Home » Мақалалар » Бірыңғай жалпыреспубликалық «АДАЛДЫҚ САҒАТЫ»

Бірыңғай жалпыреспубликалық «АДАЛДЫҚ САҒАТЫ»

Жумагулова Тамара Маликовна
Алматы қаласы,
№107 лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 Абай шығармаларының құндылығы

2020 жылдың 18 мамыр күні сағат 15.00-де «Балапан» телеарнасынан барлық оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы кезекті «Адалдық сағаты» республикалық акциясын онлайн форматында көрді.

«Адалдық сағаты» республикалық акциясының мақсаты:

  • Өскелең жас ұрпақтың бойында адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарын сіңдіруге және жас буынның рухани болмысын бекітіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру;
  • Мейірім, сүйіспеншілікке тәрбиелеу;
  • Отан алдындағы борышыңды адал орындауға шақыру, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу;
  • Денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, адал, әділ, таза жүректі, тәуелсіз жеке тұлғаны қалыптастыру;
  • Өзін Отанының тең құқылы бір мүшесі ретінде сезінуіне, ересек адам ретінде пікір айта алуына дағдыландыру, адами құндылықтарды ұстануға тәрбиелеу.

 

«Балапан» телеарнасынан барлық оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы кезекті «Адалдық сағаты» республикалық акциясын онлайн форматында бейнефильмді жаппай көрді.

Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі екендігі жете түсіндірілді. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті деуге болады. «Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық — пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді т.б. асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Осы тақырыпты оқушылар алдыңғы «Адалдық сағаттарында» да талдап, өз ойларын қағаз беттеріне де түсіріп, ортаға салып қорғап еді. Осы «Адалдық сағатын» көре отырып, әрбір оқушының бойына адалдық қасиетінің ұрығы себілді десе де болады. Ойландыратын бейнефильм көріп, ойланып, тұжырым жасап, мейірім, адалдық қасиеттерін шыңдай түсті.

Көшпелі қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктерінен де кездестіруге болады. Осы тұста ұлы тұлғалардың осы тақырып төңірегінде айтқан ой толғамдары да айтылды.

Абай шығармаларын отбасында оқу – талдау – тамаша тәрбиенің негізі болмақ. Абай өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болу керектігі де баяндалды.

«… Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!…»-деп, Абай болашақ ұрпаққа өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, иә болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурс­тары болуы мүмкін» деп атап өткендей, аймақтық немесе жаһандық нарық болсын бәсекелестікке төтеп бере алатын ұлттық құндылығы зор білім мен тәрбие жүйесіндегі бірден-бір рухани дүние болары сөзсіз. «Біліммен біліктілігіңді көрсетесің, тәрбиемен тектілігіңді танытасың» деп өте орынды айтылған. Өркениетті ел боламыз десек, қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерге тойтарыс беруіміз керек. Атап айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық, кісі ақысын жеу, тас­танды бала, ата-ананы сыйламау, мұғалімді сыйламау, қарттар үйіне өткізу, өзге діндерге кіру деген сияқты келеңсіз жайттар біздің қоғам азаматтарының жан дүниесінің рухани жұтаң екендігін көрсетіп отыр. Абай атамыздың «Ар мен ұят ойламай тәнін асырап, ертеңі жоқ бүгін­ге болған құмар» дегеніндей, ұлттың ертеңін, ұрпақтың болашағын ойлайтын азаматтарымыз азайып бара жатқандай. Әрине біліммен биік белестерді бағындыруға болады, бірақ ұлтжандылық, отансүйгіштік, кішіпейілділік, мейірімділік, адалдық тәлім-тәрбиемен келетіні де белгілі.

Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының негізгі, басты міндеттерінің бірі. Ұлы данышпан Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын,  қазіргі заманда бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсті. Бұған жастарға, жеткіншектерге берілетін әрбір сабақтың Абаймен бірге өрілетінінің куәсі болып отырмыз. Абайдың дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларының халқына ұстаздық ете бастағанына бірталай уақыт өтсе де, өз мәнін, мағынасын жаңа қырынан танытып келеді. Сондықтан да Абайды – классик ақын дейміз. Бұл   күнде Абай сөзі әр қазақтың бойына мектеп қабырғасында ғана емес, әрбір отбасында ана сүтімен бірге дарыса құба-құп болар еді. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді. Абай бала кезінде ширақ, пысық болмағанымен, елдегі шешен, ақын, ертегішілер әңгімесін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген. Анасы Ұлжан да, әжесі Зере де, әкесі Құнанбай да сөз қадірін білетін, өзіндік пайымдау дәрежелері жоғары, өмірдің мән-мағынасын түсінетін, ұрпағына саналы тәрбие беру жолында қызмет еткен адамдар. Ел аузында жүрген Шортанбай, Дулат, Бұхар жырау, Марабай, Шөже ақындардың сөздерін, мағыналық татымын ұрпағы танып, ұғып өсуіне жағдай жасаған. Әкесі Құнанбай қажының кеңінен толғап сөйлер тереңдігі, өз тұстарының ғана емес, шетелдік ғалымдардың назарына іліккен. Құнанбай қажы «Ескітам» деген қоныстан медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан. Абайдың данышпан, ойшыл болып өсуіне туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі болды. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегеніндей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған.

Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» – деген ғұламалық ойды тарата келе, адамгершілік қасиеттердің бәрі отбасынан бастау алатындығын айтады. Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» басталады. Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді. Тәрбиелі анадан – тәрбиелі бала өсіп шығады. Сонғы жылдары отбасында, қоғамда ер адамдардың, әкелердің рөлі төмендегендей. Бұған кейде заманды да кінәләп жатамыз. Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, әсірессе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Абай шығармаларын отбасында оқу – талдау – тамаша тәрбиенің негізі болмақ. Абай өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болу керек.

«… Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!…»-деп, Абай болашақ ұрпаққа өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырықтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына аянбай талмастан көрсетті. Түн ұйқысын төрт бөліп, жүз ойланып, мың толғанып, елі үшін қызмет қылды.

Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама. Сондықтан да оның түрлі айтыстар мен даулардағы, мәжілістер мен кеңестегі айтқан пікірлері – дара өнеге, нақыл. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Құдай берген даналық оны даралық жолына, данышпандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – әрбір отбасындағы бала тәрбиесіндегі негізгі қағида, ереже болып тұру керек.

Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени- әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Абайдың нақыл-кеңестері отбасындағы үлкен тәрбие мектебіне айналуы керек. Абай мектебінен ата-ананың өзі де нәр алып, адамгершілік, әдеп-инабат тағылымдарын алуы, оларды меңгеріп іс — жүзінде қолдануы болашақ қазақ елі үшін жұмсалатын ынта мен ықылас, қайрат пен қажырлылық жолына айналуы тиіс.

Абайға әр оралған сайын «көкірек көзің ашылады», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың. Дүние жүзі халықтары Абайды тану арқылы оны туып, өсірген халқын, елін тани бастады. Қазақ халқының алдында енді қазақтың ғана емес, оны Адамзаттың Абайына айналдыру міндеті тұр.

Абайдың қолына қалам алып, надандықпен алысуға бет байлап, ақиқат пен жалған пәлсапалық категориялар заңдылықтарына сүйене отырып жазған өлеңдері мен қара сөздеріндегі педагогика, мораль, эстетика, психология, философия, этика, сатира, әдебиет, өнер, ғылым саласында айтылған терең ойларына қайран қаласың, таңырқайсың.

Бала тәрбиесінде ата-ананы осындай дана Абайдың шығармаларымен қаруландырса, бала дамуына маңызы бар рухани құндылықтармен қамтамасыз етілетін еді. Ал бұл отбасында  үйлесімді қатынас пен толыққанды адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Қазақта «Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, артыңғысы да солай жүреді,»-деген сөз бар. «Бала – өмір гүлі», «бала – біздің болашағымыз» сияқты көптеген стандартты сөздер бар, бұл шын мәнінде де солай. Өйткені біз өз балаларымызды өсіріп, оларға тәрбие мен білім беріп, болашақта олар бізге де көмек қолын созады деген ниетпен, өмірде көмек беру үшін өмір сүреміз ғой. Кез келген балаға  ата-анасының махаббаты қажет, отбасындағы қорғалу сезімі — ол үшін ең бастысы. Ендеше, өз баламызды жақсы көріп, онымен ықыласты қарым-қатынас жасауға уақытымызды аямай, Абай шығармаларының тәлім-тәрбиелік мәнін ұқтырып, тәрбиелесек, шынында да  біздің келешегіміз – жарқын, адал ұрпақтан болары сөзсіз.                                                        

