Home » Мақалалар » Сабақты зерттеу – жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетудің тиімді құралы

Сабақты зерттеу – жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетудің тиімді құралы

 Елемесов Азильхан Исембаевич
Батыс Қазақстан облысының
Бәйтерек ауданының
Өркен жалпы орта білім беретін
мектеп-балабақша кешенінің
І  деңгейлі тарих пәні мұғалімі,
оқу ісі жөніндегі орынбасары

 Аннотация. Сабақты зерттеу жұмысының мектептің әдістемелік жұмысына еңгізілуі  қажетті үдеріс деп есептеймін. Өйткені мұғалімдердің атқарып жатқан жұмысына зерттеу тұрғысынан назар аудару арқылы нақты бағыт-бағдар беруге, өзара тәжірибе алмасу арқылы кәсіби өсуіне қолдау жасауға болады. Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі арттырылса, өз ойын ашық айту, дәлелдемелер келтіре алу, объективті баға беру дағдыларын дамыту қолға алынса қазіргі заман талабына сай жеке тұлға қалыптасады. Ұстаздарымыздың ынтымақтастықта, бірлікте жұмыстануы арқылы алға қойған мақсатқа жетуге болады. Осы жұмысты мектебімізде алға қойып жұмыстанып жатқандықтан өзара тәжірибе алмасу, пікір бөлісу мақсатында ұсынып отырмын.

«Әрбір өзгеріс басқа бір жаңа өзгеріске жол ашады»

Н.Макиавелли

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтар әлемдік бәсекелестіктің күрделі және ауыр процесінде табыстарға жету үшін халқымызға тән күшті рухын, денсаулығы мен білімін әлемге көрсетуге тиісті. Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады.
Елімізде білім сапасының артуына көңіл бөлініп, деңгейлі бағдарлама бойынша ұстаздарды оқытып, кәсіби шеберліктерін арттыруда. Біздің мектебімізден деңгейлік бағдарламаны 6 мұғалім меңгерген болатын: І деңгей – 2 мұғалім, ІІІ деңгей – 4 мұғалім. 7 модульді сабақта ықпалдастыру, жаңартылған бағдарлама негізінде сапалы сабақты ұйымдастыру мұғалімнің алдында тұрған басты міндет болып табылады. Осы жерде жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтпеген мұғалімдерге сабақты сапалы түрде өткізуде  үлкен қиындық туғызады. Жас мамандарға әдістемелік көмекті ұйымдастыруда мектеп әкімшілігі, мектептің желілік қоғамдастығы келісе отырып сабақты зерттеуді жүргізуді таңдаған болатынбыз. Сабақты зерттеу жұмысының құрамы деңгейлік бағдарламаны меңгерген ұстаздар мен ӘБ жетекшілері, сабақ беретін жас ұстаздардан құралды. Бірінші сабақты зерттеуге сыныптардың білім сапасын ескере отырып 8-сынып таңдап алынды. Сабақ беруге 2 мұғалім биология және география пән мұғалімдері, А,В,С оқушыларын бақылайтын ұстаздар және мұғалімнің іс-әрекетін бақылаушы әрі модератор, мұғалімнің оқушылармен кері байланысты алуын бақылаушы болып міндеттер бөлінді. Сабақты зерттеуді бастамас бұрын модератор пән мұғалімінің сабағына қатысып келесідей зерттеу тақырыбын анықтады: «Сабақ барысында оқушылардың тыңдалым дағдысының төмен болуы».  Мұғалімдер тізбектелген       3 сабақтан өткізді.
Іс-шаралар жосСабақ барысында А,В,С оқушылары мен мұғалім зерттеушілер тобымен бақыланып, бақылау парағына жетістіктері мен жетілдіретін тұстары тіркеліп  отырды.
Зерттеу сабағы кезіндегі А,В,С, оқушыларын бақылау парағы
Әр сабақтан кейін мұғалімнен және А,В,С оқушыларынан сұхбат алу парағына сай сұрақтар қойылып, сабақ туралы ойлары тыңдалып, параққа түсіріліп отырды. Содан соң өткізілген сабақ талданып, келесі сабақтың жоспары талқыланып, ұсыныстар енгізіліп тұрды.
8-сыныпта «Тістердің құрылысы мен қызметі, олардың  гигиенасы» тақырыбында өткен алғашқы зерттеу сабағы биология пәні мұғалімімен өткізілді. Бұл сабақтағы мұғалімнің жетістіктері: 1. Оқушылармен кері байланыс тиімді алынды, оқушыларға бағыт бағдар уақытылы беріліп отырды. 2. Әр тапсырмадан кейін қорытынды беріліп отырды. Жетілдіруді қажет ететін тұстары: 1.  Топтық жұмысты ұйымдастыруды жетілдіру. 2. Уақытты тиімді пайдалану/әр тапсырманы орындауда уақыттың ескертілмей қалуы.
Оқушылардың жеткен жетістіктері:

