Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасының баспасөз қызметі
Соңғы жылдары өңірде жетім балаларға қамқорлық жасау қолға алынып, бұл тарапта бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік саланы әлеуеттендіру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген маңызды міндеттердің қатарында жетім балаларды жебей жүру де бар.
Бұл ретте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей жетекшілігімен өңірде «Мейірім» жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында аймақтағы асыраушысынан айырылған балаларға көмек берілетін болады.
Бүгінгі таңда облыстағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен арнайы мекемелердің түлектерін әлеуметтік бейімдеу, мамандық алып жұмысқа орналастыру, отбасын құру, тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары өзекті мәселе болып тұр.
Жалпы облыста 18 жасқа дейінгі 427465 бала болса, олардың 1379-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Аталған санаттағы балаларға арналған мекемелерде 113 бала тәрбиеленуде.
Жоба тұжырымдамасына сәйкес, асыраушысынан айырылған әр балаға мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшылары бекітілген. Мекеме басшылары бұл балалардың әлеуметтенуіне өзіндік үлесін қосатын болады. Атап айтқанда, балалардың есепшотына қаржы аударып, жан-жақты қолдау көрсетеді. Балалардың тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз етілуі де қарастырылатын болады.