20 сәуір күні Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде ұлттық археология мектебінің негізін қалаған көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның 120 жылдығына арналған «Әлкей Марғұлан мұрасы – ұлттың рухани байлығы» тақырыбында республикалық ғылыми-танымдық конференция болып өтті.
Конференцияны ұйымдастырған Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» мен Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі. Конференцияға ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер, республикалық білім беру ұйымдарының педагогтері, мектеп оқушылары, қосымша білім беру педагогтері қатысты. Астана қаласының «Әдістемелік орталығы» басшысының орынбасары Дидар Дулатұлы, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, шоқантанушы Жарас Ақышұлы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зейнолла Самашұлы, филология ғылымдарының докторы Берікхан Иісбекұлы тағы басқалар ұлтына өшпес мол ғылыми мұра қалдырған ғалым Әлкей Марғұланның өмірі мен ғылымдағы жолы туралы ғибратты естелік айтты. Конференцияны мектеп директоры Үйсімбаева Сәуле Амангелдіқызы жүргізіп отырды.
Конференцияның басты мақсаты осы ғылыми-танымдық бас қосуда Әлкей Марғұланның ғылыми мұрасын зерттеп, талқылап, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін көтеріп, республикалық және қалалық деңгейдегі педагогтердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызу болатын. Бұл ретте, конференция діттеген мақсатына жетті десе болады. Себебі, екі бөлімнен тұратын іс-шара барысында, секция төрт бағытта — «Әлкей Марғұлан және тарихи мұра», «Әлкей Марғұлан және қазақ әдебиеті», «Шоқан мұрасы — дәуір шежіресі», «Әлкей Марғұлан тағлымы – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі» бағытында жұмыс істеді. Ең ұтымдысы Әлкей Марғұланның еңбектерін зерттеуде ғалым мен тарих пәні мұғалімі жұмыстарының сабақтастығы еді. Мысалы, тарих ғылымдарының докторы, шоқантанушы Жарас Ақышұлы ғалым Әлкей Марғұланның аса ден қоя зерттеген саласы Шоқан Уәлиханов еңбектерінің қысқа-қысқа етіп жазып қалдырғанын айтқан болатын. Оның мәні мен мағынасын оқып түсінуге, ұғуға ғалымдар үшін ұзақ уақыт кеткен екен. Енді Шоқан еңбектерін неге қысқа жазып қалдырған деген сауалдың жауабын біз, «Әлкей Марғұлан және тарихи мұра» секциясындағы «Шоқанның ғалымдық жолға түсуінде Сібір кадет корпусының рөлі» деген тақырыпта Астана қаласы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев атындағы №57 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Сүндет Бақтияр Хамзаұлының ізденуінен ұшырастырдық. Ол тура осы Шоқанның қысқа жазуы себебін, оның әскери адам болғандықтан жоғары жаққа баянхат \рапорт\ ретінде жазуынан деп түсіндірді.
Әлкей Марғұлан – археолог, этнограф, география, әдебиет, өнертанушы, фольклортанушы, шоқантанушы ғалым. Ол Алаш қайраткерлерінің отаншылдық рухындағы ұлтшылдық қасиеттерін жанына сіңірген. Алаштың ұстанымы оның мызғымас негізі болған. Ал, археолог ретінде, 1946 жылдан бастап көне қалаларды жүйелі зерттеуді бастады. Қола дәуірін ашып танытты. Археология мекебінің негізін қалаушы. Әлкей Марғұлан ресей мұрағаттарынан Шоқанның еңбектерін жинап, бес томдық толық жинағын шығарған. Шоқантану ғылымының бастауында тұрған бірегей ғалым. Этнограф, өнертанушы ретінде Қорқыт тақырыбын алғаш көтерген «Қазақ халқының қолданбалы өнері» туралы үш томдық еңбек жазған. Ою-өрнекті зерттеген. Фольклортанушы ғалым ретінде қазақ эпосынан докторлық диссертация қорғаған ғалым. Қорқыт туралы бес жүз беттік кітап жазған ғалым. «Ежелгі жыр аңыздар», «Шоқан және Манас» ғылыми еңбегін жазған. Ол – фото түсіруге, фото жинауға әуес болған. Ғалымның қорында алты шемодан фото қалған. Ол ағылшын, неміс, француз тілдерін меңгерген екен. «Қыз жібек» фильмінің көркемдік кеңесінің мүшесі болған. Ғылыми айналымға тек қазақша атаулар – Ақсу, Аюлы, Беғазы, Дәндібай, Қорғантас, Бұғылы атауларын енгізген. Бүгінде Әлкей Марғұлан атында бір ғылыми институт, 7 аудан, қала, көше, мектеп бар. Толық еңбектер жинағы 14 том.
Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Құрманғалиев Қайыргелді Мирашұлының ізденуі осылай дейді.
Көркенті ғалым Әлкей Марғұланның мұрасын жас жеткіншектер санасында мәңгі қалдыруда мектеп жанындағы музейдің атқарып отырған еңбегі ерекше. 2004 жылы Әлкей Марғұланның 100-ге толуы ЮНЕСКО аясында аталып өтіп, осыған орай 2005 жылы мектепке Әлкей Марғұлан аты берілген екен. Ал, 2006 жылы музей үйі ашылған. Музейдің ашылуына белгілі қайраткер ұстаз Ербол Ісләмұлы Іргебайдың табанды еңбегінің нәтижесі дейді, бұл күні зейнеттегі ұстаз Сейітбатталова Мағрипа апай. Мағрипа апай Әлкей «Марғұлан ізімен» атты экспедицияның тұңғыш ұйымдастырушысы турист-нұсқаушысы. Балалар және жасөспірімдер туризмінің нұсқаушысы. Ал, бүгінде №40 мектептің Әлкей Марғұлан музейінің шамын жағып, оның өнегісі мен білім, ілімін оқушыларға беріп отырған меңгерушісі Сәуле Жұмабекқызы. Ол, «Ұлылықты ұлықтау – ұрпаққа ұлағат» атты жоба аясында бірінші музей жұмысын жасақтау тұрады дейді. Одан кейін «Марғұлан тану» курсы, одан 4-6 сыныптар бойынша жұмыстар жүргізіледі. «Марғұлан» журналы шығап тұрады. Қалалық, республикалық деңгейде ғылыми-танымдық ғылыми конференция ұйымдастырылып отырады. Музейдің ішінен «Әлкей Марғұлан ізімен» атты туристік өлкетану экспедициясы жүргізіледі. Сонымен қатар, жыл сайын 25 мамырда «Әлкей Марғұлан» сыйлығы беріледі. Осы жобаның басты мақсаты, Әлкей Марғұланның ғылыми жолы мен шығармашылығы арқылы жастардың ғылымға деген сүйіспеншілігін оятып, тәрбиелеу. Біз ЭКСПО өтіп жатқанда Әлкей Марғұланның ғылыми өнегесін әлем туристеріне көрсеттік. Біз келушілерге үш тілде қызмет еттік» дейді, Сәуле Жұмабекқызы.
Ал, музейде тұрған қобыз Әлкей Марғұланның Қорқыт ата тарихын зерттеулеріне байланысты қойылған екен. Ал, Бауыржан Момышұлының ескерткіші Әлкей Марғұлан мен даңқты батыр арасындағы рухани байланыстың куәсі.
Республикалық деңгейде өткен конференцияға елдің түкпір-түкпірінен 60 қа жуық мұғалім қатысып, онлайн форматта да өз ізденістерін ортаға салды. Төрт секцияға бөлініп «Әлкей Марғұлан мұрасы – ұлттың рухани байлығы» деп аталған білім додасында оза шапқан мұғалімдерге диплом берілсе, қатысушыларға сертификат табысталды. Атап айтқанда, «Әлкей Марғұлан және тарихи мұра» тақырыбынан ерекше ізденген № 40 мектеп-лицейінің мұғалімі Сабанбай Дина, «Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі» секциясынан Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясының мұғалімі Схаг Шолпан, «Әлкей Марғұлан тағлымы — ұлттық тәрбиенің қайнар көзі» секциясы бойынша Астана қаласы Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназияың қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрлан Айтолхын, «Әлкей Марғұлан және қазақ әдебиеті» секциясынан Қостанай облысы, Арқалық қаласы, А. Құнанбаев атындағы мектеп-гимназиясынан келген мұғалім Уахит Меруерт бірінші орынға лайықты деп танылды. Мұғалімдер тарапынан ғалымның еңбегін тануға, оқушыларға танытуға деген құлшыныс бізді қуантты.
Ғылыми-танымдық конференцияға жиналғандар қимастықпен, ақ ниетте қоштасты. Энциклопед ғалым Әлкей Марғұлан мұрасын зерттеп-зерделеу ғылыми бас қосулары әлі жалғасын табады.
«BILIM AINASY»,
Зүбәйра Тілегенқызы,
Астана қаласы