  1. Оқушылардың тыңдалым дағдысы қалыптасқан/Оқушылардың көпшілігі бейнероликтен кейінгі тапсырмаларды жақсы орындай алды/.
  2. В оқушысының көшбасшылық қызметті жақсы атқара алуы. Жетілдіруді қажет ететін тұстары: 1.Оқушылардың белсенділігін арттыру 2. Өз пікірін жүйелі айту .
  3. Объективті бағалау. Қорытындылар мен ұсыныстар: Мұғалімнің оқушылармен жұмыстану деңгейі жақсы болды, үлгерімі төмен оқушыларға бағыт-бағдардың беріліп отырды. Алайда уақыттың мұғаліммен ескертілмеуі себебінен оқушылардың белсенділіктері де жоғары бола алмады. «Үш қадамды сұхбат» әдісі сәтті шықпағандықтан келесі сабақта осы әдісті қайта алу қажет.

«Физикалық география. Атмосфера» тақырыбындағы екінші сабақ география пәні мұғалімімен өткізілді. Бұл сабақтағы мұғалімнің жетістіктері:          1.Әр тапсырмадан кейін кері байланыс алынып отырды. Жетілдіретін тұстары: 1. Дауыс ырғағы, интонациясын орынды қолдану 2. Үлгерімі төмен оқушыларға үнемі бағыт-бағдар беріп отыру 3. Уақытты тиімді пайдалану.
Оқушылардың жеткен жетістіктері:

  1. А оқушысының өз ойын айтуда, топтық жұмысқа қатысуда белсенділігі артты
  2. В оқушысының топтық жұмыста көшбасшы ретіндегі ролі артты. Жетілдіретін тұстары: 1. С оқушысының көшбасшылық ролін арттыру керек 2. Оқушылардың дескрипторға сай объективті бағалау дағдыларын дамыту қажет.
    Қорытындылар мен ұсыныстар: Мұғалім жоспарға сай сабақты өткізгенімен оқушылармен жұмыстануда өз бойында жетілдіретін тұстары бар. «Аквариумдағы балық» әдісі бойынша тапсырманы орындауда уақыттың ескертілмеуі оқушылардың жұмыс белсенділіктерін төмендетті. Ал «Үш қадамды сұхбат» әдісі сәтті іске асты.

«Дәрумендер сипаттамасы және оларды жіктеу» тақырыбындағы үшінші сабақты биология пәні мұғалімі өткізді. Мұғалімнің жеткен жетістіктері: 1.Оқушылармен кері байланыс тиімді алынды, оқушыларға бағыт бағдар уақытылы беріліп отырды. 2.Сабақ жоспарға сай жүргізілді./әр тапсырманы орындау уақыты ескертіліп отырды/ Оқушылардың жетістіктері:    1. В оқушысы С деңгейіне жетті 2. А оқушысы В деңгейіне жетті 3. С оқушысы  өз ойын жүйелі толық айтуға, өзін еркін ұстауға дағдыланды. Жетілдіретін тұсы: С оқушысының көшбасшылық ролін арттыру керек
Қорытындылар мен ұсыныстар: Зерттеу нәтижесінде оқушылар келесідей жетістіктерге қол жеткізді: А оқушысы үшінші сабақта өз ойын ашық айта алды, пікір алмасуға жақсы қатысты, оқушының белсенділігі артты. В оқушысының сабақ сайын сабаққа қатысу  белсенділігі, көшбасшылық қабілеті  артып отырды, өзіне деген сенімділігі күшейді. С оқушысы болса, жеке жұмысты жақсы орындағанымен, көшбасшылық рөлді белсенділікпен орындай алмады. Оқушылардың тыңдалым деңгейлері сабақ сайын жақсарғандығын берілген тапсырмаларды дұрыс орындауынан, өзара бағалауда объективті, дұрыс баға беруінен де көре алдық. Мұғалімнің жеткен жетістіктері: оқушыларға уақытылы дұрыс бағыт-бағдардың беруге, әр тапсырмадан кейін тиімді кері байланысты алып отыруға, білімді бекітіп, қорытындылап отыруға дағдылануы.
Бірлескен сабақ жоспарының ерекшелігі, әдіс-тәсілдердің апробациядан өтуі: Бірлескен сабақ жоспарында таңдалып алынған әдіс-тәсілдер оқушылардың жеке, жұпта, топта жұмыс жасау арқылы  өз ойын ашық айтуға бағытталды. «Үш қадамды сұхбат», «Аквариумдағы балық», «ТВ шоу», постермен жұмыс сияқты  әдістер қолданылды. Әр сабақ жоспарына өзгерістер сабақ соңындағы кері байланыс пен оқушылардан алынған сұхбатты (оқушы үні) ескере отырып еңгізілді.
Құнды болғаны: Топ мүшелерінің жұмысқа қатысу арқылы өзара тәжірибе алмасуына, әдіс-тәсілдерді қоржындарына толықтыруына үлкен мүмкіндік болды. Топ мүшелерінің зерттеудегі оқушылардың сабақ барысында сабаққа қатысуын, сабақтан кейінгі кері байланысын алу, әр сабақтағы сабаққа қатысу деңгейіне талдау жасау арқылы  бақылау дағдылары дамыды. Оқу мақсатына сай тапсырмаларды таңдауда, әдіс-тәсілдердің тиімдісін аңықтауда, сабақ өткеннен кейін жалпы сабақтың өтілуіне талдау жасау арқылы әріптестердің сыни пікір айту дағдылары дамыды.

