Әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу- ағарту идеясына сол кезіндегі интелегенциясы жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды. «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша.
Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі — ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жаңғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенің олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы.
Байтұрсынұлының зерттеу еңбектері негізінде қазақ әдебиеті дамудың жаңа сатысына көтерілді. Сапа жағынан, теория жағынан іргелес елдермен тең дәрежеге жетті. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі мен әдебиетін теория жағынан шыңдады. Оны халқымыздың «Ұлт ұстазы» деп дәріптейтіні де сондықтан.
Н.Нұрбайқызы,
Байқоңыр қалалық сотының бас маманы