Нуржанова Мархабат Асылбековна
Астана қаласы
№24 орта мектеп
бастауыш сынып мұғалімі
Бүгінгі таңда ұстаздар қауымының басты міндеті –ол жаңартылған білім беру жүйесі арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін жоғары дәрежеге дейін жеткізу. Яғни, білімді, саналы, бәсекеге қабілетті, ойы терең шәкіртті тәрбиелеп шығару. Заман талабына сай болашақ ұрпақтың қабілеті мен сұранысын арттыруға бірден-бір себепші күш – мемлекеттің жаңартылған оқу бағдарламасы. Ал, бастауыш сыныптарда аталған бағдарлама арқылы оқушының білім алуы мен дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Бүгінгі білім беру саласы ұстаздардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі бұрын оқушы тек тыңдаушы мен орындаушы қатарынан табылса, қазіргі таңда ол өздігінен ізденетін тұлға ретінде қалыптасып келеді. Осындай қажеттілікті шешу жолдарының бірі – критериалды бағалау жүйесіне сүйенеді.
Критериалды бағалау дегеніміз не? Бұл жүйеде оқушы біріншіден өзін-өзі бағалау әдіс-тәсілдерін үйренеді. Екіншіден, білім алудағы кемшілік тұстарымен жұмыс жасап, оның нәтижесі арқылы бағаланады. Ал, бағалауды анықтау үшін, оқушылар нені меңгерді, нені меңгере алмай қалғанын түсіну керек. Себебі білім берудегі өзекті мәселенің бірі –ол бағалау жүйесі. Баланың бойындағы қабілетін анықтау, білімге деген құштарлығын бақылау және өзге оқушының білімін өзіндік тұрғыда бағалап, сипаттауы да бұл жүйенің басты қағидалары десек артық емес. Критериалды бағалау-оқушы бойындағы қорқыныш сезімін басады және өз іс-әрекетіне баға беріп, жауапкершілік қабілетінің дамуына үлкен ықпал етеді. Мұндай бағалау кезінде оқушы үнемі өзін басқа оқушылармен салыстырмай, өздігінше бағалайды. Сондай-ақ, жетістікке жету жолдарын іздеп, соған әрекеттенеді. Ал, бағалау парағы арқылы ата-аналармен байланыс орнатылады. Яғни, ата-ана өз баласының білім деңгейімен таныс болып, кем тұстарымен жұмыс жасауға дағдыланады. Бағалау критерилерімен танысып, хабардар болады. Сонымен қатар, оқушыны сабаққа белсене қатыстыру үшін әрбір жаңа сабақты жаңа әдіспен, түрлі көрнекілік құралдарымен өткізген абзал. Себебі барлық баланың қабылдауы бірдей емес. Кей оқушыға ойын арқылы ұйымдастырылған сабақ жеңіл өтсе, енді біріне ақпараттық технология көздері арқылы жүргіліген сабақ тиімді өтеді. Сондықтан, оқудың әдіс-тәсілдері, формалары талаптарға сай болып, ұстаз ақпараттық технологияны өз іс-әрекетінде тиімді, сауатты ұйымдастыруы қажет.
Критериалды бағалау бізге не үшін қажет? Оның тиімділігі қандай? Бұл бағалау жүйесі арқылы бастауыш сынып қабырғасындағы білім сапасын арттыра аламыз. Онымен қоса, оқушыларды түрлі тапсырма орындату арқылы оның шығармашылық қабілеті мен дарындылығын аңғара аламыз. Сондай-ақ, бала өздігінен бағалап, өз бойындағы қасиеттерді бақылап, алға мақсат қойып жұмыс жасай алады. Және де критериалды бағалау сабақ бөлімдері бойынша барлық оқушының өзіндік деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Оқушының даму жетістігі мен өткен сабақты еске түсіруге, оқушылардың білім алу барысындағы кеткен қателіктерін жойып, оны түзетуге негіз бола алады.
Критериалды бағалаудың өзіндік маңыздылығы да жоқ емес. Мәселен, оқытудың нақты мақсатын айқындайды, ал баға тек зерделенген, қорытылған материал бойынша ғана енгізіледі. Сонымен қатар, ата-аналарға да оқушының бағалау парағы да ұсынылады. Бұл пункттер арқылы оқушының өзін-өзі дамытуға деген көзқарасы артады. Критериалды бағалаудың өзіндік әдіс-тәсілдері де көп. Мәселен, бағалау жүйесінде әр пәннен нұсқаулық дайындап, сол арқылы жүргізуге болады. Бұл тәсіл тапсырмаларды жүйелі бақылауға арналған. Критериалды бағалаудың екі түрі болады: Қалыптастырушы бағалау –күнделікті алған білімнің меңгеру деңгейін бақыласа, жиынтық бақылау –бір тарауға байланысты қалыптастырған білім деңгейін анықтайды. Ал, олардың құралдары — критерий, яғни оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбегі. Екіншіден, дискриптор –оқушының критерийлер бойынша ең жоғары жетістіктерге жету қадамдарын көрсетеді. Үшінші, рубрикатор –оқушының білімін бағалауға арналған критерийлер жиынтығы.