Қиын болғаны: сабақта бірінші рет қолданылған әдісті оқушылар бірден түсінбеуі, алайда келесі сабақта ол әдістің сәтті шығуы. Оқушылардың өз ойын ашық айтуға қысылуы. Бұл жерде мұғалімнің уақытылы кері байланыс алып отыру қажеттілігі туындап отырды.
Келесі кезеңде жасалынатыны: берілген әдістерді  сабақта үнемі қолдану арқылы оқушылардың белсенділігінің артуына көңіл бөлу.                           
Сабақты зерттеу жұмысын ұйымдастыруда А.А.Ошақбаеваның «Сабақты зерттеуді тәжірибеде қолдану бойынша әдістемелік ұсыныстар»/ Астана «НИШ» ДББҰ ПШО 2017 ж/ әдістемелік құралының үлесі зор болды. Сабақты зерттеу жұмысының ұйымдастырылуы, сабақты бақылау парақтары, сұхбат алу парақтары, бағыт-бағдары жақсы берілген. Сабақты зерттеу жұмысының жүргізілуі ең алдымен жас мамандардың сабақты жоспарлау, өткізуде үлкен әдістемелік көмек болды. Өйткені ол мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтпеген болатын. Сабақтың оқу мақсатына сай  ҚБ тапсырмаларын дайындау, оқушыларды дескрипторға сай бағалауға дағдыландыру, әр тапсырманы орындағаннан кейін тиімді кері байланыстың берілуі, мұғалімнің уақытылы дұрыс бағыт-бағдарды беріп отыруын әр сабақ сайын ескеру қажеттілігін мұғалімдеріміз түсінді. Мұғалімдердің өздеріне деген сенімділіктері артты. Сонымен қатар оқушылардың сабақ сайын сабаққа қатысу белсенділіктерінің артуы, дескрипторға сай бағалай алуға дағдылануы үлкен жетістік деп білемін. А.Әлімовтың «Табысты сабақ жоспарын қалай құруға болады» көмекші құралы сабақты жоспарлауда, әр кезеңінде неге көңіл аудару керектігі, кері байланыс сұрақтарының үлгілері көмекке келді. Сабақты зерттеу жұмысы мұғалімнің алдында тұрған проблеманы шешуде үлкен септігін тигізеді. Жоспарлы, мақсатты, жүйелі жұмыстың ұйымдастырылуының арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатындығын түсіндік. Осыған дейін жылына бір немесе екі ашық сабақты берумен салыстырғанда сабақты зерттеудің жүргізілуі тиімді екендігіне көзіміз жетіп отыр.
Қазіргі уақытта мұғалімге қойылатын талап жоғары. Мұғалімнің жан-жақтылығы, жаңашылдыққа бейім болуы, өзгерістерге қарай өзгере білу қабілетінің болуы, үнемі ізденісте болуы. Осы қабілеттер мұғалімнің бойында болса, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артады, ал ол өз алдына білім сапасының артуына мүмкіндік береді деген ойдамын.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Сабақты зерттеуді тәжірибеде қолдану бойынша әдістемелік ұсыныстар». А.А.Ошақбаева. Астана. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы. 2017 ж.
  2. «Табысты сабақ жоспарын қалай құруға болады». А.Әлімов. Алматы: Білім беру және ақпараттық жаңашыл технологиялардың ғылыми-зерттеу орталығы. 2018 ж.
  3. Іс-әрекеттегі зерттеуде деректермен жұмысты қалай ұйымдастыруға болады?» Қ.С.Абдрахманова, Ж.Д.Жансүгірова. Астана «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы. 2015 ж.
  4. Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер». А.Әлімов. Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы. 2014 ж.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.