Home » Мақалалар » Табысты оқыту мен оқу

Табысты оқыту мен оқу

Утешева Кунсая Гайнаденовна
Педагогикалық шеберлік орталығының
Ақтөбе қаласындағы филиалының тренері

Мұғалім  білімнің  тек  дара  көзі  ретінде  емес,  оқушылардың  өздерінің  оқу-танымдық қызметінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде қызмет етуі тиіс.
Табысты оқытуды жоспарлаудағы негізгі мақсат — пән  бойынша  қарастырылған  білім әр оқушының жадында түпкілікті сақталып, өмірде қолдана білуі. Ол үшін біріншіден, оқушылардың  қазіргі  уақытта  оқып  жатқан  пәндік  салалар  мен бұрын қарастырылған тақырыптар арасында байланыс орнатуына үнемі ықпал етіңіз; екіншіден, сабақтарды «спиральді оқу бағдарламасына» сәйкес жоспарлап, яғни тақырып курстың басында қарапайым деңгейде қозғалса, кейін жоғары деңгейде қайта қаралуын ойластырыңыз. Оқушылардың тақырыпты түсінуі оларға тақырыпты қайта қарау мүмкіндігін берген кезде жетіле түседі.
Оқу  бағдарламасы  ұзақ  мерзімді  жоспарға  сәйкес  жүзеге  асырылады.  Ұзақ  мерзімді жоспарда белгілі бір бөлім немесе бөлімше аясында қамтылуға тиісті тақырыптар мен оқу мақсаттары көрсетілген.  Ұзақ  мерзімді  жоспар  күнтізбелік-тақырыптық  жоспарды  әзірлеуге  негіз  болып табылады. Орта мерзімді жоспарда оқу бағдарламасында ұсынылған оқу мақсаттары, сондай-ақ осы мақсаттарға қол жеткізу үшін мұғалім мен оқушыларға ұсынылатын жаттығу түрлері, ресурс үлгілері ұсынылады.
Оқу бағдарламасымен салыстырғанда, оқу жоспарындағы орта мерзімді жоспарлар  ұсынымдық  сипаттағы  құжат.  Сондықтан  мұғалім  жаттығу  түрлерін  бейімдеп, оқушының қызығушылығына, деңгейіне, қажеттіліктері мен жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін өзінің балама ресурстарын таңдай алады. Содан кейін іске асатын жоспар — ол қысқа мерзімді жоспар болып табылады. Қысқа  мерзімді  жоспар  немесе  сабақ  жоспарын  дайындау  барысында  мұғалім оқушылардың жеке қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, саралап оқыту тәсіліне ерекше назар  аударғаны  жөн.  Қысқа  мерзімді  жоспар  мұғалімге  сабақты  тиімді  құруға көмектеседі. Ол үшін мұғалім оқу материалы мен сабақтағы әрекетті мұқият іріктеп алуы керек. Әр сабақтан  кейін  мұғалім  оқушылар  меңгере  алмаған  немесе  түсінбеген  жерлерін  анықтау мақсатында сабақты талдап, рефлексия жасауы керек. Қысқа  мерзімді  жоспарды  құрған  кезде  мұғалім  төмендегі  ұсыныстарды  басшылыққа алуына болады:
сабақты ұйымдастырғанда  оқу  бағдарламасы  мен  оқу  жоспарында  көрсетілген  оқу мақсаттарын басшылыққа алу;
сабақтың мақсатын  анық  тұжырымдау,  яғни  нақты,  өлшемді,  қолжетімді,  шынайы мақсаттар қою;
орта мерзімді  жоспарда  көрсетілген  барлық  іс-әрекеттерді,  әдістемелік  кеңестерді, ресурстарды мұқият зерделеу;
мұғалім өзінің қалауы бойынша іс-әрекет түрін қажеттілігіне қарай толықтыру.
Сабақты  жоспарлауды  бастағанда  мұғалім  бұл  сабақтың  мақсаты  қандай  болатынын шешеді. Сабақтың мақсаты оқу бағдарламасында қарастырылған оқу мақсатына сәйкес келуі керек,  бірақ  оқу  мақсаттарының  барлық  тармақтарын  қамтымауы  мүмкін. Сабақ  мақсатын тұжырымдау барысында оқушылардың сабақ соңында не істей алу керектігі тұрғысынан белгілі бір нәтижелерді сипаттауы керек екенін есте ұстау керек. Бұл:
сабақта  мұғалімнің  не  істейтініне  емес,  оқушылардың  немен  айналысатынына  назар аударуға;
сабақты жоспарлауды жеңілдетуге;
оқуды бағалауды жеңілдетуге;
оқыту мен оқуды бағамдауды жеңілдетуге көмектеседі.
Сабақ  мақсатын  анықтаған  соң,  мұғалім  осы  мақсатқа  қол  жеткізу  үшін  сабақты  қалай жоспарлау керек екендігін шешеді. Сабақ мақсатына жету үшін мұғалім бірқатар белсенді оқу тәсілдерін  қолдана  алады.  Тиімді  оқытуды  жоспарлауда бірқатар  мәселелерді ескерген жөн:
—   Сабақта көптеген жаттығу түрлерін жоспарлауға тырысу қажет. Әдетте баланың назары бір нәрсенің төңірегінде ұзақ шоғырланып тұра алмайтынын естен шығармау керек.
—   Мұғалім  сабақ  барысында  бір  жұмыс  түрінен  екіншісіне біртіндеп  ауысып, сабақтың мақсатын оқушылардың есіне салып отыруды ұмытпауы керек. Бұл  оқушыларға  жаңа жаттығуға  біртіндеп  көше  отырып,  тапсырманы  түсінуге  көмектеседі,  өткен  сабақта  алған білімдерін нығайтып, оқушыларға іс жүзінде бірнеше дағдыны қатарынан шыңдауға мүмкіндік береді.
—   Сыныппен өзара әрекеттестік стилін өзгертіп отыру қажет. Мұғалім сабақ барысында өзінің қанша сөйлейтіні туралы ойлануы керек. Оқушыларға  сұрақ  қойып,  жауаптары бойынша  сыныптың  нені  түсінгенін/түсінбегенін  бағдарлаған  дұрыс.  Сабақта  бүкіл сыныпты қамтитын жұмыс түрлерін араластырып қолдану тиімді болады.
Пәндердің оқу бағдарламаларының мақсаты  оқушылардың  өз  бетінше  жұмыс  істеуге сенімін  арттырып,  еркін  ойлауға  үйрету  болып  табылатындығымен  қатар,  мұғалімдердің немқұрайлық  танытып,  оқушылардың  өз  бетімен  отыруына  жол  бермеуі  аса  маңызды.
Сонымен бірге тағы бір ескеретін жағдай, сыныпта  ынтымақтастық  ахуалын  қалыптастырып,  жағымды  психологиялық  орта қалыптастыру үшін, оқушылардың арасында өзара қарым-қатынасты нығайтып, олардың өзіне беретін бағасын көтеріп, өзі туралы пікірін жақсарту арқылы табыстылық сезімін ұялату үшін оқушылармен  түрлі  жаттығу  өткізуге  болады.  Ойын  түрінде  өткізілетін  жаттығулар оқушылардың  өзара  араласуына  және  мұғалім  мен  оқушылар  арасындағы  тығыз  қарым-қатынастың орнауына жол ашады. Білім  алуды  жандандыратын  аспектілердің  бірі  оқушыларды  ынталандыру  болып табылады,  бұл  оқушылардың  өз  қабілеті  мен  мүмкіндіктерін  іске  асыруына  оң  ықпал  етеді.
Ендеше,  сабақ барысын мұғалімдердің табысты етуіне көмектесетін бірқатар элементтер бар екендігін айта кеткен жөн. Олар мұғалімдердің:

