Home » Мақалалар » “Басқару менеджменті: Педагогикалық әдеп қағидаларын ұстана отырып жұмыс жүргізудің нәтижелілігі”

“Басқару менеджменті: Педагогикалық әдеп қағидаларын ұстана отырып жұмыс жүргізудің нәтижелілігі”

Қамбарова Бекзат Ғабитқызы
Мұқағали Мақатаев атындағы
№140 гимназия тәлімгері

Республикалық семинар

Сәуірдің алтысы күні республикалық семинар өтеді дегеннен жауапкершілікті сезінген М.Мақатаев атындағы №140 гимназия ұжымы ә дегеннен дайындықты бастап кетті. Үш қабатты мектеп ішінің, оқу кабинеттерінің тазалығына ерекше көңіл бөлінді.

“Басқару менеджменті: Педагогикалық әдеп қағидаларын ұстана отырып жұмыс жүргізудің нәтижелілігі” тақырыбындағы семинарға келген қонақтарды мектебіміздегі оқушылардың халық аспаптар оркестрі қарсы алды. Тамылжыта түрлі күйде қалықтаған аспаптар үні келген жанның жүрегіне шоқ тастады-ау, сүйсіне тыңдап тұрған көпшілікке қарап-ақ марқаясың. Сағат 9.00-ден тіркеу жұмыстары басталып, тіркелген әрбір қонаққа көңіл-күйдің белгілері жазылған алмалар үлестірілді. Қонақтар республикамыздың түкпір-түкпірінен келген мектеп директорлары мен Алматы қаласы, Бостандық ауданындағы мектептердің оқу-тәрбие ісінің меңгерушілері болды.  Келген қонақтарды мектебіміздің «Жас ұлан» ұйымының оқушылары алып жүріп, мектептің үш қабатындағы стендтер мен оқу кабинеттерін таныстырып шықты. Қонақтар оқу кабинеттеріндегі, мектеп қабырғасындағы стендтерге тоқталып, ондағы жазылған әрбір сөздің астарына үңілді. Сағат 11.00-де мәжіліс залында «Пленарлық отырыс» басталып, гимназия директоры Сәния Өскенбайқызы мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Темурбаева Сафура Сәлімбайқызы республиканың түкпір-түкпірінен келген әріптестерімізге “Басқару менеджменті: Педагогикалық әдеп қағидаларын ұстана отырып жұмыс жүргізудің нәтижелілігі” тақырыбында ой өрбітті.

Мектеп директоры С.Тілеубай мектептегі әдеп – басшының әдебінен басталатынына баса назар аударса, С.Темурбаева педагогикалық әдеп әрбір ұстаздың білім беру саласындағы күретамыры екендігіне ерекше тоқталып өтті.

Іс-шара ары қарай «Тәжірибе алаңымен» жалғасты. Мұнда мектеп ұстаздары «Үздік пән мұғалімі», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік әдістемелік бірлестік», «Үздік жас маман», «Үздік тәлімгер», «Үздік кабинет», «Үздік ата-аналар жиналысы» бөлімдері бойынша сөз сөйлеп, өздерінің іс-тәжірибелерін ортаға салды.

«Алматы жыл мұғалімі – 2020» кәсіби байқауының жеңімпазы, тарих пәнінің мұғалімі Сағынғалиев Дәурен Наурызбайұлы «Үздік пән мұғалімі» бөлімі бойынша сөй сөйлеп, үздік болу – терең білім мен мол тәжірибенің жемісі екендігін тілге тиек етті. Осы уақыт аралығындағы өз жетістіктерімен бөлісіп, жетістікке жету жолындағы ұстанымдарын ортаға салды.

Сыныпты басқара алу – үлкен өнер. Мектеп басшысының «сыныптың сынып болуы – сынып жетекшіге байланысты» деген әдемі сөзі бар. Сыныптағы отыз баланың тәртібіне ғана емес, тәрбиесі мен біліміне жауап беретін сынып жетекшінің әрбір бала үшін шығарда жаны бөлек. Өз баласындай әрбірінің жан сырына үңіліп, жүздерінен жағдайларын түсіне алатын сынып жетекші сыныптағы әр оқушының тұлға болуы жолында еңбек етеді. Дәл осындай отыз үш шәкірті бар Сапарова Сәуле Амангелдіқызы мектебіміздің – «Үздік сынып жетекшісі». «Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем бер» деген ұстаныммен жүретін ұстаздың сыныбындағы отыз үш шәкірт – өнерлі, дарынды, талантты. Халықаралық ән-би, спорт, Мұқағали, Абай, Шәкәрім оқуларының жеңімпаздары – осы сыныпта. Бұл – «ұстаз-оқушы-ата-ана» үштігінің бірлескен жұмысының нәтижесі.

