Какимова Жанар Бакеновна
Павлодар қаласы
«№ 35 жалпы орта білім
беру мектебі» КММ
педагог-психолог
«Білім алушы жас жетістікке жетем десе,артында қалғанды күту емес,
алдағыны қуып жетумен айналысу керек»
Аристотель
Еліміздің бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Инновация және білім арқылы экономиканы білу» атты дәрісінде «Әлемнің бәсекеге анағұрлым қабілетті 50 елдің қатарына Қазақстанның кіру міндеті тек мына жағдайда ғана шешілуі мүмкін, егер оны өмірге, нарықтық экономикаға бейімделе алатын, басқару тәжірибелері бар, ғылыми технологияларды игерген жоғарғы білікті мамандар ендіретін болса», — деп атап өтті. Яғни, даму үстіндегі қоғамға әртүрлі салада табысты түрде жұмыс істеуге дайын мамандардың жаңа типі қажет екенін айтты. Бұл мәселені шешуде оқушыларды әлеуметтендіру мен дербес бағытталған жалпы білім беретін мектептердің барлық сыныптарын даярлауға арнаулы жүйе жасаудан көруге болады. Бұндай жүйе – бейінді оқыту болып табылады. Бейінді оқытудың мақсаты: Оқушылардың қызығушылығын, қабілеттілігін, мүмкіндіктерін ескере отырып, бағыт-бағдарын анықтап, мамандық таңдауына көмек беру болады.
Бейінді оқытудың I сатысы – 1-5-сыныптар оқу әрекеттерін түсіндіру болса, ал II сатысында – 5-7-сыныптар оқытуға дайындық сыныптар болып білім алады. III сатысында 8-11-сыныптар – бағдарлы сыныптар болып есептелінеді.
Осы сатыда білім берудің мазмұны саралау, кәсібилендіру қызметтері атқарылады, оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру және оқушылардың қабілеттілік ерекшеліктері бойынша мамандық таңдауға даярлық жұмыстары жүргізіледі.
Бағдарлы оқыту оқушының жеке дара таңдау негізінде ұйымдастырылады. Мұғалімнің, психологтардың, оқушы, ата-аналардың маңызды проблемасы болашақ оқытудың бағдарын ұғып-таңдауына дайындау болып табылады.
8-9-сынып оқушыларының өзін-өзі анықтай алуына, мамандық таңдауына психологиялық жағынан көмек беру, кәсіби бағдарлы жұмыс жүргізу – педагог- психологтардан аса сауаттылықты, білімділікті талап етеді.
Біздің мақсатымыз – оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, психология принциптерін, заңдылықтарын қолдану негізінде оқушылардың кәсіптік және тұлғалық тұрғыдан өзін-өзі анықтауға тиімді дайындық жүргізу, әрі қамтамасыз ету және әлеуметтік құндылықтар туралы танымдылығына педагогикалық-психологиялық көмек көрсету. Осы мақсатты іске асыру үшін бағдарлы дайындық жұмысының негізгі бағыттары төмендегідей:
- Кәсіби-психологиялық диагностика оқушының жеке ерекшеліктерін, кәсіби маңызды қасиеттерін анықтау, кәсіби жарамдылығына сай бағдар беру, кәсіби сұрыптау, оқу мен тәрбиенің тиімділігін арттыру мақсатында тұлғаны психологиялық жағынан зерттеу.
Жеке тұлғаның жан-жақты қыр-сырын ашу үшін көптеген әдістемелер, тесттер, сауалнамалар кешенді түрде жүргізіледі. Д.Голландтың әдісі «Тұлғаның типтерін анықтау» тесті, А.Е. Климов «Мен қаладым» саралаушы-диагностикалық сауалнама, А.Е.Голомшток әдісі «Қызығушылығын анықтау картасы», «Оқу пәндеріне оқушылардың қызығушылық себебі жайлы ақпарат», «Жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдауға арналған сауалнамасы» кәсіби маңызды қасиеттерін анықтауға мүмкіндік береді.
