Home » Мақалалар » Ұлы халықтың — ұлы Абайы 

Ұлы халықтың — ұлы Абайы 

Тажимуратова Тамара  Утегеновна
Тараз қаласындағы
№ 25 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
әдістемелік бірлестік жетекшісі
педагог-зерттеуші 

Елбасы  Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар» рухани жаңғыру» атты мақаласында  қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы  және ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу  мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын атап өткен болатын. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға  қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн» — деп атап көрсетті.

Осыған байланысты биылғы жыл  ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналып отыр.

Абай үнін, Абай лебін, Абай даналығы мен рухани асыл мұрасын өскелең ұрпақтың бойыңа сіңіру және кеңінен насихаттау мақсатында Тараз қаласындағы  № 25 орта мектепте ақын А.Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар өткізілуде.

Солардың бірі  ағымдағы жылғы 10-20 ақпан аралығында өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің онкүндігі салтанатты түрде ашылды.  Аталған онкүндік аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері оқушылар мен мұғалімдер арасында Абай мұрасына арналған әртүрлі байқаулар мен сайыстар ұйымдастырды.

Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалағанын білеміз. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз,» -деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Осы ұлағатты тұжырымды ойлар еліміздің білім беру ұйымдарында өткізілетін Абай мұраларына қатысты іс-шаралардың ұраны іспеттес болуы керек.

Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да айтарлықтай мұра қалдырды. Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты ауыздан-ауызға, заманнан заманға ауыса отырып жеткенін білеміз. Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі — олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында.

Сол себепті, онкүндік аясында әдістемелік пән бірлестіктері  арасында өткізілген іс-шаралардың арасында  «Әнді сүйсең,  менше сүй!» атты ән байқауының орны ерекше.   Байқауға мектебіміздің жеті әдістемелік бірлестік мұғалімдері  қатысты: бастауыш сынып, жаратылыстану, математика, тарих, өнер, тілдер, қазақ тілі мен әдебиеті.

Байқауды  мектеп директоры Абашова Айнұр Каримуллақызы ашып беріп,  аталған іс-шараның маңыздылығы мен мазмұнына тоқтала келіп, барынша белсенділік таныту мақсатында, барша қатысушыларға  сәттілік тіледі.

Қатысушы мұғалімдер  халық арасында кең тараған Абайдың  «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас»  т.б. әндерін  тамылжыта шырқап, білім алушыларды ән әлеміне жетелеп, салиқалы үлгі-өнеге көрсетті.

Ән байқауының қорытындысы бойынша Бас жүлдені  Бастауыш сынып мұғалімдеріннің  пән  бірлестігі алса, 1-орынды  жаратылыстану, 2-орынды  тарих және  өнер, 3-орынды математика  және тілдер пән бірлестіктерінің мұғалімдері иеленді.

Абай өлеңдеріңдегі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегін мен ақылың екі жақтап» — деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әрбір адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.

Міне, жоғарыдағы осы тұжырымды ойды іске асыру мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Туленбекова Жанар Мизамбайқызының ұйымдастыруымен өткізілген «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты өлеңді жатқа оқу эстафетасы 1-11-сынып оқушыларының Абай өлеңдеріне деген қызығушылығын оятты.

Бұл іс-шараның ерекшелігі оқушылар Абайдың «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Білімдіден шыққан сөз», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңдерін «Эстафета» әдісі арқылы  жалғастырып оқып отырды. Аталған байқау барысында мектеп оқушыларының өлеңді мәнерлеп оқудағы шеберліктері мен  белсенділігін атап өтуге болады.

Сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абашова Айнұр Каримуллақызының ұйымдастыруымен «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты  әдеби  іс-шара 5-8-сынып оқушыларының арасында өткізілді. Оқушылар «Дана Абай», «Бала Абай» болып екі топқа бөлінді. Оларға ақын шығармашылығынан танымды бейнефильм көрсетілді. Қатысушы оқушылар  іс-шара барысында кері байланыс беріп отырды.

Аталған сайыста 8-сынып  оқушылары Байбол Арай, Тұрдыбай Мадина Абай өлеңдерін жатқа оқыса, 5-сынып оқушылары Бердіш Аяла, Тұрлықұл Сымбат  ақын қарасөздерін жатқа білетіндіктерін көрсетті. Бұл әдеби іс-шара өзінің маңыздылығымен және оқушылардың қатысу белсенділігімен ерекшеленген іс-шаралардың бірі болды.

Ал, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Касенова Аида Нұрмағанбетқызының жетекшілік етуімен 10-11-сынып аралығында «Әлем таныған –Ұлы Абай»»  атты тақырыпта эссе жазу байқауы өткізілді.

Эссе – бұл адамның субъективті пікірі, көзқарасы мен ойы еркін түрде жазылатын әдеби жанрдың бір түрі. Эссенің басқа жанрлардан басты айырмашылығы ой еркіндігі және көлемі жағынан қысқа болып келуі. Міне, бұл іс-шараның да басты мақсаттары мен міндеттері осыған сәйкес келеді.

Қатысушылар топ болып отырады және оларға арнайы тақырып беріледі. Топта сол тақырыпты бір-бірін жалғастыра отырып, кезектесіп жазады.  Сол себепті, байқау «Тізбектелген шынжыр» әдісі арқылы өткізілді. Байқаудың күрделі шартына қарамастан, әділ-қазылар алқасының шешімі бойынша 11-сынып оқушыларынан құралған «Дарын» тобы жеңіс тұғырынан көрінді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің отырысында аталған онкүндіктің қорытындысы шығарылып, жан-жақты талдау жасалды. Әдістемелік бірлестіктің жетекшісі ретінде әріптестерімнің шеберлігіне, әрбір іс-шараны жоғары ұйымдастырушылық деңгейде ұйымдастырғандары үшін алғысымды білдірдім.

Басты мақсатымыз — қазақ халқының ұлы дана ақыны, ғұлама ойшылы, сазгер Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен әндерін    насихаттау,    рухани мол мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке  оқып-білуге ынталандыру болатын. Бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде өз мақсатымызға жеткеніміз анық.

Мектеп директоры А.К. Абашова Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы: «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз» деген тұжырымды ойын тілге тиек ете отырып, мектепте өткізілген іс-шараға жоғары баға берді. Өз тарапынан онкүндік аясында өткізілген іс-шараларға белсене қатысқан мектеп мұғалімдері мен оқушыларын  мақтау қағаздарымен марапаттап, алғысын білдірді. Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар мектепте өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

Абайдың адамгершілік туралы, Адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түскенде дем беруші, рух беруші пайғамбарымыз, рухани көсеміміз. Абай ХІХ ғасырдың ортасында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың басында бұл дүниеден кетіп қалған жоқ. Абай заттың адамы емес, рухтың адамы. Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.