Альдекова Жанар Калибековна
Алматы қаласы Жетісу ауданы
КМҚК «№162 бөбекжай – балабақшасы»
педагог – модератор
«Орыстар үшін Пушкин, ағылшындар үшін Шекспир, грузиндер үшін Руставели қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдессіз құбылыс» — деген керемет сөздің авторы, балқар совет ақыны Қайсын Кулиев, қандай дәл тауып айтқан десеңізші! Дана Абай — қайталанбас тұлға, біздің елдің санасына жарық нұрын шашқан біртуар жан. Ақынның философиялық ойларын, ағартушылық сарындағы өлеңдерін, әсем сазды әндерін, әдемі табиғат лирикаларын біздің елдің еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін жақсы білетіні сөзсіз. Осы орайда, Алматы қаласы, Жетісу ауданы «№162 бөбекжай балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны, арнайы жоспарлауы бойынша ұйымдастырған «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» — атты әдеби музыкалық іс — шарасы көптің көңіліне жол тапты. Жақсыны көрмекке жиналған Жетісу ауданы білім бөлімінің бас маманы Наймангельдиева Г.К, жазушы Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, ақын халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлібек Шегебай, ақын әнші Бұлан Жамбыл, аудандық мектепке дейінгі ұйым басшылары мен әдіскерлерден құралған мобильді топ мүшелері қатысты.
Алғы сөз балабақша педагогі А.М.Чубанованың жүрекжарды ақ жарма құттықтау тілегімен ашылды. Адамзаттың айнасы, ұлылықтың жаршысы, кемелдіктің төресі, ұлттың рухани жанашыры, елінің ең дана перзенті Абай атамызды ұлықтаудан бастады.
«Баланы ең әуелі мейір — шапағатқа, одан соң ақыл — парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» — деп, ойшылдың өзі айтқандай, осы игі бастаманы қолға алған бөбекжай ұжымының да мақсаты осы еді. Ертеңгілігіміз ой саларлық «Бала Абай» атты сахналық көрініспен басталып, тағылымы мол шығармашылық шараға ұласты. Ақынның табиғат лирикасы «Жаз», «Күз», «Қыс» өлеңдері заманауи жаңашылдықпен бейнеленді. Аудармасы бойынша еңбек тақырыбына қалам тартқан «Шегіртке мен құмырсқа» мысал жанрынан көрініс ойнатылды. Данышпанның философиялық дана ойлары, қарасөздерінен сұрақ — жауаптар мен пікіралмасулар өткізілді. Іс — шара ақынның сөзіне, сазына жазылған әсем әуенімен жұртшылықтың ықыласын өзіне аударып, әдемі сезім сыйлады. Әуелете шырқалған «Желсіз түнде жарық ай» әні аудитория атмосферасын одан сайын көріктендіре түсті.
Балабақша — бүлдіршіннің адам болып қалыптасуына септігін тигізетін бірден бір мекеме.
Әсемпаз болма әрнеге.
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан! — демек, ақыл — ой иесінің де айтпағы, біздің мекеменің де мақсаты біреу — жас баланың санасына адамгершілік пен ізгіліктің, еңбексүйгіштік пен білімпаздықтың дәнін себу. Абай шығармаларын жаңаша әдіспен бала жүрегіне жеткізу, балдырғандарды таным — білімге жетелеу, қарасөздерін жеңілдетіп түсіндіру, бала Абайдың өнегелі тәрбиесін театрлық қойылыммен көрсету сияқты сан алуан тәсілдерді қолданғаны — тәрбиеші мамандардың инновациялық еңбегі. Ақынның өскен ортасының өнегесі, әжесі мен анасының еркелете отырып зейінді етіп тәрбиелегені, әкесінің баласына сенім артуы, үлкен кісілер жанындағы ұғымталдығы — осының бәрін бала санасына оңтайландырып жеткізген мамандардың мықты технологиясы.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Бұл — ақынның қанатты сөзі. Осындай дана ойды астарлаған аудармасы «Шегіртке мен құмырсқа» көрінісі кішкентай тәрбиеленушінің өзін ойландырғаны хақ. Табиғат — адамзаттың бөлінбес бір бөлшегі. Эстетикалық танымымызды кеңейтіп, ғажайып картина елестетін «Қыс». «Жаз», «Күз» өлеңдері бейне бір жайлау мен күзеуді, ақ сақалды атаны көз алдыңа әкеледі.
«Ақырын жүріп, анық бас.
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас.
Үйретуден балаға». Хакім Абайдың ұстаздарға арнаған құрметті сөзі. Бүлдіршіндерді өз баласындай сүйетін, бауырына басып, ертегі айтып ұйықтататын, қызметіне асығып тұратын, мейірімді тәрбиешілерге осы өлең лайықты сияқты. Осы орайда, тәрбие берушілер ата — аналармен де тығыз қарым — қатынаста жұмыс жүргізіп келеді. «Бала – Балабақша — Ата — ана» деген үштікте жұмыс атқарылады. Оның дәлелі Русланұлы Нұрисламның анасы ақын қарасөздерін жеңіл тілмен талдап балдырғандарға ұсынды. Қалдыбек Асылымның әкесі «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін нақышына келтіре орындады. Осындай үлкен тағылымды іс — шараның арқасында өнерлі балалар республикалық Абай оқуларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, Нурпеисова Асылым, Назарбаев Нұрсұлтан, Абдрахман Айзере екінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Бала — кімнің баласы болса да, бәріміздің баламыз, еліміздің ұрпағы. Жаратушының берген сыйы, ғасырлардың жалғасы. Болашағымыздың арқауы, көз қуанышымыз және Отанымыздың иесі. «Тәрбие тал бесіктен басталады». Оның әдістемесін, жоспарын, негізін қарастырып, сезім мен еңбекті ұштастырып отырған біздің балабақша ұжымы, тәрбиешілер екені даусыз.
«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата — ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» — дейді ұлы ойшыл. Расында, ақыл ойдың кені, білім мен өнегенің баспалдағы — балабақша емес пе! Осындай ой саларлық дүниеге мұрындық болған тәрбиешілеріміз Чубанова А.М, Маткалыкова М.Ж, Алибаева М.Б еңбектері орасан зор. Тәрбиеші — күннің сәулесі іспетті. Мектепке дейінгі тәрбиеленушілердің бал тілін шығарып, әсемдікке талпындырып, жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықтың ара жігін ажыратуға бар күш жігерін салып еңбек етіп жүрген балабақша мамандарына айтар алғыс та көп.
Абай — қазақтың жолы. «Абай есімі — қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы» — деп ғалым Зәки Ахметов айтқандай, қазақтың дәстүрі мен өмір сүру салтының, парасат пен пайымның, ұлтжандылық пен адамгершілік тәрбиенің бастауы ұлы ақыннан басталары анық. Осындай үлгілі, балапандарымыздың санасына әсер ететін, ақыл — ойын дамытатын игі істеріміз мол болсын!