«Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы
№85 мектеп-лицей» КММ директоры
Казиева Марал Кадикеновна
Жаһандық дәуір — жылдам өзгерістерге толы озық технологиялар заманы. Қазіргі кездегі тәуелсіз еліміздің баянды болашағы да білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Мектебіміз жас ұрпақтың білімді де білікті, бәсекеге қабілетті маман болуы үшін әлемдегі үздік білім беру жүйелерін зерделеп, табысты қолдануда.
Мектебіміздің алдында тұрған мақсат — оқушыларды өмір жолында туындаған сұрақтарға жауаптарды өз бетімен табуға үйрету; мектеп оқушыларының бойында өзі елі мен жаһандық хабардарлық, халықаралық ойлау, ынтымақтастық, жинақылық, жауапкершілік, серпінділік қасиеттерін дамыта отырып, заман өзгерістеріне әзірлеу.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мектебіміз авторизация бағыты бойынша Халықаралық Бакалавриат ұйымының Орта мектеп бағдарламасын (IB MYP) оқыту мақсатында жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда білім ордамыз «Халықаралық Бакалавриат мектебі» статусын алған алғашқы мемлекеттік мектептердің бірі болып табылады.
Білім берудің мемлекеттік стандарт талаптарымен бірге, IB оқушы атрибуты, атап айтқанда, зерттеуші, білімді, ойшыл, тіл табысқыш, ұстанымға берік, озық ойлы, қамқор, тәуекелшіл, үйлесімде дамушы, талдағыш, қалыптасқан тұлғаны тәрбиелеу үшін оқушыларды мектеп философиясы, 8 пән тобы, Жеке және Әлеуметтік жобаны қорғау, Қызмет ету, көптілде оқиды. Олар тек білім ғана алмай, концепция негізінде оқып, арнайы қарым-қатынас, әлеуметтік, өзін-өзі басқару, зерттеу және ойлау дағдыларын қалыптастырады.
Мектебімізде MYP бағдарламасын сатылай енгізіп жатқандықтан, биылғы оқу жылында 5-7 сыныптармен жұмыс жасап жатырмыз.
Мектеп ұжымы инновациялық жаңашылдықтар бағытында үздіксіз дамып келеді. Қашықтықтан оқыту жағдайында да мектеп сапалы оқытудың мүмкіндіктерін анықтап, шешу жолдарын іздестірді. Атап айтқанда:
- Оқушылардың білім сапасын сақтап қалу
- Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру
- Мектеп жұмысының тиімділігін арттыру
Осы бағдарламаның қазіргі уақытқа дейін оқушы, мектеп және оқушы үшін қандай тиімділігі болды деген сұрақ туындауы мүмкін. Осы сұраққа жауап беріп көрсек:
Оқушы үшін
- Әр пәнде білім берумен қатар, концепция негізінде оқыту арқылы алған білімдерін өмірмен байланыстыра алды, яғни, жалпылама концептілерді әр түрлі пәндерде қарастыру арқылы ойлау, сараптау, білімге құштарлығы оянды. Мысалы, «өзгеріс» түсінігін тарих, ғылым, өнер пән топтарында қарастыра отырып, пәндердің өзара байланысын, алған білімді өмірде қолдануға үйренді.
- Өткен оқу жылында 5-6 сыныптарында жаратылыстану ғылымдары аптасына 1сағаттың орнына ХБ талабына сай 3 сағат берілді. Химия, биология, физика ғылымдарының негіздері тереңдетіліп оқытылды, оқушылар сабақтарда зерттеуге, жоспарлауға, жоба жасауға дағдыланды.
- Аталған сыныптарда өнер пәнтобы қатарына театр, бейнелеу өнері пәндері жаңадан енгізілді. Пәндерді кіріктіру арқылы мұғалімдер өзара пәндік байланыс жасап, оқушылр әдебиет сабағында өткен «Менің атым — Қожа» шығармасының үзіндісін театр пәнінде сахналады. Осы арқылы оқушылардың білімдері нақтыланды, әдеби шығарманың идеялық мазмұнын терең түсінді, одан әсер алды.
- Дизайн пәнтобы информатика және көркем еңбек пәндерін біріктіреді. Осы пәндерде мұғалімдер тақырыптарды кіріктіріп өткізді. Сол арқылы білім сапасын арттыруға, оқушылардың қызығушылығын оятуға жұмыс жасады.
Жоғарыда аталған әрекеттердің барлығы сыни және шығармашылық ойлауға, эстетикалық тәрбие беруге, кәсіптік бағдар беруге — жеке тұлғаның қабілетін ұштауға бағытталған.
Мұғалім үшін:
- Халықаралық Бакалавриат курстарынан мектеп директоры, координатор, 37 мұғалім өтіп, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Нәтижесінде халықаралық стандарттар негізінде жұмыс жасауға үйренді.
- Мемлекеттік стандарт пен Халықаралық Бакалавриат стандарты талаптарына сай сабақтарды жоспарлайды.
- Пән мұғалімдері ынтымақтастықта жұмыс істеп,өз пәндері бойынша бірігіп жоспарлап, рефлексия жасайды.
Мектеп үшін:
- Ұйым ретінде жүйелі дамыды. Мектеп құжаттары, мысалы, мектеп саясаттары жасалып, тәжірибеде қолданылуда.
- НЗМ мен қаланың серіктес мектептерімен желілік қоғамдастықта жұмыс жасап, мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, вебинар, курстар, тренигтерге белсене қатысты.
- Ағылшын тілінен мұғалімдерге тілдік курс ұйымдастырылды. Бұл курс арқылы ағылшын тілін меңгерген мұғалімдер санын артуына септігін тигізді.
