Home » Мақалалар » Мен және менің мамандығым

Мен және менің мамандығым

Астана қаласы
Әлкей Марғұлан атындағы
№40 мектеп-лицей педагог психолог
Мағжан Маржан Сембекқызы

    «Мен бір жұмбақ адаммын» оны да ойла — деп  Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір тұлға — жұмбақ.
Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу мен қалаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры.

      Мен кіммін? Болашақта қандай мамандық иесі болғым келеді? Осы бір сұрақ өмірге келіп, сана-сезімі жетілген әр бір адамды толғандырары сөзсіз. Бір кездері мен де осы бір сұрақтың жетегінде көп ойланып, толғанып, қиялдап, өзім қалайтын, өзім сүйіп айналысатын істі таңдау жетегінде жүрдім. Ақырында осы бір сұраққа жауап та таптым. Ол әлем-психология әлемі болатын. Психология әлемі, психолог мамандығы мені несімен қызықтырады? Қазақта «жан ғылымын» ерте меңгерген. «Тән ауруы жазылар, жан ауруы жазылмайды» деген сөзде үлкен мағына мен мән бар. Бүгінгі күні тән ауруын дәрігердің шипасы емдесе, жан ауруын психолог маман емдей алады. Әр адамның жүрегіндегі мұңды сезіп, ойды танып, дұрыс жол сілтей білу, адамнан тек мамандықты талап етпейді, адамға деген мейірімділік пен ізгіліктен туындайды.

Сонымен психолог, ол кім? Психолог-өзінің білімі мен біліктілігіне сүйене отырып өзгелерді тығырықтан шығаруға көмектесетін  ізгі жан. Психолог-өзін терең  түсіне  жүріп, өзгелердің жан-дүниесін түсінуге, зерттеуге ұмтылатын зерттеуші. Психолог- жәрдемші, психолог-көмекші. Психолог өзгелердің жанын ауыртпайды, керісінше жан-дүниесі күйзеліске түскен жандарға өзінің психология әлемін шарлап, жанына дауа іздейді. Міне, осыншама жақсылық атаулыны жүрегіне, ақылына, санасына шоғырландыра алатын ізгі жан иесі психология мамандығын таңдауымның басты себептері осындай. Себебі мен адамдарға жақсылық жасағанды бар жан-дүниеммен қаладым. Психологиялық жұмыс- адам жанымен жұмыс, адам ойымен, жеке тұлғамен жұмыс. Бүгінгі біздің қоғамда жаһандану үрдісімен келген қиыншылықтар көбейіп жатыр. Көгілдір экранды жаулап шетелдік фильмдер, түрлі діни бірлестіктер, шетелдік арзанқол музыкасы т.б. жастарымызды улап жатқаны жасырын емес. Олардың бәрі жастардың көңіл- күйіне, психикасына әсер етуде. Бұндай келеңсіз істермен күрес жүргізу бірінші кезекте тұр.

Мені қоғамдағы басты проблемалардың бірі — жасөспірімдер мәселесі қатты толғандырады. Олардың ішкі жан күйзелісін түсіне отырып, заманның індетіне айналған  «суицид» ауруымен күресіп, өскелең ұрпақты осы бір әбжыланның уытынан құтқарғым  келеді.

«Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу- үлкен өнер»
З.Фрейд айтпақшы, жақсы психолог болу үшін не қажет? Ең алдымен терең білім, еңбек, дәлдік, ұқыптылық, бастамашылдық, қойған мақсатына жетуге деген өз күшіне сенімділік. Бұл қасиеттер кез-келген мамандық иесіне тән емес пе? Әрине солай. Ал психолог мамандығы бұдан да гөрі зор  қасиеттерді талап ететін еңбек ету барысында сезініп, білудемін. Ең маңызды қасиет ол мәселені шығармашылықпен шешетін терең интуицияның болуы. Психолог-басқа адамның мәселесіне еніп, түсіне отырып, өзі бірақ бұдан зардап шекпейтін мықты тұлға. Психолог-өз өмірін тәжірбие  ретінде қолданбайтын, әр нәрсеге обьективті түрде қарай алатын адам. Психолог-өзгелермен бірге қуана да, қайғыра да алатын терең эмоционалды, жоғарыда айтқандай бірақ өзі бұдан зардап шекпейтін жан. Қазір мен мектепте психолог бола жүріп, әр бір  күн сайын оқушылар, ата-аналар, мұғалімдермен кездесетін қиыншылықтармен бетпе-бет кездесіп өз білігімді шыңдау, іздену үстіндемін. Бұл мен үшін психология мектебі. Соңғы кездерде психолог мамандығына қажеттілік көбірек туындап отыр. Бұл немен байланысты? Мұның себептері көп, көмекке жүгінген әр адамның-біреуі жалғыз және оның қайғысына ортақтасып, қуанышына бөлісетін ешкімі жоқ, енді біреуі шынындада көмекке зәру. Қалай болғандада психолог көмегіне адам жүгінді, яғни себебі бар. Психологтың жұмысы осы себепті табу, онымен тіл табыса отырып жұмыс жасап, оны жою тәсілдерін қарастыру. Сондықтан мен өз мамандығымды қоғамға қажеттілігін сезіне отырып, ерекше жақсы көрем және жақсы психолог  болу үшін бар ерік –жігерімді сарп етуге әзірмін.

 

2 комментария

  1. Карлыгаш

    Жарайсыз, тек алдыға

  2. Сіздің мақалаңыз ұнады .Сіздей ұстаз психолог көп болсы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.