Барлық мектепте әдістемелік бірлестік жұмыс жасайтыны белгілі. Әрбір бірлестік – толық ұжымның кішкентай ғана бөлшегі. Мектебіміздегі информатика пәнінің мұғалімі Сарсембаева Кәмшат Мәлікқызы «Үздік әдістемелік бірлестік» бөлімі бойынша сөз сөйлеп, өз бірлестігінің, яғни, математика-информатика кафедрасының жеткен жетістіктерімен бөлісті.

Мұғалім – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан маман. Жас болса да, ұстаз деген атқа лайық жас маман болып жүрген Демжанова Гүлбану Берікқызының «Үздік жас маман» бөлімінде бөліскен ойлары ерекше десек болады. Сабақ жоспарын құру барысында білім мазмұнын жаңарту шеңберінде белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, педагогикалық шеберлігімен шәкірт жүрегін жаулаған ұстазымыз  ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, еңбек жолын бастағанына екі жыл толды. Екі жыл уақыт ішінде «Мұзбалақ» пікірсайыс клубына жетекшілік етіп,  шәкірттерімен бірге үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Тәрбие дегенде тәлімгер еске түседі. «Үздік тәлімгер» бөлімі бойынша Түстікбаева Құралай Әбдікерімқызы өз ойларын ортаға салып, тәлімгердің жұмысымен таныстырып шықты. Тәлімгердің жұмысының жауапкершілігіне баса назар аударды. Жас маманның тәлімгерден алған бағыт-бағдары оның ұстаздық өмірінде бағдаршам екендігіне тоқталды.

Әр мектепте әдемі оқу кабинеттері болады. «Атына – заты сай» жабдықталған, қарасаң көз тоймайтын физика кабинетін Иманбаева Гүлім мен  Әлімбек Шапағат «Үздік кабинет» бөлімі бойынша қорғады. Расында да, физика кабинеті сонау жерден көз тартады. Қабырғалардағы әрбір жанып-сөнетін стенд, бұрыш-бұрыштағы ұлы физиктердің сөзі, лабораториясы, бәрі-бәрі физиканың қыры мен сырынан сыр шертеді.

 

 «Ұстаз-ата-ана-оқушы» үштігі жолға қойылған мектептегі әрбір ата-ана жиналысы баланың тәртібі мен білімінен құралған құр сөзбен емес, тренинг, ойын, түрлі бағдарламалар арқылы жоғары деңгейде өтеді. Жиналысқа келмейтін ата-ана кемде-кем. «Үздік ата-аналар жиналысымен» таныстырылым жасаған Сыздықова Ләззат Тұрысбекқызы 86 сыныптың сынып жетекшілерінің өткізіп жүрген тәрбие жұмыстары мен ата-аналар жиналысынан флешмоб жасады. Мектепке қуанып келіп, қуанып қайтатын ата-аналар жиналыстан шыққан секілді емес, жиыннан шыққандай әсерде боламыз дейтін сүбелі ойларымен бөлісті.

«Үздіктер керуенін» жалғастырған «Жаңаша кері байланыс жасау әдістерімен» директордың оқу-тәрбие ісінің меңгерушілері Жарылқапов Бақтияр Үсенұлы, Темурбаева Сафура Сәлімбайқызы, Төлегенова Жанар Қасиетқызы таныстырды. Әркімнің қолындағы байланыс телефонындағы QR-код арқылы жасалынған кері байланыс ұжымға да, қонақтарға да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қонақтар арасынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Тымболова Алтынай Оразбекқызы сөз алып, кештің өту барысына ризашылығын танытып, қуанышын жеткізді. Сондай-ақ, республикалық «Өрлеу» орталығынан келген Гүлнар Абдоллақызы және келген мектеп директорлары сөз алып, пікірлерін ортаға салды. Семинар соңы №140 гимназияның ұстаздары мен шәкірттері әзірлеген «Қазағым сағынды, рас, Мұзбалағын» концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.