  • оқушылардың қателік  жіберуге  қорықпай,  тәуекелге  бару  мәдениетін қолдайды;
  • оқушыларға өз  жұмысының  сапасын  бағалау  тәсілдерін  ойлап  табуға көмектесу мақсатында барлық оқушылармен қарым-қатынас жасайды;
  • оқушылардың оқу  мақсаттарына  жетуіне  мүмкіндік  беру  үшін  оқу мақсаттарын  белгілеу  арқылы,  мақсатқа  жетуді  бақылау  және  оқытуды  түзету  арқылы  оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
  • әртүрлі оқушылардың  түрлі  қажеттіліктерін  қанағаттандыру  үшін оқушылардың түсінуін бағалау тәсілдері мен оқытудың әртүрлі әдістерін үйлестіре қолданады;
  • оқушылардың жұмыстары туралы ауызша және жазбаша кері байланыс ұсынады, бұл кері байланыс уақтылы, айқын болып, нақты критерийлерге негізделеді.

Оқушылар  өздерінің  жаңа  білімдері  мен  дағдыларын  іс  жүзінде өз  тәжірибесінде қолдануға  болатынын  көргенде  және  шынайы  өмірден  алынған  жағдаяттарға  негізделген өздерінің күнделікті тәжірибесімен байланысты болғанда, олардың оқуға деген ынтасы артады.
Анықтамалық әдебиеттер:

  1. «Басшы орынбасарына арналған нұсқаулық», 2015 жыл. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Педагогикалық шеберлік орталығы», Астана қаласы. info@cpm.kz
  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші(негізгі) деңгей. Үшінші басылым. «Назарбаев зияткерлік мектебі»ДББҰ, 2012.
  3. Открытое образование — объективная парадигма XXI века / Под общ. ред. В.П.Тихонова. — М.: МЭСИ, — 288 с.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.