Home » Мақалалар » Жыл мезгілдеріне саяхат

Жыл мезгілдеріне саяхат

Джалбырова Лязат Байгунусқызы
 Алматы қаласы
«№110 бөбекжай балабақша» МКҚК
әдіскері

Жыл мезгілдеріне саяхат

Білім беру саласы:«Таным»
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Жаратылыстану
Тақырыбы: Жыл мезгілдеріне саяхат
Мақсаты: Ойындар арқылы балалардың танымдық, логикалық, ойлау дағдыларын арттыру. Қоршаған орта жыл мезгілдері туралы түсініктерін арттыру7
Балалардың танымдық қызығушылықтары мен зерттеу дағдыларын дамыту;
Байқағыштықтарын, қиялдарын, есте сақтау, ойлау, назарлары мен шығармашылық қабілеттерін дамыту. Табиғатқа сүйіспеншілігін ояту. Табиғатты қорғауға тәрбиелеу.
 Оқу қызметінің барысы:
 Әсем ән: «Көңілді күн!»  /әнімен би қимылдарын жасайды/
 Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі оқу қызметі ерекше өтеді. Біз бүгін барлық жыл мезгіліне саяхаттап барамыз. Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырамын сол жұмбақты шешу арқылы бірінші қай жыл мезгіліне саяхаттап баратынымызды білейік.
Жапырақты бояды,
Атырапты бояды.
Бояп-бояп барлығын
Сап-сары ғып қояды.
Бұл қай мезгіл?
Балалар:Күз
Ендеше мен сендерге күз мезгілінің қызығын көрсетейін. Балалар саяхатқа жай бармай өлең айтып барайық. Кеттік.
Тәрбиеші: Балалар, қош келдіңдер күз мезгіліне!
-Балалар, күз мезгілінде қандай өзгерістер болады?
Балалар: Жапырақтар сарғайып жерге түседі, құстар жылы жаққа ұшады, күн суыта бастайды.
«Сиқырлы үйшікте» қандай өлең жолдары жасырынған? Кім табады? Суреттер бойынша айту.
Бала: Күз келді
Келді міне күз,
Айнала сары түс.
Керемет, тамаша,
Қандай әсем күз.
Жеміс-жидек пісті,
Қамбаға астық түсті.
Қызу жұмыс басталып,
Жинап алды жан салып.
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар!
— Ал енді ары қарай саяхатымызды жалғастырайық. Музыка әуенімен қыс мезгіліне келеді. Қыс мезгіліне қош келдіңдер!
Тәрбиеші:Қыс мезгілінің ерекшеліктерің атайық.
Бала: Қар жауады, күн суытады т.б.
Тәрбиеші: Қыс мезгілі туралы өлеңді еске түсірейік:
Бала:О, алақай қыс келді,
Бізге қуаныш әкелді.
Дала қарға оранды,
Бала біткен қуанды.
Елемейді ешкімде,
Суық пенен боранды.
Күні бойы тынбайды,
Суығына тоңбайды.
-Ал, балалар, сергіту сәтін орындап жіберейікші.
«Көктем» әнінің әуенімен сергіту сәтін орындайды.
Жарайсындар, балалар біраз серігіп алсаңдар саяхатымызды әрі қарай жалғастырайық.

Тәрбиеші: Балалар, көктем мезгіліне қош келдіңдер! /музыка ойналады құстардың сайраған/ Көктемде табиғат оянады. Гүлдер өседі. Құстар ұшып келеді. Қандай керемет мезгіл!

Осы көрініске қарап Аяулым тақпақ айтқысы келіп тұрған сияқты.

Көктем келді өлкеме,

Табиғатым тамаша.

Гүл қаптады бөктерді,

Нұрға толды айнала.

Бүршік жарып ағаштар

Құстар ұя салады.

Сылдыраған бұлақтар

Ағып бара жатады.

Тәрбиеші:Көктем мезгілінің ерекшеліктерін топтарға бөлініп құрастырайық.

1-топ: Конструктормен гүлдер құрастырады.

2-топ: Магниттермен ағаш құрастырады.

3-топ: Мозайкамен гүлдер құрастырады.

Тәрбиеші: Енді, ары қарай саяхатымызды жалғастырайық.

-Балалар, бәріміз тақтадағы суретке назар аударайық. Бұл сурет өте көңілсіз болып тұр екен. Балалар, жаз мезгіліңде қандай өзгерістер болады?

Бала: Күн ыстық болады. Жемістер піседі. Суға түсеміз. Әдемі гүлдер шығады.

Бұл суретке не жетіспейді екен?

Бала:Ағаштар, гүлдер, құстар.

— Дұрыс айтасыңдар, балалар!

— Ендеше балалар, біз бұл көңілсіз суретті дайын қиылған суреттерді әр қайсысын өз орнын тауып жабыстырайық.

Тәрбиеші: Қандай керемет көрініс пайда болды. Бұл қай мезгіл?

Бала: Жаз.

Біздің Раяна осы көрініс бойынша тақпақ айтып беремін дейді..

Раяна: Жазды ыстық сүйемін,

Сайраңдап жүремін.

Суына шомылам,

Күніне күйемін.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар мен сендерді жыл мезгілдеріне байланысты қызықты ойын ойнауға шақырамын. «Сен менің бөлшегімсің!». Мен қыспын.

Бала: Мен қармын!

Бала: Мен мұзбын!

Бала: Мен конькимін!

Бала: Мен шанамын!

Бала: Мен шаңғымын!

Бала: Мен аққаламын!

Бала: Мен жылы тонмын!

Бала: Мен қысқы бас киім, қолғаппын!

Жарайсыңдар, мен Жаз.

Бала: Мен күнмін!

Бала: Мен гүлмін!

Бала: Мен көлмін.

Бала: Мен өрікпін!

Бала: Мен шабдалымын!

Бала: Мен қарбызбын.

Тәрбиеші: Балалар,бұл біздің тактильді тақтайша, барлық оқу қызметінде қолданамыз. Біз бүгін жыл мезгілдері туралы әңгімеледік.

Ақмырза қыс мезгіліне сәйкес келетін тақтайшаны көрсете ғой. Не үшін ол тақтайшаны таңдадың?

Ақмырза:Түсі ақ қар сияқты, мамық, жұмсақ.

Тәрбиеші: Раяна жаз мезгіліне сәйкес келетін тақтайшаны көрсете ғой. Не үшін ол тақтайшаны таңдадың?

Раяна:Түрлі түсті гүлдерге ұқсайды, әдемі.

Тәрбиеші:Ажарлы көктем мезгіліне сәйкес келетін тақтайшаны көрсете ғой. Не үшін ол тақтайшаны таңдадың?

Ажарлы: Жасыл, өсіп келе жатқан шөпке ұқсайды.

Тәрбиеші:Ажар күз мезгіліне сәйкес келетін тақтайшаны көрсете ғой. Не үшін ол тақтайшаны таңдадың?

Ажарлы:Түсі сары, піскен жемістерге ұқсайды сол үшін таңдадым.

Тәрбиеші: Балалар сендерге саяхат ұнады ма?

Балалар:Иә.

Қоштасу шеңбері:

Біздің топта балалар,

Тату тәтті ойнаймыз!

Баршаңызға, бәріңізге,

Тек қуаныш сыйлаймыз!

Қош,сау болыңыздар!

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.