Home » Мақалалар » Ұлттық тәрбие – ұлт қазынасы

Ұлттық тәрбие – ұлт қазынасы

Ұлттық тәрбие – ұлт қазынасы

Береке мен бірлікке кездесіп,  емен жарқын күлкіні, жайдары жүзді көргенде жаның жадырап, бойыңа күш, сарқылмас шабыт алып, тебіреніп, тамсанып көңіл толып, ойда жүрген арманың орындалғандай күйде боласың! Қаламыма арқау болған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №92 « Жауқазын» балабақшасының педагогикалық ұжымы.
29 cәуір күні аталмыш білім ордасында  «Ұлттық құндылықтардың-бала тәрбиесіндегі маңызы» тақырыбында қалалық семинар өтті.

Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халықпыз.  Ал осы жолда ұлттық сипат беру- ұлт болашағын ойлаудан туған даналық.  Ұрпақтың дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл, болуы ұлттық тәрбиемен сусындағанда ғана бойынан табылары шындық. Демек,  баланың болашағын қалыптастыруда – ұлттық тәрбиенің алар орны ерекше. Ана тілін, тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмей өскен талай жастың адасып жүргені бүгінгі күннің қасіреті…
Өткенге өксімес үшін балабақша қабырғасынан бастап бала тәрбиесіне өз дәрежесінде мән берсек, көшет кезінде баптап түзу өскен ағаштай өз жолын білер ұрпақ өсіп жетілмек.
Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек. Екінші баланың табиғатын біліп, көңіл-сарайын танитын адам болуы керек, Баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы керек» деген екен. «Жауқазын»  балабақшасының ұжымы бізге осыны көрсете білді.  Музыка залы қазақтың киелі киіз үйіндей безендірілген. Шаңырақ астында дөңгелек жер үстел маңына ұлттық қолөнер бұйымдарымен қазан-ошағы, құрал сайманы мен ұлттық аспаптары, тербелмеген қазағым жоқ ұлттық мүлік, алтын ұя бесікке дейін қойылған…
Көз тартар сұлулық, кең залда жайылған оюлы көрпешелерге жайғасқанда адамда болар күй басқа… Біз зәру орта міне, осы…
Әр топ қазақи нақышта безендірілген . Үшке бөлінген оқу қызметтерін келген қонақтар толығымен көріп шықты.
Әуелі тәрбиеші Ақмұрзаева Айнұр Асылбекқызы «Текемет басу» салт-дәстүрін «Қырмызы» ересек тобының тәрбиеленушілерімен бірге көрсетті. Ақгүл апаларына қонаққа келген ұл-қыздар  жүн түтіп, оны түрлі түске бояп тәрбиешілерімен бірге «текемет басып» шықты. Еркіндікпен әрбаланы қалыс қалдырмай қатыстырған тәрбиешімен шәкірттердің жұмысы көзалдымызда дайын болды.
Тәрбиеші Ерлан Еркегүлдің «Зергер» оқу қызметінде ұлттық бұйымдар туралы балаларға таныстырудан басталды. Сынып бөлмесі мұражай етіп дайындалған.  Ат-әбзелдері ертоқым, қамшы, жүгенді балалар қолдарымен ұстап көріп атауларын жатқа айтады.
Әшекей бұйымдар білезік, сырға, шолпы, тақия бұл балабақша тәрбиеленушілеріне таныс дүниелер.
«Зергер аталарына» арналған сәукеле мен қамшыны балалар өз қолдарымен жасады. Топпен жұмыс жасау тәрбиешінің әрбалаға мүмкіндік беріп қадағалауы өте жақсы.