.
- Кәсіби-психологиялық консультация – оқушылардың өмір туралы, мамандықтар туралы көзқарастарын дамыту, алдағы уақытта мамандықты таңдауда дұрыс жолда болуына себепкер болу, мамандықтарды таңдай білуге үйрету, оқушыны өзінің қабілетін, бейімін, қызығушылығын мамандыққа сай тани білуге кеңес беру. Мектепке осы мақсатқа жету үшін оқушыға кәсіби кеңес беру, жеке және топтық формасы арқылы жүргізіледі. Көбінесе ата-аналармен, оқушылармен семинар түрінде өтіледі.
Оқушылардың мамандық таңдау кезінде өз болашағын анықтауда мынадай кеңестер беруге болады:
- Мектептегі оқу пәндері – нақты мамандық емес екендігін есіңде сақта. Пәнге деген қызығушылық оған байланысты жұмыстың саған ұнайтынын білдіре бермейді;
- Мамандық таңдауға байланысты сені, сенің қалаған мамандығынды толық білмейтін адамдардың ақыл-кеңесіне құлақ салудың қажеті жоқ;
- Мамандық таңдауда оның сырт келбетіне, көңілге қонымды жақтарына ғана назар аударудың қажеті жоқ, мүмкіндігінше қалаған мамандығының жұмыс мазмұны жөнінде көбірек білуге тырыс;
- Егер мамандық сенің досына ұнаса, саған да ұнайды деген қорытынды жасауға болмайды;
- Сен қолыңнан келетін істі мамандық етіп таңдаған пайдалырақ болмақ;
- Жақсы адам – бұл мамандық емес. Егер саған адам ұнаса, оның меңгерген мамандығын мен де тануым керек деп жаңсақ қорытынды жасауға болмайды;
- Өзің таңдаған мамандықтың, өзінің денсаулық жағдайыңа тура келетіні-келмейтіндігі жөнінде дәрігерден кеңес алғаның жөн;
- Заман ағымына қарай кейбір мамандықтар тез ескіріп, оның орнын жаңа мамандықтар басып жатыр. Сондықтан кез-келген жағдайда қосалқы мамандығың болуы керек.
III. Кәсіби-психологиялық ағартушылық жұмыс – әртүрлі мамандықтар туралы мәлімдемелермен хабардар ету, оларға психологиялық тұрғыдан сипаттама беру, кәсіпті дұрыс таңдай білуіне жол ашу және әртүрлі мамандықтар туралы өзекті ақпараттар көздерімен таныстыру.
Бұл бағыт бойынша педагог-психологтың басшылығымен оқушылармен, мұғалімдермен, ата-аналармен тренингтер, пікірталас, кездесулер өткізген тиімді. Мысалы, «Кәсіп таңдай білу – болашққа үңілу» тақырыбындағы дәріс, «Болашақ», «Өмір туралы өзімнің ойым» тренингтері, «Мен және менің болашағым» пікірталасы, «Мамандық көп!» тақырыбында әр маман иелерімен кездесу өткізу және ата-аналармен өткізілген «Балаңыздың болашағын шешуге дайынсыз ба?» атты семинар кәсіпті таңдауына және жекелеген пәндерді тереңдетіп оқуына мүмкіндік берді.
Мысалы, «Менің болашағым — менің қолымда» тақырыбындағы 9-сынып оқушысы өзінің шығармасында: «Мен үшін өмірдің мәні — терең білім алу, ерінбей еңбек ету, таңдаған мамандығым бойынша кәсіби бағыт-бағдар алу. Мен болашақта өзіме сай мамандықты таңдауды армандаймын. Осы мамандық арқылы маған үміт артқан жандардың сенімін ақтай отырып, қанатын кеңге жайған, қарыштаған Қазақстанымның өсіп-өркендеуіне титтей де болса, үлесімді қоссам деймін. Ел ертеңі – жас ұрпақ! Сондықтан, менің болашағым — өз қолымда». Осы қысқа ғана үзіндіден жеке тұлғаның ой-толғанысын, болашаққа деген көзқарасын, қиялын, арманын байқауға болады.
