Хошниязова Ризвангүл Иляхуновна
«№ 101 бөбекжай-балабақшасы» МКҚК
Мектепке даярлық тобының тәрбиешісі
Адамның басқа тіршілік иесінен ерекшелеп, бөліп қарауға болатын сипаты — саналы болуы мен қатар, белгілі бір тәрбиелік бағытқа икемделе алуында. Яғни, адами болмыстың бейнесі деп, оның салауатты өмір сүруге деген талпынысын қарастыруға негіз бар. Ал, сол аталмыш деңгейге жетіп, жаратылудағы басты мақсатты межелеу үшін, қазіргі заман талабына сай, бірінші ұстаз алдындағы білім қажет. Бұл дегеніміз, әрбір баланың мемлекет тарапынан талап етіп отырған білімді, балабақша қабырғасынан бастап ала отырып, сапалы ілімді игеру.
Дайындықсыз келген ойын баласын, тұлғалық жетілдіру мақсатында әріп пен сандық ілімдерді ғана игертіп, толыққанды бәсекеге қабілетті адамды қалыптастырамын деген қате түсінік. Себебі, осы көзделген білімді беруші әрбір мамандық иелері міндетті ақпаратты баланың назарына ұсынбас бұрын, сол қабылдаушы тараптан ең бірінші сауаттануға деген ынталы, бір арнаға тоғысқан назарды қажет етеді. Яғни, ұстаз тарапынан ең әуелі білімнің бастауын қалыптыруда тәрбиемен сабақтастықты сақтай алу керек. Ол тек қана балабақша тәрбиешілеріне қатысты мәселе емес, сауаттану үшін сол мекеменің табалдырығын аттаған баланың өзінде де жауапкершілікті сезіну талап етіледі. Ол әрине, үйдегі ата — ананың ықпалымен қалыптасатын белгілі бір шаралар жиынтығынан құралады.
Баланы өмірге бейімдеп, тұлғалық қалыптасуында керекті адами көрсеткіштердің бастауы — оның құрсақта жатқан кезінен деп толық айта аламыз. Одан соң, отбасылық үлгі — өнегенің ықпалы және балаға деген сапалы уақытты бөлетін ананың жауапкершілігімен жалғасып жатады. Бесіктегі кезінде әлдимен тербетіліп, ес біліп ұйқыға ертегімен жатып, ер жеткен баланың ойында рухани құндылықтың дәні себіліп тұрады. Осындай негізі қаланған бала, балабақшаға келгеннен кейін де, көпшілік алдындағы қалыптасу кезеңдерінде де өзін жақсы қырынан көрсете алады.
Кешегінің батыры, бүгінгінің бетке ұстар батыл, рухты тұлғасы Бауыржан Момышұлының жоғалтудан қорыққан үш түрлі ұғым аясындағы тәрбиелік діңгегімізді сақтай отырып, әр өсу кезеңінде жауаптылықты сезініп, саналы білім мен қоса тәрбиенің бойына сіңірілуін қамтамасыз ете алсақ, ол баланың болашағында үлкен үміт болары ақиқат.
Ғалымдардың дарасы, ғылымдарды қалыптастыруда озық ойымен өнегелі еңбек қалдыра алған, Әл — Фарабидың нақылына сүйенсек, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дей отырып, ілімнің бойға сіңірілуі тәрбиенің ықпалымен жүзеге асатынын бекіте түседі.
Мен, қызмет ететін балабақшадағы мектепке даярлық топтарында ең бірінші баланың кез келген тақырыпты ыждағаттылықпен қабылдауын ескеремін. Балаға білім берерде, оны тыңғылықты қабылдап, ертеңіне қажетті ақпарат ретінде ұмытпастай сіңіріп, сол арқылы бойына керекті өмірлік тәрбиенің қалыптасуына ықпал еткенді жөн санаймын.
Мамандығыма сәйкес, мектепке даярлық топтарында жас ерекшелігін ескеріп, оқу заңдылықтарын түсіндіре отырып, балалардың мектепке білікті оқушы болып баруына барынша үлес қосамын.
Мен сабақ беретін математика ғылымы да баланың сандық сауаттылығымен қоса, логикалық біліктілігін арттырады. Өмірдің барлық саласы сандық көрсеткіштерден тұратындығы, жалпы әлем математикалық сауаттылыққа мұқтаждығы бар екені белгілі. Сол үшінде мен әрбір тақырыпты өтер алдында оның рухани болмыспен, адамдық қасиетті ескере отырып қабылдануын қалаймын.
Сонымен қатар, грамматикалық сауаттылық, әлемді тану барысындағы оқу қызметтерін балаға үйрету кезінде де ұлттық болмыс пен ұлттық кодты негізге алып, баланың бойына білім мен қоса тәрбиенің сіңірілуін мақсат етемін. Тал бесігінен тәлім көрген, мектепалды даярлықта да ізгілікке ұмтылған баланың бойында жақсылыққа құштарлық, әлемге мейірім көзімен қарай алатын, халық мүддесі үшін әрекет ету дағдысы қалыптасады. Ал, ол дегеніміз – өз кезегінде елдің дамуына ықпал етуге қабілетті балалардың көбеюіне себепші болу.
Саналы білім мен саналы тәрбиені үндестіре алған әрбір мұғалімнің алдынан шыққан балаларда, Абай аңсаған «кемел адамның» образы жинақталып, Шәкәрім айтқан «Адамдық борышпен» еліне қызмет ететін, игергені мол, ұяты бетінде тұратын, арменен іс қылатын, өнегілі ұрпақ шығатынына сенемін.
Жоғарыда аталған білім беру тәртібін сақтай алсақ, халқымыздың кетігіне қаланып, сол арқылы дамушы сатыдан, өркендеуші елге айналдырар өрендердердің өсетіні анық.