Муксиева Нургуль Едиловна
Қ.Дүтбаева атындағы
Атырау гуманитарлық колледжі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
Әр халық өз ауыз әдебиетінен нәр алады, соған сүйенеді және оны оқу-тәрбие ісінде қолданудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін қарастырады. Әсіресе, әлемдік тәжірибеде К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский т.б. сынды тұлғалардың үлгі тәрбиесіндегі халықтық шығармалардың мән-мағынасын ашып, оның рөлін айқындаған еңбектері баршаға мәлім.
Қазақтың ғұлама ғалымдары А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин т.б. әдеби мұраларды игеру, зерттеу, жинақтау, жариялау мәселесін көтерді.
Ауыз әдебиеті—тәрбие көзі, өнеге, өсиет кені. Ауыз әдебиеті үлгілерін оқытуда халықтық тәрбиенің құрамды бөліктерінің маңызына тоқтала отырып, оның мәнін жан-жақты ашып көрсеткен ғалымдар М.Ғабдуллин, Қ.Жарықбав, С.Қалиев еңбектерін атауға болады. Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиеті үлгілері, оның ішінде аңыз әңгімелердің үлгі өнегелері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екенін дәлелдеп келді.
Алғаш оқулық жасаған қазақтың көрнекті тұңғыш педагогі –Ы.Алтынсарин өзінің «Қазақ хрестоматиясында» балаларға жақын, өмірден алынған ертегі, аңыз-әңгімелерді енгізді. Қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы ғалым А.Байтұрсынов «Тіл жұмсар» еңбегін сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын кітап деп түсіндірді. Ғалымның айтуынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. «Мұғалімнің қызметі – оның білімінің, шеберлігінің керек орны өздігінен алатын тәжірибелі білімнің ұзақ жолы қысқару үшін, керек білімін кешікпей кезінде алып отыру үшін балаға жұмысты әліне шағындап беру мен белгілеген мақсатқа қарай түзетіп отыру,» — деп ой қорытындылауы балаға білімді дидактикалық жетілген практикалық жолмен берудің тиімділігін, баланы тұлға ретінде бағалап, оның жас ерекшелігіне сай қабілетімен, білім деңгейімен санасу қажеттігін, яғни ізгілендіру принципінің мәнін көрсетеді. Сонымен қатар, А.Байтұрсынов: «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек» — деп көрсеткен. М.Жұмабаев: «Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр,» — деп қазақ сөз өнері туралы дәл пайымдаған. Әрі ақын, әрі ғалым М.Ж.Көпеевтің қазақтың фольклорын жинау, жүйелеу жөніндегі еңбегі зор. Оның ел аузынан жинаған «Мес» атты еңбегінде ауыз әдебиетінің бірнеше түріне, әсіресе «Аңыздар» бөлімін зерттеудегі маңызы ұшан-теңіз.
Х.Досмұхамедовтың «Халық ауыз әдебиеті» еңбегінде халық әдебиетін мазмұны жағынан сипаттай келе, оларды классификациялап 46 түрге бөліп көрсеткен. Мен зерттеуіме осы үлгілердің бастауыш мектеп оқушыларының жас және дербес психологиялық ерекшелігіне сай келетін «Аңыз әңгімелерді» саралап екшеледім.
Көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбегінде фольклорды жанрлық сипаты мен тарихилығы тұрғысынан сараптап екшеледі. Сонымен қатар, Ә.Қоңыратбаев қазақтың аңыз-әңгімелерін арнайы бөлек қарастырып, оның мән, мазмұн ерекшелігіне баса назар аударған.
Ол «Аңыз дегеніміз—мифологиялық геройлар мен тарихи адамдар жайында айтылатын әңгімелер» деп анықтама беріп, Қорқыт, Асан Қайғы, Алдар Көсе, Жиренше туралы аңыздарды тарихи тұрғыдан қарастырады.
Ш.Ахметов «Қазақ балалар әдебиеті тарихи очеркі» еңбегінде «…Халық ауыз әдебиеті — балалар әдебиетінің алтын қоры, алтын бесігі» деген ойы ауыз әдебиетінің балалар үшін тамырына тоқтала отырып, оның алты сатысын кезеңдерге бөліп көрсеткен. Ғалымның бұл пікірін өзімнің зерттеу жұмысымда бастауыш сатыға лайықталған аңыз-әңгімелерді басшылыққа алдым.
Педагог-ғалым Ә.Табылдиев «…Үй ішінде, мектепте балаларға аңыз-әңгімелерден үзінділер айтқызып, ой-өрісін кеңейтіп, тілін ширатып, шешендік сөздерді жаттатып, ұлттық дәстүрді талап ете білу керек» дейді.
Аңыз-әңгімелерді мазмұнына қарай баланың жас және дербес ерекшеліктерін сәйкес жіктеуде жоғарыда айтылған педагогтердің еңбектерін басшылыққа ала отырып, өзімнің әдістемелік зерттеуімді жүйелеуге ұмтылдым.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы». Алматы, 2003.
- А.Байтұрсынов. Шығармалары. Алматы, 1989.
- Ш.Ахметов «Қазақ балалар әдебиеті тарихынан очерктер». Алматы, 1986.
- Рахметова С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі Алматы, 2005