Абай қазақ халқының мінез-құлқындағы келеңсіз, нашар қылықтардың қайдан және қалай туындайтынын саралап, ақиқат пен жалған философиялық категориялар арқылы талдап беріп отырады. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағанын айтады. Бірінің тілеуін бірі тілеспейтін уақытқа жеткендігінің себебі не екенін, рас сөзі аз болып, қызметке таласқыш болуы және өздерінің жалқау болатынының себебі не?» — деген сұрақ қойып алып, ары қарай талдау жасап, ол талдауларды бір топ философиялық ойларымен таразылайды. Мәселен, Абай бұл тұрғыда тек қана өз халқының туындыларына ғана зер салмай «һәмма ғылымға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған» — деп өзінің ой-өрісінің кеңдігін, дүние жүзіне белгілі данышпан адамдар, ғалымдар, ойшыл-философтардың еңбектерімен таныс екенін білдіре келе: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз-қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» — дейді. Абайдың осы сөзінде пайдаланылған философиялық категорияларға зер салсақ: қорқақ-ақылсыз, қорқақ-мақтаншақ, қорқақ -қайратсыз, ал қорқақ категориясы жалқаулықтан туындайтынын ашық айтып отыр.

«Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» — дейді Абай. Абай айтқан қулық сауу, көз сүзу, тілену, адам сауу (адам қанау) – өнерсіз иттің ісі. Ал мұндай теріс мінезден арылу үшін Абай қандай кеңес береді – еңбегіңді сау дейді. Ал еңбекті сауу үшін бос күлкіден, жарамсыз қылықтан, мақтаншақтықтан арылғанда ғана өнерсіз иттіктен кетесің дейді. Абай өнерге үйрену мәселесі адамның өміріндегі ең бағалы да қажетті іс екеніне көзімізді жеткізді. Бүгінгі өмірдің тауқыметі базар, нарық экономикасының ауыртпалығына тіреліп отырған халқымыздың мән-жайы, одан туындап отырған кеселдер сол Абай заманында да, бүгін де белең алып отыр. Ол Абай айтқан «Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» — дегендей қулық, көз сүзу, тілену, адам адамның еңбек ақысын жеу арқылы өзінің мал мүлкін молайту, жастарымыздың, қала берді үлкендеріміздің де ісі, бүгінгі таңның ең бір жағымсыз қылықтарының бірі екеніне бәріміз де куәгерміз.

Сондықтан Абай шығармалары арқылы отбасындағы да, қоғамдық ортадағы да тәрбиеде балаларды еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тәрбиелеу басты нысана болуы тиіс. Сонда ғана отбасы мүшелелері арасындағы қарым-қатынаста әдеп-инабат, адалдық пен ақпейілдік үстем бола алады.

Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау нарықтық экономика қыспағында қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей. Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз…», — деген тұжырым ұсынады.

Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар – адамдық, әділеттік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлық, батырлық т.б. толып жатыр. Солардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің негізгі қасиеттері, «Бес асыл іс»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым туралы даналық ой қозғауының өзіндік мәні бар. «Бес дұшпан» — Абай айқындап берген адамгершілікке жат этикалық-әдеп нормалары.

Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай – қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен…», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», — деп түйеді. Абай түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өз ары алдында жасалған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу. «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілімен қулық салған заңы құрсын». Адам болудың бір шарты – Ұят деген ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз – адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу дейді.

Ақын адамгершілік, мораль мәселесін сөз еткенде жақсылыққа: адамшылық, адалдық, әділеттілік, берекелік, достық, білімділік, еңбеккерлік, терең ойлылық, ерлік, жомарттық, қайраттылық,, кісілік, қанағатшылдық, рахымдылық, махаббат, арлылық, намысқойлық, сабырлық, сертке беріктік, табандылық, татулық, тәуекелшілдік, шүкіршілік т.б. қасиеттерді, жамандыққа: арамдық, азғындық, айлакерлік, парақорлық, арызқойлық, тәкаппарлық, сараңдық, алдампаздық, сайқалдық, даңққұмарлық, әділетсіздік, әдепсіздік, пәлеқорлық, паңдық, әсемпаздық, бақастық, борышқорлық, өсекшілдік, надандық, менмендік, әсемпаздық, еріншектік, әулекілік, есерлік, жалақорлық, мақтаншақтық, жарамсақтық, залымдық, жылпос-тық, қияңқылық т.б. жиіркенішті мінез-құлықтарды жатқызады. Абайдың негізгі этика, адамгершілік, түсініктері әділдік пен әділетсіздіктің ұғымдық мәнін, арақатынастарын түсінуге арналған. Абайдың адамгершілік туралы, Адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі.

Абай өткеннің ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түскенде дем беруші, рух беруші пайғамбарымыз, рухани көсеміміз. Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Абай. Энциклопедия. — Алматы: «Атамұра», 1995.
  2. Абай Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: «Жазушы», 1995.
  3. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т.15. Мақалалар, зерттеулер. – Алматы: «Жазушы», 1984.
  4. Тәжібаев Т. Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарастары. — Алматы, 1957.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.