Сомшина Акмарал Есимхановна
Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы
№95 «Алматы» балабақшасының әдіскері
Баланы тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Балабақша ең алдымен баланы тәртіпке , жауапкершілікке үйретеді. Баланың ойлау қабілеттілігін арттырады. Қазақ халқында: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» – деген тамаша сөз бар. Адам мінезі бес жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады деседі. Абай атамыз «балаға мінез үш алуан адамнан жұғады; бірінші- ата-анасынан, екінші – ұстазынан , үшінші – құрбысынан» деген. Бала естігенін айтады, көргенін істейді – деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата- анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс- тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына адамгершілік қасиеттерді, ойын, салт- дәстүр, мақал- мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, өлеңдер арқылы сіңіру – тәрбиешінің басты міндеті.
Ол сәбидің қиялына қанат бітіреді. Ертегілерді тыңдай отырып кішкентай бүлдіршіндер мейірімділік, қамқорлық, қайырымдылық сезімдерімен танысады.
Балабақша мен отбасы арасындағы тығыздық артқан сайын бүлдіршіндеріміздің адамгершілік құнды қасиеттері арта түседі. Осыдан келіп , бүлдіршіндерімізде жақсы қылықтар, ұжымдық қарым- қатынас , адамгершілік сезімдері, еңбексүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу , жауапкершілік, патриоттық сезімдер туралы түсініктер қалыптасады. Тәрбиеші балалардың жақын досы болуы керек., ал еркелетуге сақтықпен қараған жөн. Дегенмен, балаларды еркелету де қажет.
Балабақша баланың өмірге аттаған алғашқы қадамы. Басқан алғашқы қадамынан баланың болашағы қаланады. Әрбір кішкентай ғана бүлдіршінді өмірге енді аяқ басқан сәтте көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын алтын ұя. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп иелері жұмыс атқарады. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына, ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген.
Баланың дамуының іргетасы қаланып, тұлғаның «Мені» қаланатын кезеңі – балабакшада. Ары қарай өмірдің өсу сатысында білім мен тәрбие ұйымдарында қалыптасқан бірізділік жүйе арқылы өз көзқарастарын қалыптастырып, «Мені» – танылып, жеке тұлға ретінде қоршаған ортада өз орындарын табады. Отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын ерке балалар да жоқ емес. Бір үйдің кенжесі, бірі тұла бойы тұңғышы. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулитын орта – тағы да балабақша.
Бақшадағы оқу қызметтері бес сала бойынша іске асып барлығы ойын түрінде балалар бойына білім нәрін сусындатады. Тілін дамытып ортаға бейімдеп қарым-қатынасқа икемдейді. Математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа үлкен- кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді, қоршаған ортада табиғат құбылыстары мен жақынырақ танысады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан теңіз.
Тәрбиеші балаларға білім беру үшін баланың іс-әрекеті ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттырып, көздеген мақсатқа жеткізуші. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым –үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр баланың бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу.
Балабақша келешек азаматтарды тәрбиелейтін шағын институт. Балғындардың шаттық күлкісіне толы бұл мекенде тәрбиеші-педагогтар баланың тәрбиесімен қатар оның дамуына да даңғыл жол салады. Себебі, балабақшада бала бойындағы ерекше қабілеті байқалады. Баланың алғашқы қылықтары көрініс тапқан сәттен бастап оның дамуындағы ерекшеліктерді назарда ұстаған жөн. Сондай-ақ, көпшілік ортаға тез үйренісіп, адамдармен тіл табысуға да балабақшаның берері мол.
Бір үйдің кенжесі, бір үйдің тұла бойы тұңғышы. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие, білім беріп, бірыңғай күн тәртібіне баулу, білік, дағдыларды үйрету тәрбиешінің күнделікті жұмысы.
Балабақша – бақыт баспалдағы. Әрбір балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарына ертеңге деген нық сенім, патриоттық сезімді ұялататын, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын орда.
Сондықтан, алдымызға келген әрбір бүлдіршінге тәлім-тәрбие беріп ұлтжандылыққа тәрбиелеу – біздің міндетіміз.
Балабақша тәрбиешілері бәріне үлгеретін, төзім мен қайраттан, сабырдан жаралған жандар! Тәрбиешілер жұмысқа ерте келе жатады. Ата-ана күтіп қалмасын, балалар «Меннен» бұрын келіп қоймаса екен, кешігіп қалмайын, деп асығады.