Илюбаева Разия Избасаровна
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы
№11 жалпы білім беру орта мектебінің
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Сахна.Фанфар
1-жүргізуші. Қайырлы күн, Абай деп соққан жүректер, әдебиет жанашырлары, құрметті ұстаздар!
2- жүргізуші. Бүгінгі Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай деп соққан жүректер» атты танымдық сайысымызға қош келдіңіздер!
1-жүргізуші.
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.
Ол бірақ қайтіп келіп ойнап – күлмес.
Мені мен, менікінің айырылғанын,
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.
2-жүргізуші.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – дегендей бүгін біз артында өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақын атамыз – Абай Құнанбайұлы туралы сөз қозғамақпыз.
1-жүргізуші. Абай қазақтың ұлы ақыны. Ол ел жұртының болашағын ойлап, халықты тұрмыстан, азаптан құтылудың жолын меңзеп, оқу-білімге шақырған. Жаман әдеттен арылып, жақсылықты өн бойына жинауға үндеген. Бүгінгі Абай үнін жалғастырушы біз ұстаздар қауымы.
2-Жүргізуші.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Бұл өзі сүрген ғасырдан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жақын болашаққа сенімді жол салған ақынның сөзі еді. Ол жарқын болашаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті.
1-жүргізуші: Ендеше құрметті әріптестер бүгін өздерінше Ұлы Абайды жан жақты танытуда сендерге, сәттілік тілей отырып, сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
2- жүргізуші: Бүгінгі сайысымыз 2 бөлімнен тұрады.
I-Бөлім. I. «Абай әлеміне саяхат» деп аталады. Бұл бөлімде бірлестіктерге жеребе арқылы берілген М.Әеузовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында 1,2 томдарындағы бөлімдер бойынша көрініс көрсетулері қажет.
II-Бөлім. II. «Әлем таныған Ұлы Абай» атты бөлімде әр бірлестік Абайды ақындық, сазгерлік, ағартушы, аудармашы, реформатор, сатира шебері ретінде таныстырулары міндеттеледі.
1-жүргізуші: Жұртына өлең қалдырған
Абай неге өледі?
Абай неге сөнеді?!
Ақын дауыл, сел еді,
Сақтайды ұл-қыз дарынды,
Халқының әдет-ғұрпын.
Біздердей ұрпақтарыңды
Жүрсінші қолдап рухың дей келе 1-бөлімге кезек берейік.
«Абай жолы» роман эпопеясының 1-том бойынша:
1.Қайтқанда – 13 жасар Абай ауылға қайтады. Қодар мен Қамқа жазаланады. Ауылға қонақ болып Барлас пен Байкөкше келеді.- Бастауыш сынып мұғалімдері.
2.Қат-қабатта – Елде көш-қон. Жер дауы кезінде Бөжейге дүре соғылады.- Дене шынықтыру пәні мұғалімдері
3.Жолда – Бөжейлер Құнанбай үстінен арыз жазды. Абай да бірге Қарқаралыға жол алады. Ол жерде Абай Шөже ақынды көреді. Алшынбай Құнанбай мен Бөжейді татуластырады. Бөжей Кәмшатты алып кетеді.-МИФ
4.Шытырманда – Жер, қыстау мәселелеріне Абай араласады. Түйеөркеш деген жерде Тоғжанды кездестіреді. Кәмшат қайтыс болады. Соңынан Бөжей кетеді.- Ағылшын пәні мұғалімдері.
5.Бел-белесте – Жігітек, Көтібақ, Бөкенші мен Ырғызбай араларында үш күндік шайқас өтеді. Арыз түсіп, Чернов деген шенеунік Құнанбайды алып кетеді. Құнанбай Майырды конякқа тойғызып, іс-қағаздарды жандырып жібереді. Тоғжан мен Абай кездеседі. — Орыс тілі бірлестігі.
6.Өрде – Ұлжан Ділдәнің ауылына құдалыққа барады. Абай Бөжей асына ат салысады. Абайдың Тоғжанмен соңғы кездесуі.-Жаратылыс пәндері бірлестігі
7.Қияда – Абай 17 жаста әке атанады (Ақылбай мен Күлбадан). Жұт болады. Абай халыққа қамқорлық көрсетеді. Зере қайтыс болады. Балағаз бен Абылғазы жылқы ұрлаумен айналысады. Сайлауда Тәкежан болыс болады. Ұрылар ұсталып, Үркітке айдалады. -Эстетика бірлестігі
2-жүргізуші:
Ақын жаны кең еді,
Ойлағаны елі еді.
«Халқым, жұртым» дегенде
Талай шабыт кеп еді,
Дара ақын ер еді,
Жүрген жері төр еді.
Ақындар жырлап айтқандай
«Абай тіл иен көз» еді.
Абай жыры мәңгілік,
Жүрегім оны сезеді -дей отырып 2-бөлімге кезек берейік. Бұл бөлімде
Бастауыш сынып мұғалімдері — Абайды ақын ретінде қырларын таныстырады.
Орыс тілі бірлестігі — Абай-философ;
Ағылшын тілі бірлестігі — Абайдың аудармашы ретінде тұлғасын;
Қоғамдық пәндер бірлестігі — Шежіресін;
Математика, информатика, физика пәндері бірлестігі — Абай сазгер;
Жаратылыс пәндері бірлестігі — Ағаратушы;
Эстетика бірлестігі — Реформатор;
Дене шынықтыру бірлестігі — Сатирик;
Әр сөзіне астарлы ой тұрады.
Оқысаң, ашылады ой тұманы.
Сүрініп, жығылмауға Абайды оқы,
Абай сөзі – қазақтың бойтұмары — дей келе бүгінгі сайысымызды қорытындылау үшін сөз қазылар алқасын сахна төріне шақырамыз.
Қазақтың асқан кемелі
Жұрттың қамын жеп еді,
Ақынның рухы өлмейді,
Абай-ұлы себебі! Кешегі ауыр да күңгірт заманда жалын боп жанып өткен Абай туған елін қаншама сүйсе,елі үшін күңіркеп,тебіренсе бүгінгі ұрпақ оны сонша құрметпен сүйіп отыр.Абайдың көзі тірісінде жетпеген арманына біздің заманымызда жетіп отыр. Өйткені, бүгінгі ұрпақ көзі ашық, ғылымға, білімге, өнерге құмар. Абай атамыздың «Атаңның баласы болма,адамның баласы бол» деген өсиетін көкірекке нық сақтайық.
Сайыс соңында жеңімпаздар анықталып, марапатталады.