ХБ орта мектеп бағдарламасы оқушыларды шығармашылық, сыни және аналитикалық ойлауға ынталандыратын білім беру ортасын құруға бағытталған. Бұл бағдарлама дәстүрлі пәндерді оқу мен алған білімді өмірде практикалық тұрғыдан қолдану арасындағы өзара байланысы түсінігін қалыптастыра отырып, зияткерлік қызметке баса назар аударады. Теориялық білім мен практиканың өзара байланысын түсіндіру мақсатында оқушыларға жобалық жұмыстар ұсынылып отыр. Орта мектеп бағдарламасының жобалық жұмыстары оқушыларға осы бағдарлама бойынша оқу кезінде алған білімдерін, дағдыларын, біліктілігін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама 11-16 жас аралығындағы оқушыларға арналған.
Әлеуметтік жобаның міндеттері:
- Жеке мүдделерге негізделген қауымдастықтағы қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатын анықтау;
- Жобаға қатысты алдыңғы оқыту мен пәндік білімді анықтау;
- Зерттеу дағдыларын көрсету;
- Қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін іс-қимыл туралы ұсыныс әзірлеу;
- Өзін-өзі басқару дағдыларын көрсету;
- Қарым-қатынас және әлеуметтік дағдыларды көрсету;
- Іс-әрекет ұсынысы негізінде, қызмет сапасын әрекет ретінде бағалау.
Әлеуметтік жобаны жүзеге асыру оқушыларға мынадай мүмкіндік береді:
— Жаһандық контекстегі дербес зерттеуге қатысу
— Жаңа шығармашылық идеяларды құру
— Зерттеу арқылы жаһандық, ауқымды ойлау жүйесі мен түсініктің дамуы
— Жобалық жұмыстарды орындау үшін қажетті дағдыларды, білімді көрсету
— Әр түрлі жағдайларда тиімді қарым-қатынас жасауға ықпал ететін сөйлеу әрекетін дамыту
— Оқыту және нәтижеге қол жеткізу арқылы жауапкершілікті дамыту
— Оқу процесінің маңыздылығын түсіну
— Өз нәтижелері және жетістіктерін сезіну
Әлеуметтік жоба – IB MYP бағдарламасы бойынша оқытудың маңызды кезеңі. Ол білім алушыларға әлеуметтік маңызы бар мәселені немесе концепцияны өздігінен таңдап, негізгі мектепте алған білімдері мен жинақтаған дағдылары нәтижесінде оны шешуге, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жобаны дербес немесе командамен орындап, кез-келген тілде қорғауға және таныстыруға болады.
Мектебіміздің оқушылары өзара 12 топқа бөлініп, 12 әлеуметтік мәселені қалың көрермен алдына шығарды. Әлеуметтік жобалар конференциясы алты топты қамтитын 2 сессияға бөліну арқылы сараланды.
7-сынып оқушылары Темірхан Берен, Тимурұлы Әмірлан, Каирбеков Мырзахмет «Физика арқылы әлемді өз қолыңмен жаса!» тақырыбында қорғады. Ғылыми-техникалық жаңалықтарды ашуда физиканың маңызды екеніне көз жеткізе отырып, физика ғылымының салаларын дамыту керектігін дәлелдеуге тырысты. Келешекте ғылымға жаңалықтар енгізуге талпыныс жасады. Аталмыш жоба мақсат-міндеттері мен жоспарлануы тұрғысынан мазмұнды болды.
Әлеуметтік жобаларына экология мәселесін арқау еткен екінші топ көрермендердің назарына «Қайта өңдеу арқылы табиғатқа көмек беру» тақырыбын ұсынды. Қанат Абзал, Қайрат Мансур таңдалған тақырып аясында өзіндік зерттеу жұмыстарын жүргізіп, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген. Оқушылар қоқыстардың, экологияға, қоршаған ортаға тигізілетін зиянның азаюы үшін зерттеу жүргізіп, нәтижелерін ортаға салды.
Қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің мәдениетпен, экологиямен, сондай-ақ, спортпен де тығыз байланыста екендігі сөзсіз. Мұның бір дәлелі, үшінші топтың «Қазіргі өмірдегі спорттың маңызы» тақырыбындағы әлеуметтік жобасы. Жоба авторлары Хусаинов Талим, Рудковский Роман рухани-адамгершілік негізінде гимнастиканы сабақтастықта дамытып, салауатты өмір сүру дағдылары арқылы дене мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Олар әлеуметтік жобалары аясында мектептегі бұл спорт түрінің дамуына үлес қосуда.
Жобалардың таныстырылымы барысында оқушылардың әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді нақты анықтай алғандықтары, жобаны зерттеуге қажет біліммен, дағдымен қаруланғандықтары, әлеуметтік іс-әрекеттің жүйелі жоспарланғандығы, топтық жұмыс негізінде ұйымдастырушылық, зерттеушілік қабілеттерінің жоғары болғандығы, тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, жеткен нәтижелеріне өзіндік баға бергендіктері байқалды.
Интеграция, пәнаралық бөлімдер, зерттеуге бағытталған сабақтар, пәндерді кіріктіру тиімді ұйымдастырылды. Бұл жұмыстардың барлығы –оқу мен оқытуды үздіксіз дамыту арқылы әлемдік білім беру жүйесіне жету ұстанымын ұстанған мектеп ұжымының еңбегі. Алдағы уақытта да бірлескен қызметтің нәтижесінде толағай табыстарға қол жеткізетіндігімізге сенімдімін.