Токишева Нағима Токишевна,
С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы
№10 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
педагог-сарапшы, Тараз каласы
ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған тәуелсіз ұрпаққа тәлім-тәрбие және білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындау педагогика тәжірибесінің көкейкесті мәселелерінің біріне айналып отыр.
Қазақстанның егемендік алып, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы ұлттық мәдениетіміздің жан-жақты өркендеуіне негіз болды. Сондықтан мемлекеттік тіл – халықтың барлық мұқтажын, өнер, мәдениет, радио, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, шаруашылық, ресми іс-қағаздарды т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қуатты қолданыс құралына айналуы қажет. Ал, білім беру ұйымдарындағы оқушылардың тәрбиесі мен білім деңгейінің жоғары болуы, сауаттылығы, қазақ тілін меңгеру, түсініп оқуы мен қатесіз жазуына байланысты.
Тіл дағдыларын жетілдіру көп ретте мектепте атқарылатын жұмыс деңгейіне байланысты, өйткені, өскелең ұрпақтың балғын санасына бай тіліміздің нәрін сіңдіріп, көкірегіне ұялатуға әр пән мұғалімі ауқымды істер атқаруы тиіс.
Бірақ, оқушының тілін қалыптастыру үшін, мұғалімнің өзі бір құзырлыққа жету керек. Сол үшін оқушы санасына, қазақ тілі ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, жұмысында, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтыны туралы ұғым қалыптастыру керек.
Қазақ тілін оқыту барысында оқушының тілін дамытып, сөз байлығын арттыру ең маңызды жұмыстардың бірі. Оқу орыс тілінде жүретін сыныптарында оқушылар қазақ тілін оқу барысында мұғалімнің қойған сұрақтарына түсініп, оған жауап қайтаруға, үйренген сөздерін бұзбай айтуға, әсіресе, құрамында қазақ тіліне тән дыбыстары бар сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс қолданып, сөйлемді дұрыс құруға үйретіледі. Бұл мәселені жүзеге асыру үшін, біріншіден, жүйелі түрде, «оңайдан қиынға ұстанымын» басшылыққа сала отырып, күнтізбелік жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуы тиіс. Екіншіден, жоспарды басшылыққа ала отырып, оқушылардың тілін дамыту бағытында түрлі тәсілдер арқылы жұмыс жүргізілуі қажет. Осы мақсатта іске асыру үшін, үшіншіден, мұғалім түрлі оқыту әдіс-тәсілдерін пайдаланып, тіл дамыту жаттығуларын, ойын элементтерін және тақырыпқа сәйкес көрнекіліктерді қолдануы керек. Төртіншіден, оқу, сөйлеу, талдау, жазу жұмыстары басты назарда болып, оларға мұқият көңіл бөлу.
Тіл дамыту жұмысы – күрделі де шығармашылық үдеріс.Тіл байлығының мол болуы бір жағынан балада жаңа құбылыс, көрініс, ұғымдар мен түсініктердің көбеюіне, ал екінші жағынан, тілді жан-жақты меңгеруіне байланысты. Тілдің жақсы дамуының құралы тілдік қор болып табылады Тіл дамытудың негізгі көрсеткіштеріне: баланың өз ойын жүйелі түрде еркін жеткізе білуі; байланыстыра сөйлей білуі; сөздің мазмұндылығы; анықтығы, мәнерлілігі; грамматикалық, орфографиялық қатесіздігі жатады.
Тіл дамытудың негізгі көрсеткіштерін жүзеге асыру үшін, оқудың алғашқы аптасында мына мәселелерді анықтап алу қажет: сыныптағы әрбір баланың жалпы сөздік қоры қандай?; сөздің дыбыстық жағын меңгеру дәрежесі қаншалықты?; байланыстырып сөйлеуі қай дәрежеде?.
Сөзді, сөйлемді, сөз тіркестерін тақтадан, кітаптан, дәптерден дұрыс оқыта білу – қазақ тілін меңгертіп, сөздік қорларын молайтуға септігін тигізеді. Мәтінді оқыту негізінде төмендегі факторларды ескеру қажет:
- Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуды қалыптастыру.
- Сөйлемді дұрыс құрай білуге жаттықтыру.
- Байланыстырып сөйлеуді үйрету.
- Еркін оқуға үйрету.
Сөйлеу және оқуды меңгерген оқушының жазу тілін қалыптастыру қажет. Себебі сөз – тілдің негізгі өлшемі. Тіл дамытудың басқа түрлері сияқты сөздік жұмысы оқу-тәрбие жұмысының барлық саласында жүргізіледі. Балалар сөзді ұғу арқылы сөйлеу үстінде тілін дамытады. Сөздік жұмысы оқушының ойын дамытумен тығыз байланысты. Сондықтан тіл дамыту жұмыстарында жаңа сөздермен сөздік жұмысын орындатудың орны ерекше. Сол себептен келесідей жұмыстар атқару өзінің тиімді нәтижелерін береді: тақырыпқа байланысты сөйлем құрастыру; сурет бойынша әр түрлі мәтін құрастыру; жаттығу жұмыстарын жазу, кешендік талдау жасау.
Бала осы дағдыларды игеріп алғаннан кейін жазба жұмыстарын алуға болады. Оларға: сөздік диктант; мазмұндама; шығарма, шағын әңгімелер және тест жұмыстары жатады.
Жазу арқылы жүйелі сөйлеуді, сөйлеу стилін үйрету және ауызекі сөйлеу бойынша жұмыс жасатуға болады. Ауызекі сөйлеу әдісінің бірі – диалог арқылы тілді дамыту. Диалог құру үшін белгілі бір тақырыпта оқуға байланысты оқушының сөздік қорын дамыту, жаңа сөздер үйретіп, мағынасын ұқтыра отырып, оларды жасайтын формаларды меңгертіп, сөйлем құрауға үйрету, сөз бен сөзді байланыстыруға, ауызша ойларын жүйелі айтуға, әңгімелеуге жаттықтыру керек. Сонда оқушы диалог құру кезінде сауатты сөйлеуге, қазақ тілінің грамматикасын ескере отырып, диалогты дұрыс құруға тырысады. Бұл, өз кезегінде, оқушының тілін дамытады.
Жоғарыда аталған жұмыстарды әрбір сынып бағдарламасына сәйкес өзгертуге болады. Себебі, бірінші сынып бағдарламасы, өзге сыныптар бағдарламасының бастамасы ретінде құрылған. Оқушының сөйлегенде асығып-аптықпай немесе тым жайбарақаттыққа салынбай, байсалды сөйлеп үйренуі, өзін дұрыс ұстау мәдениетіне байланысты да жаттықтыру жұмыстарын жүргізген жөн. Сонымен қатар әңгімелеу барысында сұрақ қоя білу, өзіне қойылған сұраққа тиянақты жауап қайтара алуға дағдыландыруға да көңіл бөлінуі тиіс. Оқушыларды көпшілік алдында сөйлей білуге үйрету қажет. Сынып алдында тыңдаушыларға қарап ойын асықпай-саспай, қысылмай айтып беру шеберлігіне үйрету де тілдерін жетілдіріп, ой ұшқырлығын дамытады, көпшілік алдында өзін ұстай алуға дағдыландырады.
Осылайша, мұғалім әр сабақта оқушыға жағдай жасап, түрлі технологияларды жүйелі қолданып, оларды шығармашылықпен пайдалана білсе, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады; қазақ тіліне қызығушылық көтеріледі, балалардың ауызекі сөйлеуі дамиды, коммуникативтік дағдылары қалыптасады.