Home » Мақалалар » РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Муртазаева Баян Абжапбарқызы,
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы, Жамбыл облысы бойынша
ПҚ БАИ курстан кейінгі қолдау және инновацияларды
енгізу зертханасының меңгерушісі, Тараз қаласы

Анықтама үшін: Тамыз кеңесі аясында 6 тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін 33 секция жұмыс жасады, оған республика бойынша 15 мыңнан астам қатысушылар тіркеліп, қатысты. Секция жұмысында талқыланған маңызды мәселелер бойынша ұсыныстар жасалып, 21 тамыз күні өткен пленарлық отырыста осы ұсыныстар талқыланып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
21 тамыз күні педагогтер, білім және ғылым саласы қызметкерлерінің «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбындағы дәстүрлі Республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті. Іс-шарада білім саласындағы маңызды мәселелер талқыланып, қарастырылды.
Онлайн түрде өткен отырысқа білім саласына жауапты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы, білім Басқармаларының аумақтық білім Департаменттерінің және білім беру ұйымдарының басшылары, педагогикалық еңбек ардагерлері, ғалымдар, азаматтық қоғамдық ұйымдарының өкілдері, сонымен қатар Ресейлік Жоғары экономика және білім беру институтының ғылыми жетекшісі Исаак Фрумин   қатысты.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы өз баяндамасында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайларға байланысты ұстаздардың еңбегі ерекше екенін айта отырып, оларға өз алғысын білдірді.
2020-2021 оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады дей отырып, өткен оқу жылының 4-ші тоқсанындағы қашықтан оқыту бойынша мәселелерді атай отырып, оларды бірлесе жеңдік деді. Балалардың денсаулығы – ең басты мәселе екенін айтып, оған жауапты тұлғаларды атап көрсетті, мектептердегі балаларды оқыту тәртібін нақтылап, қауіпсіздік шараларын сақтауды міндеттеді.
Жаңа оқу жылына дайындық жасау бойынша жауапкершілік облыс әкімдерінің орынбасарларына, білім беру Басқармалары басшыларына жүктелетіндігін айтты. Білім беру саласында балалардың денсаулығы, тәрбие беру мен оқытуға, балалардың сауаттылығы, педагогтердің кәсібилігіне, білім сапасына, балалардың қауіпсіздігіне, қосымша білім беруге байланысты көптеген мәселелер жинақталғанын атап көрсетті. Білім берудің барлық деңгейлеріндегі: мектепке дейінгі, орта, арнайы кәсіби, жоғары білім беру салаларындағы қордаланған мәселелерді санамалап атай отырып, оларды шешуге байланысты нақты тапсырмалар берді.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында өткен жылы «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» мен «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданғанын айта отырып, осы құжаттар аясында іске асқан кешенді шаралар мен өзгерістерді атап өтті.
Сонымен қатар жаңа оқу жылындағы өзгерістер ішінде Мемлекет басшысының мектептерде экологиялық білімді енгізу бойынша тапсырмасынан кейін оқытылатын мектептердегі экобілім мен тәрбие туралы айтты. Сөз соңында министр өскелең ұрпаққа тәрбие беру мәселесі басты назарда болуы керектігін баса айта отырып,  педагогтерге үлкен сенім артты.
Қосымша баяндамашылар әлеуметтік бейімделу, ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас, балаларды ерте жастан бастап дамыту, пандемия жағдайынан алынған сабақтар, жоғары білім берудегі бәсекелестік, техникалық және кәсіптік білім беру, мамандар дайындау сапасын арттыру, білім беруді цифрландыру, қазақстандық білім мен ғылымның бүгіні мен болашағы туралы өзекті тақырыптарды көтере отырып, оларды шешу жолдарын көрсетіп, құнды пікірлер айтып, ұсыныстар берді.
Пленарлық отырысты қорытынды сөзбен аяқтаған Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында болатын ең басты өзгерістер, реформалар, жоспарлар талқыланғанын айтты, ендігі меже – оларды іске асыру.
Ал қашықтан оқыту балалар мен ұстаздардың денсаулығын сақтау үшін жасалып жатқан шара, дегенмен ата-аналармен бірге тығыз жұмыс жасалуы және оларға қолдау жасалуы  қажет екенін атап өтті.
Сөз соңында қашықтан оқыту жағдайында өте ауқымды, қиын жұмыс атқарып жатқан педагогтерге өз ризашылығын білдіре отырып, осы жаңа жағдай тек қана қиындық ретінде қабылданбай,  осы өзгерістерді жаңа мүмкіндік беретін жаңалық, үлкен жақсылықтарға алып келетін тәжірибе ретінде қабылдануы тиіс деді.
Осылайша, республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы білім және ғылым саласындағы жаңа оқу жылының ерекшеліктері туралы мәселелерді талқылау алаңына айналды.
Барлықтарыңызды алда келе жатқан жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Уақытша қиындықтарды бірлесе отырып жеңеміз деп сенім білдіремін.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.