- Кәсіби-психологиялық түзету және дамыту жұмысы – оқушылардың кәсіби бағыттылығы туралы білімдері анық байқалмаса (кәсіби қызығушылығы болмай немесе өз таңдауына сенімсіз болса) сынып жетекшісін, пән мұғалімдерін, ата-аналарын қатыстыра отырып, кәсіпті таңдауға деген қызығушылықтықтың болмау себептерін анықтап, түзету жұмыстарын және дамыту жұмыстарын жүргізу қажет.
Түзету жұмыстары тренинг, ойын, жаттығу сабақтары арқылы жүргізіледі. «Өзіңізге өзіңіз ризасыз ба?» тренингі, «Бүкіл әлем сахна», «Мен-бұл менмін» сабақтары оқушының дамуына үлкен әсерін тигізді.
- Қорытынды жұмыста барлық бағыт бойынша жұмыс аяқталған соң бала мен ата-ананың ойын соңғы рет тыңдалып, олардың арасындағы қарым-қатынасы, көзқарасы бір арнадан шықса, онда төмендегідей жұмыстарды жүргізуге болады:
- Мектеп директорының атына болашақта қай бағытта оқитыны туралы сұраныс жазады;
- Жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне сараптама жасала отырып, бағыты анықталады.
Жүргізілген психологиялық жұмыстардың нәтижесінде сараптама жасаған кезде, көбіне бейіндік оқуды таңдау кезінде оқушылардың мүдделерімен қабілеттері қабыспайды, кейде достарының немесе ата-анасының пікірі не мәртебе мәселесі бірінші орынға қойылады. Кейіннен оның өзі және ата-анасы өкінішке ұрынады. Демек, психологиялық зерттеу арқылы анықталған қасиет болашақта кәсіби тұрғыдан табысты болуға кепілдік бола алмайды, тек кәсіби іріктеудің критерийі ғана бола алады. Сондықтан өздерінің сұраныстары мен мүмкіндіктеріне сай зерттеу қорытындысы бойынша оқушылардың екі бағытты таңдағаны белгілі болады.
Оқу жылынан бастап 10-11-сыныптарында анықталған бағыттармен оқушылардың бір кәсіпті меңгеруіне іргелі негіз болатын пәндерді жан-жақты, тереңдетіп оқуына мүмкіндік жасалады және пәндердің оқытылуын ғылыммен ұштастыру көзделеді.
Сонымен, бағдарын ұғып-таңдауының арқасында, оқушылардың жоғары сыныптарда білім алуы, олардың оқудың жалғастыруы және міндетті түрде олардың кәсіптік әрекетін қамтамасыздандыруы оқушы мүмкіндіктері мен ынтасын, қызығушылығын тудырады. Бағдарлы оқытуға бағытталған танымдық және кәсіптік әрекеттердің әртүрлі сфераларында практикалық тәжірибе қалыптасады.
Кемелденген таңдауда оқушы өзінің өмірлік мақсатын және жоспарларын түсінеді және оларды жүзеге асыру мүмкіншілігін дұрыс бағалайды, ал олар жасаған таңдау оның құндылық бағыттарынан алыс кетпейді, әрі оған өзінің тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік берсе де, дегенмен, қиындықтар да жоқ емес.
Қорыта келе, өскелең ұрпақ жастарын бағдарлы оқытудың жоғары деңгейіне жеткізген жағдайда, дана Абай айтқандай, «Өз өмірінде кетігін тауып қаланатынына», өз өмірінде жеке тұлға, кәсіби маман болып қалыптасып, мақсат-мұратына жетіп, қоғамның мүшесі болатынына толық сенімдіміз.