Home » Жаңалықтар » «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» — БОЛАШАҚҚА ЖОЛ

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» — БОЛАШАҚҚА ЖОЛ

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» — БОЛАШАҚҚА ЖОЛ

Балалардың мектепке барар сәті жақындағанда ата-анадан маза қаша бастайды. Бағасы көтерілмесе түсе қоймайтын оқу құралдарын, мектеп формасын алуға баршаcsның қалтасы көтере бермейді. Бұл, әсіресе, көпбалалы, әлеуметтік күнкөріс деңгейі төмен отбасыларды шарасыз күйге түсіреді. Барын салып, баласын ешкімнен кем  қылғысы келмейтін ата-анаға Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүйелі жүзеге асып келе жатқан республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы көмекке келеді.  Жыл сайын тамыз айының алғашқы күнінен басталатын акция әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және көмекке мұқтаж себепбері бар отбасылардың мектепке дайындық жұмыстарын жеңілдетуге себеп болып отыр.

Республикалық акция Алматы қаласындағы Алатау ауданына қарасты №151 жалпы білім беретін мектепте де өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Акция басталғалы көпбалалы сегіз отбасына мектеп формалары тарту етілсе, күні кеше 30 шақты отбасы мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алып, қуаныштарын еселеп жатыр.

  • Әр мектептің Ұлттық білім беру дерек қоры бар. Көмекке мұқтаж жандарды сол бойынша анықтаймыз. Акция басталғалы демеушілер мен меценаттар тарапынан көмек-қолдаулар алып жатырмыз. Жыл сайын үзбей көмектесіп келе жатқан жомарт жүректі кәсіпкер азаматтар да бар. Олардың көмегі ел болашағы – балалардың алаңсыз білім алып, еліне қызмет етуі үшін жасап жатқан үлкен сыйы деп айта аламын, — дейді білім ошағының әлеуметтік педагогы Меруерт Ержақып.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дегендей, бұл

акцияға Алматы қаласы «Қазақстан дүнген қоғамы» бірлестігінің Аналар кеңесі де белсене атсалысқан. Кеңес төрайымы Римма Масырованың ыстық сәлемін арқалай келген бірлестік өкілі Динара Жамалқызы кеңсе құралдарын, қыздар мен ұлдарға арналған мектеп формасын табыс етті. Жомарт жандардың сыйына риза болған көпбалалы ана Наргиза Алимбетова алғысын білдірді.

  • Бес балам бар. Үшеуі мектепке барады. Өзім декреттік демалыстамын, жалғыз жолдасымның табысы жетпейтіні шындық. Осындай кезде акция арқылы мектеп тарапынан көмек алып, қауанып қаламыз. Былтыр да алған болатынмын. Жыл бойы соның бәрін қолданып шықтық. Биыл да балаларыма қажетті заттарды алып жатырмыз. Алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді көпбалалы ана Наргиза.
      

Иә, жаз бойы асыр салып, алаңсыз жүрген ойын баласының мектепке ешкімнен кем болмай барғаны ата-анасы үшін де, қоғам үшін де пайдалы. Көңілі тоқ, қуанышты бала бала білім нәріне уайымсыз бас қояды. Алғашқы қоңырауда көздерінде қуаныштың белгісі бар оқушыларын көргісі келетін мектеп ұжымына сәттілік тіледі.

    

Алматы қаласы
«Білім айнасы»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.