жолы. Тиісінше, адамның қоршаған ортаның тұмса табиғатын бұзбай сақтап қалудағы рөлі өте маңызды.

Бүгінгі күні флораның азаюына әсер етіп отырған негігі мәселелердің барлығы адамның әсерімен болып отыр. Мәселен, орманды кесу, су қоймаларын құрғату, ауыл шаруашылық қызметі, радиоактивті ластану, өнеркәсіптік қалдықтар, топырақтың сарқылуы, экожүйелерге антропогендік араласу міне, мұның әрбірі адам баласының қолының тиюі арқылы жасалады.

Өсімдіктердің жойылуы неге әкелетінін  анықтадық. Қазақ жерінде де «Қызыл кітапқа» еніп, қорғалатын бірнеше өсімдік және жануарлар түрлері бар. Олардың ішінде тек біздің жерде кездесетіні қаншама. Егер экологиялық жағдай жақсармаса, табиғат байлықтарының өздігінен құрып кету қаупі туындайды.

Жасыл экология  флорамен тікелей байланысты. Флораның жойылуы –бұл барлық тіршілік иелерінің өмірін тоқтатуға әкеледі. Себебі, өсімдіктер адамдар мен жануарлар үшін негізгі азық көзі болып табылады. Ал, ормандар планетаның өкпесі іспеттес. Олардың жойылуы ауаны тазарту мүмкіндігінің төмендеуіне, атмосферада көмірқышқыл газының жоғары концентрациясы жиналуына әкеледі. Бұл парниктік әсерге, жылу алмасудың өзгеруіне, климаттың өзгеруіне және жаһандық жылынуға әкеледі. Өсімдіктердің жекелеген түрлерінің де, флораның да жойылуының салдары бүкіл планета үшін апатты салдарға әкеледі.

Қоршаған орта — тірі тіршілік иесінің өмір сүруіне және оның көбеюін жалғастыруға қолайлы орта. Бұл орта ауа, су, топырақ және жарық сияқты факторлардан тұрады. Қазіргі кезде жиі айтылатын экожүйе термині бүкіл тірі және жансыз ортаға қатысты қолданылады.

Жасыл экологияны сақтау, экологиялық дағдарысты болдырмау әрбір саналы адамның құзіретіндегі дүние. Экологияны сақтау, табиғатқа жанашырлықпен қарау, ол өз өміріңе деген жанашырлықты білдіреді. Сондықтан біз болашағымызға қауіп төндірмеу үшін өсімдіктерді жойылудан қорғауымыз керек. Жас ұрпақтың бойынша экологиялық тәрбиені күнделікті отбасында сіңіруді әдетке айналдыру бүкіл планетаны қорғаудың алғышарты болып табылмақ.

Өкеш Аружан

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.