Семинарға қатысушыларға ерекше әсер қалдырған білікті  тәрбиеші Илипбаева Гульнар Бейсенбаевнаның «Алтын сақа» ұйымдастырылған оқу қызметі болды. Сынып ішіне қатар қойылған парталарда отырған шәкірттер тәртіппен жұмыс жасайды. Тыңғылықты дайындық, күнделікті өткізілетін жүйелі жұмыс бірден көрінді. Оқу қызметінде балалар  интербелсенді тақта арқылы жасырынған асықтардың  жатыстарын жатқа айтса,  онға дейінгі санды  апта аттары,үш жұрт, үш байлық, үш би, үш дана, үш арыс, үш қуат, үш асыл, төрт тұлға, төрт құбыла, төрт маусым, бес жаратылыс, бес қатер,алты асқар, жеті күн, жеті ата туралы мәліметтермен жеткізгенде отырған жұрт таңқалды. Байырғы қазақтың өлшем бірліктері шымшым, шөкім, бір уыс, қос уыс, құлаш, жарты құлаш, қарыс, елі атауларын баланы қойғанда кей үлкендердің өзі білмесін айта кеткім келеді. Нағыз ұлттық құндылықтарға құрметпен қарау,  сол арқылы баланың логикалық ойлау қабілетін, танымын, зейінін, тез ойлауын, шапшаң есептеуге деген қызығушылығын ояту деген осы.  Балабақша қабырғасындағы талай әріптестеріне үлгі болар Гульнар Бейсенбайқызының жұмысын көруге шақырғым келеді.
Семинар қатысушыларын тағы бір таңқалдырған тәрбиеші Калиякасова Гүлзат Аманбайқызының ойын терапиясы. «Бес тас», «Тоғызқұмалақ», «Асықты» педагогтармен жарыса ойнаса, бұл күннің ең өтімді ойын түрі ешкімнің есінде жоқ «Ала қозым» ойыны болды. Балаларға қызықты ойын түрін осы ұжымнан үйрену керек.
Шәкірт пен ұстаздан құралған «Жауқазын» ансамблі мүшелері тәрбиешілер Нұқ Ақмарал,Шуахбаева Айсұлу Мейрамбекқызы, Ануарбекова Ажар Серікқызы «Гүлдерайым» халық әнін орындады. Жас ақындар «Қырмызы» тобынан Алек Гүлайым, «Лалагүл» тобынан Айдосұлы Нұрбек бала айтыстың тамаша түрін көрсетті. Тілдері жаттық, ойларын анық жеткізе алатын балғындардың өнерлері үстем болсын. Әнші балапан Ахметжанқызы Нұрдананың «Қазақ қызы» әні көрерменге рух сыйлады. Семинар соңында сөз алған №15 «Дарын», №9 «Күншуақ»  балабақшаларының меңгерушілері Макамбаева Альфия Жанатқызы, Гусманова Толкын Кадырбаевна, №94 «Сұңқар», № 91 «Еңлік» балабақшаларының әдіскерлері Кусаинова Индира, Куркенова Айзат Қайырбековна балабақша ұжымына шексіз алғысын білдірді. Қиындығымен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолдағы еңбектеріне жеміс тілеп семинардың тақырыпқа сай өз дәрежесінде өткеніне оң бағаларын берді. Көп нәрсені ойға түйіп, «қоржындарын» толтырып қайтып бара жатқандарын жеткізді.
Тағылымы мол тәлім тәрбиелік мәні бар, қазақтың ұл-қызын тәрбиелеу жолында үлгі болатын  ұжымның еңбегін көп болып көргенде шіркін дейсің…..Әріптестеріне қолдау көрсете білу, жақсы дүниені дәріптей алу кісіліктің белгісі….
Семинарға қатыспаған әріптестеріне құнды дүниені қолдан жібергендерін айтқым келеді.
Ақын Мағжан Жұмабаев  «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген екен. Осы жолда ұжымның бір кісідей бірлесе жұмыс жасауына қолдау көрсете білген балабақша меңгерушісі Міншарипова Гүлнур Исламқызы, тәрбиешілерге дұрыс жол сілтей алатын тәжірибелі маман ұлтым деп соққан жүрегі бар әдіскерлер Байболова Шекер Орынтайқызы, Койшина Гүлжанат Ахмадиевнаға еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер дегіміз келеді. Ұрпақ жолындағы өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, ойы өткір ұжыммен бірлесе жасап жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Білім мен қоса ұлттық тәрбиенің таразысын тең ұстай білген №92 «Жауқазын» балабақшасындай білім ордасы көп болғай.

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.