Біз критериалды бағалау арқылы оқушының тұлғалық бағытын белсенділікке бағыттауға, өсіп келе жатқан тұлғаны нәтижеге жеткізуге, өсу динамикасын кез-келген кезеңде анықтап алуға және қалыптастырушылық және негізгі бағалау арқылы білімін анықтауға үйренеміз. Бұл бағалау жүйесінің мұғалімге де, оқушы мен ата-анаға да тигізер әсері бар. Мәселен, ұстаздарға сапалы нәтиже алуды қамтамасыз ететін критерийлерді құрастыруға, өз жұмысын талдау және жоспарлау үшін ақпарат алуға, оқу үрдісінің сапасын жақсартуға, әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқушы үшін оқытудың жеке траекториясын алуға, бағалаудың әр түрлі тәсілдері мен құралдарын қолдануға, оқу бағдарламасының мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді. Ал, оқушылар үшін нәтижені талдау үшін бағалау критерийлерін білу және түсінуге, рефлексияға қатысу, яғни өзін және өз достарын бағалауға, нақты есептерді шешуде білімдерін қолдану, өз ойларын еркін жеткізе білуі, сын тұрғысынан ойлай білуге баулиды. Сондай-ақ, ата-аналар қауымына баласының білім деңгейлерін бақылай алуға әрі оқу үрдісі кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі білім беру жүйесінде критериалды бағалау зор маңызға ие. Себебі қазіргі қоғамда оқушының тек білім сапасы ғана емес, оның өзіндік адам болып қалыптасуы, айналасындағы адамдармен тіл табыса алатындағы, шығармашылығы, қарым-қатынасы, өзін-өзі дамытуы сынды мақсаттар айқын аталып көрсетілген.
Критериалды бағалаудың әдіс-тәсілдері көбіне жұлдызша, бағдаршам, смайликтер, шапалақ сынды түрлермен кездеседі. Бұл тәсіл арқылы оқушы өзін-өзі бағалаған кезде біріншіден, баланың эмоциясы мен жауапкершілігі терең байқалады. Себебі, шапалақтың даусы, бағдаршамдағы түс пен көңілді немесе көңілсіз смайликтердің таңдалуы оқушыға тікелей әсер етеді. Сондықтан, мұндай әдіс –тәсіл түрін жиі пайдаланған абзал. Бұл жерде критериалды бағалаудың бірден-бір ерекшелігі алдын-ала ұсынылған бағалау шкаласы болмайды. Бағаның әділдігі мен өзін-өзі бағалауға мүмкіндік алады.
Критериалды бағалау оқушының жетістіктерін түрлі міндеттемелермен айқындайды. Мәселен, әрбір оқушының сабақ үдерісіндегі дайындық деңгейін, білім алудағы даму динамикасын, оқушының сабаққа қызығушылығы мен белсенділігін артуын, бағаға теріс көзқарастың болмауын, есте сақтауын, табандылық пен шыдамдылыққа тәрбиеленуін, оқушының барлық жұмыс түрлерінің бағалануын (ағымдағы бақылау, өзіндік жұмыс, қорытынды бақылау, шығармашылық жұмыс т.б), баға сапасын артуын сынды пункттерді қамтып өтеді.
Сонымен, критериалды бағалау жүйесін қорыта келгенде, біз ең алдымен оқушының тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттаймыз. Яғни, өзіндік жауапкершілік пен нәтиже жұмыстарына бағыттап, қол жеткіземіз. Кез келген кезеңде оқушының өсу динамикасын мен дайындық деңгейін анықтаймыз. Олардың бағалануы арқылы дифференциалдауға қол жеткіземіз.
Бүгінгі таңда Қазақстанда білім беру саласы бойынша сапа мен деңгейге жаңа талаптар қойылып келеді. Соңғы жылдары білім беру ошағында жүргізіліп жатқан реформалар еліміздегі білім сапасын әлемдік деңгейге жеткізуге жаңалықтар енгізіп, қамтамасыз етуде. Сол арқылы біз әлемдік сұранысқа ие бола алатын мамандар дайындап, бәсекеге қабілетті білімнің көзін жаңғырта аламыз. Қай сала, қандай мамандық болмасын оның бастауы білімде тұрады. Мектеп қабырғасында алған білімі — болашағының үлкен жемісі әрі жеңісі болып табылады. Әсіресе, білім ошағының қайнар көзі бастауыш сыныптан негіз алады. Себебі ең бастапқы білім фундаменті қалай қаланса, баланың білімге деген зейіні де өзінің деңгейінде ашылады.
Бастауыш сынып – нағыз білімді мен біліктіні дайындайтын оқу кезеңі. Бұл бастауда бала алғаш әріп танып, жазу жазып, сауатын ашады. Жаңа әлемге қадам басады. Үлпілдеп тұрған жас буынға қандай білім берсек, сол жолмен шыңдала түседі. Білім мен тәрбиенің ошағы – мектеп өмірі барлық оқушылар үшін маңызды кезең. Сондықтан бүгінгі жаңартылған білім стандартына сай сабақ жүргізіп, әрбір оқушыдан жеке тұлға қалыптастастыру – ұстаздар қауымына негізделген жүк. Себебі ілімді жетік меңгерте алған мұғалім, білімді тұлғаны қалыптастырушы күш.