Нурлыбаева Олболсун Хамзаевна
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
«Ән салу» үйірмесінің
қосымша білім педагогы
Ұлт ойындарының шығу тарихы жөнінде Ы.Дүйсенбаев: «Қазақта кең тараған мереке тойлардың бірі – «күзем алу». Ол «үлкен күзем» және «кіші күзем» болып өткізіледі де үлкен той, ойын сауық түрінде өтеді. Күзем алып жатқан ауылдың сыртынан тындап тұрсаң, ығы-жығы адамдар еңбек үстінде біреуі ән салып, біреулері айтысып жатқанын естисің. Жүнді шаңырақтан шығара көтере сабаған әйелдер киізді қарпығанда, яғни киізді шиге орап, жонасырып, бір ауыл, екінші ауылдың арасында домалатып теуіп жүргенде де әзіл мен айтыс өлендерді, киіз басуды бейнелейтін өлендерді айтады. «Қойбасты – қойбасты» — деп үлкен үйлердің алдына әкеліп ырымын алады. Сол еңбек процесінен туған кейбір халық ойындарын бүгінде театр сахнасында қолданып та жүр. Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» пьесасындағы жүн сабау, киіз басуды бейнелейтін «Өрмек биі» осындай халық ойындарынан алынған.
Қазақ халқы ұлт ойындарына бай халықтардың бірі. Бірақ ол ертеде ауызекі туып, жалпақ жұртқа ауызекі таралып отырған да, сондықтан көпшілігі бүгінгі күнге жетпей, ұмыт болып кеткен. Қазақтың ұлттық ойындары туралы қағаз бетіне түскен алғашқы деректер ХІІІ ғасырдан басталады. Оны алғаш жинап Европа жұртшылығына таныстырған Италия саяхатшысы Плано Карпини болды. ХІІІ ғасырда Европа халқына Моңғол тарихын таныстыру мақсатымен саяхатқа шыққан П.Карпини Жетісу мен Тарбағатайды басып өткен кезінде осы өңірді мекендеген ру – тайпалардың тұрмысы, әдет-ғұрыптары, ойын-сауықтары жайлы көптеген материалдар жинаған.
Ұлттық ойындар туралы алғашқы пікір айтушылар мен оның жеке нұсқаларын жинаушылардың қай-қайсысы болмасын, оны жоғары бағалап, көшпелі халықтан мұндай өрелі өнерді күтпегендіктерін сөз етеді. Осындай жылы лебіз, құнды пікір айтқан неміс ғалымы А.Гумбольд өзінің достарына жазған бір хатында: «Мен қазақ ауылында болған кезімді өмірімнің аса бір қуанышты кезеңі деп есептеймін. Себебі, көшпелі халықтың біздерге көрсеткен сый– құрметі мен ойын сауықтары естен кететін шаруа емес… Мен өмірімде осындай қысқа уақыт ішінде мұндай үлкен тарихтан осынша материал жинап көрген емес едім, бірақ бұл кең дүниенің ортасында болғандықтан да солай болуы керек» — деген екен. Музыка сабақтарында дидактикалық ойындарды көркем әдебиеттермен ұштастыру жұмыстары да оқушыларды тәрбиелеуде маңызы зор. Жас ерекшеліктеріне, қабілеттеріне байланысты әрбір бала музыканы қызығушылықпен қабылдайды. Баланың есту қабілеті музыканың дыбыс биіктігін, сипатын, ырғағын, тембрін ажыратып,т үсінуіне әсер етеді.
Дидактикалық ойындар музыка пән педагогының оқу іс-әрекетін түрлендіріп, мазмұнын байыта, көркемдей түседі. Ойындар балалардың бойындағы музыкаға деген қызығушылығы мен құмарлығын оятады, балалық қиялдарын қозғап, түсініктерін кеңейте түседі. Балалардың шығармашылық қабілетерін дамытып, оларды әдемілікке, музыкалық үндестікке баулиды.
«Аспаптың даусын ажырат» ойыны.
Ойынның мақсаты: Балаларды музыкалық аспаптардың тембрын ажыратуға баулу, есту қабілеттерін дамыту, қызығушылықтарын арттыру.
Ойынның шарты: Карточкада пианино, скрипка, гитара, сырнай, домбыра, жетіген, қобыз, шертер аспаптарының суреттері бейнеленген. Үнтаспада аспаптардың орындауында пьесадан үзінді орындалып, балалар аспаптың үніне сәйкес суретін көрсетеді.
«Қай аспапта ойнаймын?» ойыны.
Ойынның мақсаты: Қазақтың ұлттық аспаптарының (ішекті, ұрмалы, үрлемелі) өзіндік тембрлік дыбысталуымен таныстыру, ажырата білуге үйрету. Аспаптарда ойнауға машықтандыру, қызығушылықтарын арттыру.
Ойынның шарты: Балаларға аспаптардың (домбыра, қобыз, сазсырнай, асатаяқ, дауылпаз, т.б.) суреттері бейнеленген карточкалар ұсынылады. Музыка жетекшісі ширма артында жасырып бір аспапта ойнайды. Балалар мұқият тыңдап, аспаптың дауысын ажыратып, лайықты суретті көрсетеді.
«Ноталарды үйренейік» ойыны.
Ойынның мақсаты:Әуенді тыңдап,ноталарды дұрыс орналастыруға үйрету.
Ойынның шарты: Музыка жетекшісі халық әні «Еркемайды» өзі орындап береді, екінші рет ноталардың атын атап, орналастырып отырып айтып көрсетеді. Балалар әнді қайталап орындайды, ноталардың атын атап, нота сызықтарына орналастыруға үйренеді. Балаларға нотаны үйрету жеңіл әндерден бастап,бірте-бірте күрделендіреді.
«Төмен және жоғары дыбыстар» ойыны
Ойынның мақсаты: Балаларды шығарманы тыңдай отырып, динамикалық бояуларын, дауыс күштілігін ажырата білуге баулу.
Ойынның шарты: Түстері бірдей, әртүрлі көлемдегі сары қоңыраулар суреті салынған карточкалар үлестіріледі. Шығарманы тыңдап, төменгі дыбысқа үлкен қоңырау, орташа дыбысқа орташа қоңырау, жіңішке дауыстағы әуенге кіші қоңырау бейнеленген сәйкес карточканы көрсетеді.
«Әуендегі нотаның ұзақ, қысқалығын анықта» ойыны.
Ойынның мақсаты: Балаларды дыбыстың ұзақтығын ажырата білуге үйрету. Әуенді тыңдап, қысқа және ұзақ дыбыстарды анықтауға баулу.
Ойынның шарты: Көлемдері бірдей, түстері әртүрлі қоңырау суреттері беріледі. Орындалған шығарманы тыңдап, әуеннің төменгі дыбысын жасыл қоңыраумен, орташа дыбысты сары қоңыраумен, жіңішке дыбысты қызыл қоңыраумен көрсетіп, карточкалардан табу. Әдебиеттер тізімі:
Алекторов Е.А. «Праздничные игры и забавы Киргизов» «Оренбургский листок» 1888. №42
Әлімбаева «Халық – қапысыз тәрбиеші» Алматы Қазақ ССР «Білім» 1977. 3-4 б.
«Дидактикалық ойындар» Т.Т.Сарыбаева, Г.А.Абдрахманова «Алматыкітап» баспасы 2013 жыл