Абдикеримова Назира Жорабекқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ
мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті білім беру
кафедрасының аға оқытушысы
Елімізде тараған короновирус індетіне байланысты, білім беру жүйесінің барлық деңгейі қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Алғашқы кезеңдерде қалай өткізіледі деген қорқыныш болғанымен, күні бүгін үйреніпте қалғандаймыз. Осы кезең аралығында Жамбыл – «Өрлеу» институты және филиал тренерлері облыс педагогтеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында түрлі семинар, он-лайн кеңес беру, тренингтер, шебер-сыныптар және басқа да жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып отырды.
21 мамыр күні мектепке дейінгі тәрбиелеу мен инклюзивті білім беру кафедрасы апталығының аясында «Қашықтан оқыту жағдайында «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуды ұйымдастырудың ерекшеліктері: мәселе, шешу жолдары» тақырыбында on-line режимде семинар өткізді. Семинар жұмысы барысында «Өзін-өзі тану» пәні бойынша жобалау жұмысын ұйымдастыруды жетілдіру жолдары; қорытынды сабақтарды ұйымдастыру арқылы оқушылардың жұмысын бағалаудың маңыздылығы; қашықтан оқыту жағдайында тиімді оқу платформаларын пайдалану мүмкіндіктері сияқты мәселелер талқыланды.
Аталған іс-шараға Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан өзін-өзі тану пәні мұғалімдері қатысып, семинарда қарастырылған негізгі мәселелер бойынша өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.
Қашықтан оқытудың біз үшін бірқатар артықшылықтары болғанымен, кейбір кемшіліктері де орын алып отырды. Мәселен, осы кезеңде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды меңгеріп, жұмыс жасауда бірқатар ілгерілеушілік болды, түрлі қашықтан оқыту бойынша білім платформаларының жұмысымен таныстық, ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізілді деп ойларымен бөліссе, қиыншылықтары ретінде сабақ уақыты республика деңгейінде бір мезетте ұйымдастырылғандықтан интернет желілерінде ақаулар болып тұрды, кейбір шалғай ауылдық елді-мекендерді осы жағдай әсіресе қатты білінді деп айтып өтті семинар қатысушылары. Дегенмен, осы кезеңде әрдайым «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп, жұмысты шабытпен атқаруға мүмкіндік болды.
Семинар жұмысы өте жоғары деңгейде өтті, барлық қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақыттарда да бірлескен әрекетте жұмыс жасаймыз деп аяқтады. «Біз сіздермен біргеміз!»