Баймаганбетов Руслан Тлепович
Нұр-Сұлтан қаласы «Сырбай Мәуленов атындағы
№37 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагог-сарапшы, әдістеме бірлестігінің жетекшісі
Қазақ халқының ұлы жазушы-классигі Мұхтар Әуезовтің:
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», — деген қанатты сөзі қазіргі таңдағы білім берудің мазмұнын толықтырып тұрғандай. Әлемде болып жатқан төтенше жағдай тек білім саласын ғана емес, барлық адам өміріне тікелей қатынасы бар мамандықтар мен қызмет түрлерін өзгеріс жолына алып келді.
Қашықтықтан оқыту термині осы уақытқа дейін техникалық және жоғары оқу орындарына ғана байланысты ұғым ретінде кеңінен танылып келді. Бұл терминнің орта білім беру ұйымдарына енгізілуі оқушыларға, ата-аналар мен ұстаздарға үлкен жауапкершілікті жүктеді. Заман ағымымен бірге дамып келе жатқан технологиялық өзгерістер мен жаңашылдықтарды меңгеру, олармен жұмыс жасау әдістері мен мазмұнын толық тану мұғалімдер үшін басты құндылықтардың біріне айналды.
Ұстаз табиғатынан жаңашылдықты қабылдай білетін, оған ұмтылатын және өзіндік даму жолына үздіксіз өзгеріс енгізіп отыратын тұлға. Бүгінде ұстаздар үшін «қашықтықтан оқыту» ұғымы жаңа заман талабын игеруді, мектеп қабырғасында алдында отырған білім алушыларға жаңаша бастаманы меңгертуде жан-жақты жұмыс жасау қажеттілігін алып келді. Бұрын сонды мұғалімдер үшін кездеспеген, атаулары бейтаныс бағдарламалар мен қосымшалардың жұмыс жасау тәсілдерін меңгеру, олардың тиімділігі жолында әріптестермен өзара тәжірибе алмасу ұстаздар үшін қашықтықтан білім берудің бастамасы болды. Қашықтықтан оқыту орта білім беру ұйымдарында өз бастауын алғанға дейін барлық ұстаздар үшін таныс платформа kundelik.kz болды деп толыққанды айта аламыз. Бұл платформа ата-ана мен ұстаз арасында қарым-қатынас орнатудың, білім алушының оқу үлгерімін екі жақтан бақылауға қаншалықты тиімді жол болса, ұстаз үшін жаңалық болып табылған бағдарламалар мен қосымшаларды да игеру соншалықты қажеттілік тудырды. Ол бағдарламалар мен қосымшалар бүгінгі таңда ұстаздар қауымына кеңіне таныс болып, күнделікті өмірінде белсенді қолданысқа еніп кетті. Білім берудің қашықтықтан оқыту формасында қолданылып жүрген бағдарламалар мен қосымшалар тоқтала кетсем. Олардың қатарына: Zoom, Coogle Meet, Classroom, Youtube, WhatsApp, Gmail.com, mail.ru жатқызамыз. Zoom, Coogle Meet бағдарламалары арқылы қашықтықтан оқыту кезеңінде білім алушыларға белгіленген сабақ кестесі бойынша онлайн-сабақ жүргізу, пәндік бірлестік мұғалімдерімен онлайн-отырыс өткізу, тоқсан сайын өткізілетін онлайн-педагогикалық кеңеске қатысу жолында өз тиімділігін алып келді. Classroom қосымшасы ұжымдық электронды пошта арқылы оқушыларға тапсырма беруде, кері байланыс жүргізу үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр. Білім алушылардың параллель сыныптары үшін бірдей тақырыптардың бейнетүсіндірілімін меңгертуде Youtube желісінің жұмысы өз оң нәтижесін қаншалықты танытса, Gmail.com, mail.ru электронды пошталарының тиімділігі оқушылардың жұмысын сақтауға және кері байланыс орнатуға қолайлы.Заман ағымымен бірге даму, заманауи технологиялық жаңалықтарды игеру жолында үздіксіз жұмыс жасау — бүгінгі ұстаздың кәсіби құзыреттілігін арттырудың басты күші. Ұстаз — қашанда білім беру, оқушы бойындағы адамгершілік қасиеттерді дамыту жолында еңбек етуден жалықпайтын кәсіп иесінің бірі. Сол кәсіпті таңдау жолында, біріміз – ата-ана септігінен келсек, енді біріміз – жүрек қалауымен таңдадық. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажеттіліктер мен жаңашылдықтарға дайын болу, үздіксіз өзіндік дамуды жолға қойып, заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандықтар қатарынан табылатын ұстаздық қызметімізді еліміздің алдыңғы қатарлы, сұранысқа ие мамандығына айналдыру әрбір ұстаздың міндеті болып қалуы шарт.